ЖЕТІТӨБЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ «ЖУАЛЫМ – ҚҰТ МЕКЕНІМ!» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ.

Жуалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай, Жетітөбе ауылдық округінде «Жуалым – құт мекенім!» фестивалі өтті.

Фестивальге аудан орталығынан аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова, аудандық мәслихаттың төрағасы З.Бүрлібаев, «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы С.Жұмашев, Жуалы ауданы әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Қ.Ғалиұлы, халық қалаулысы депутат Қ.Наушабаев қатысты.

Дәстүр бойынша фестиваль көрмелер қатарын таныстырумен шымылдығын ашты. Шыңбұлақ ауылдық клубы «Аяла» би үйірмесінің, «Қуыршақ» театрының, «Алтын ине» қолөнері үйірмесінің жұмыстарымен таныстырды. Қоңыртөбе ауылдық клубы «Шалқыма» би, «Сырлы моншақ» қолөнер үйірмелерімен таныстыруды жалғастырды.

Шыңбұлақ, Кәріқорған, Қоңыртөбе аулының кітапхана қызметкерлері «Жұлдызы жанған — Жуалы» кітап көрмесін жасақтаған. Тағылымы мол мазмұнды М.Ахметтің «Бәйтеректің бұтақтары», М.Құттыбаевтың «Ұлағатты үш ұрпақ» кітаптарының желісін әңгімелеп берді. Ауылдық округтің мақтанышына айналған Сатылғанов Диханбек Жанқоразұлының, Қойбақов Сейітжан Мелдебекұлының өмірдеректері көрмеге көрік қосты. Сонымен қатар, кітаптар инсталляциясын пайдаланып, «Жетітөбе» деген сөзді көрнекі етіп жазып қойған.

«Кимешек» ұлттық байқауынан бас жүлде алған әжелер қонақтарға бауырсақ, қымыздан дәм ұсынып, қонақжайлылық белгісін танытты. Ары қарай, қуыршақ театрының «Бауырсақ» қойылымы тамашаланды. Қойылымда өнер көрсететін қуыршақтар көрмеден орын тапқан.

Шыңбұлақ аулының «Балдәурен» балабақшасы «Қазақы бұрыш» көрмесінің, Қоңыртөбе аулының Д.Пахомов атындағы орта мектебі қолөнер бұйымдары көрмесінің таныстырылымын жасады.

Ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалмаған. Ауыл балалары шахмат, тоғызқұмалақ, қазақы күрес ойындарымен шұғылдануда. Дене сергектігін, ой зеректігін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыратын – спорт.

Жас суретшілер «Жуалы – 95 жыл» тақырыбында сурет салып, армандарын бейнелеуде. Бүлдіршін балақайлар ойын алаңшасында алаңсыз ойнауда. Фестиваль көркі балалар қуанышымен ажарлана түскендей!

Фестивальге қатысқан қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, тарих қойнауынан сыр шертті. Бүгінгі күнге дейінгі атқарылған игі жұмыстарға алғыстарын білдірді. Ауылдық округтің гүлденіп, әл-ауқатының көтерілгені, тұрғындарға жағдай жасалғаны ерен еңбектің жемісі,- деп бағалады ауыл ақсақалы.

Жуалы ауданы