Қазандық Қысқа Қауқарлы
Жаз мезгілі өтіп, күз келіп, күн суығанда тұрғындар қалың киімін қамданып, қара суыққа қарсы тұруға қарекет жасайды. Қазан айында әдеттегідей көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріліп, қала халқы ыстық суға қол жеткізіп, бір марқайып қалады. Жылу мен ыстық суды үйлестіріп, қамтамасыз ететін аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қызметі тұрғындар үшін маңызы өте жоғары.
Осы орайда, «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қысқы маусымға дайындық барысы туралы аталмыш мекеменің директоры А.Абиловты әңгімеге тартқан болатынбыз.
— Бүгінгі таңда,-деді А.Абилов,- «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорны қаладағы 97 көпқабатты тұрғын үйлерге, 72 жеке тұрғын үйлерге, 7667 абонентке яғни 20084 қала тұрғынына (жылу алатын 6345 абонент), 41 бюджеттік мекемеге, 29 өзге де заңды тұлғаларға және 374 кәсіпкерлік нысандарға коммуналдық қызмет көрсетеді. Үстіміздегі жылы 5 шағынаудан №18, 19 көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 2023-2024 жылыту маусымына дайындық барысы өте тиянақты жүргізіліп жатыр. Жалпы қазандық жылыту маусымына 80 пайыз дайын. Қазандықтың ішінде күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Атап өтсек, электр кабельдері ауысып, подстанцияның құралдары жөнделді. Енді қосалқы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. 2023-2024 жылдардағы жоспарға сәйкес, қазандықтарды ауыстыру мақсатында Германияның «BOSS» компаниясы арқылы арнайы құрылғыларды орнату үшін тапсырыс әзірленіп жатыр. Оған аудандық әкімшілік те қарымды қолдау көр-сетуде. Аталмыш құрылғыда 4 су қазандығы, 1 бу қазандығы жұмыс жасайтын болады. Бүгінгі таңда жылыту жүйесіне қажетті мазуттың бағасын анықтап, тендерге ойнату үшін 12 938 тоннаға өтінім дайындап жатырмыз. Айдың ішінде бұл жұмыстар толық аяқталып, мазутқа қол жеткіземіз деп сенімді түрде айта аламын. Биылғы таңда ешқандай кедергі жоқ. Яғни үстіміздегі жылы ыстық су мен жылу жоспарға сәйкес іске қосылатын болады.
Байқағанымыздай биыл атқар-ылған жұмыстар көлемді. Қатал қыста дайындық жұмыстарына барлық мүмкіндіктер жұмылдырылуда екен. Сөз барысында кәсіпорын басшысы қала тұрғындарының бірқатары ыстық су, мұздай су мен жылудың ақысын төлеуде салғырттық танытатынын да айтты. Бүгінгі таңда, тұрғындардың дебитерлік қарызы 39 млн. теңге болды. Бірқатар азаматтардың қарызға селқос қарауынан сотқа ісі жөнелтіліп жатыр. Осы орайда, қаланың инфрақұрылымын дамыту мен жоспарлардың сапалы жүзеге асуы үшін төлемнің уақытылы төленуі аса маңызды іс екені белгілі. Өзіміздің пайдаланып жатқан қызметіміздің ақысын төлемеу аталмыш мекемеге қаншалықты шығын келтіретінін де білеміз. Сондықтан, төлем жасауда тоқырап қалмау қажет.
Қорыта айтқанда, қылышын сүйретіп қыс келсе қазандығымыздың қақпағы мықтап бекініп, тоқтаусыз жұмыс жасауға тас-түйін дайын болып тұр. Желді желтоқсан, қытымыр қаңтар мен аңтарылған ақпанда көңілге қаяу салмай арқаны кеңге жаюға болады. Себебі, тындырымды тірлік көп. Қым — қуыт шаруаның оң шешілгенін көріп, бойымыз ғана емес көңілімізде жылынып қалғандай.
Ендеше, қаламыздың басты жылу ошағы қазандығымыз бүтін болып, түтініміз түзу шықсын дегіміз келеді.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»