Маңызды мәселе – отбасы татулығы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берген еді. Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне түзетулер заңды күшіне енген болатын. Өзгеріске енген заңнамаға сәйкес енді полиция тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырған. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Отбасылық жанжал үшін жауапкершілік күшейтілді. Таразда бір айда отбасына ойран салған 380 адам әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартылыпты.
«Табалдырықтан биік тау жоқ». Расында табалдырығын заңғар тау санайтындардың ошағының оты суымайды, сөнбейді. Шаңырақтың биіктігін, босағаның беріктігін, керегенің кеңдігін тілеген әрбір азаматтың отаны шағын ғана отбасынан басталады. Ал, әрбір шаңырақтың ұйытқысы – әйел деп білеміз. Осы тұста «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деп те түйген.
Үйдің егесі тәртіп пен қағидаға мән берсе, әйел – шеге, әрбір тірліктің табиядай таза, отбасының әр мүшесінің қарны тоқ, тіпті уайымының жоқтығын білу де әйелдің мойнына жүктелген міндет. Осы тұста келін жөн-жоралғыдан аспай, төрге озбай жүріп те, ақ пейілімен-ақ талай тірлікті тындыруы шарт. Бір шәугім шайды дастарқан басында тату-тәтті ішіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білу де осы әйел атаулыға келіп тіреледі.
Бауыржан Момышұлы атамыздан «Бауке, айтыңызшы өзі, жер бетінде ең батыр адам кім?», – деп сұраған екен. Сонда батыр атамыз ойланбастан «Жер бетіндегі ең батыр адам ол – қыз», – депті. Оның мәнісін сұрағанда «Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі, өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп,абыз ана атанып, әулетті билейді», – деген екен.
Иә, оң босағада өскен бір үйдің еліктей ерке қызы бір-ақ күнде есейіп, жатты жақын етуге, өзге ошақтың отын түтетуге кете барады. Осы орайда «Жақсы жерге барған келін – келін, жаман жерге барған келін – келсап» депті үлкендер. Иә, қыз баласы мейірімі асып-тасқан үйге келін болып түссе, құба-құп. Кейде «Баланы – жастан, қатынды – бастан, аптасына бір арқасына қамшы үйіріп тұру керек» дейтін қаталдар да кезігеді. Бәрін бүлдіретін де солар.
Онсыз да жаңа үй, жаңа жерге үйренісе алмай, жатырқап жүрген жас келін бірде енеге, енді бірде қайын әпкеге жалтақтайды. Білмегенін жасырып, білгенін асырудың орнына масқаралап, кейде күйеуіне жамандап, жас отаудың шаттығын бұзатындар да табылады. Сөйтіп, жан-жақтан теперіш көрген келін, қашанғы бұқсын, оның да тілі шығады. Бар пәле осы тұста басталады. «Әне, сенің әйелің бүйтті, сөйтті» деген сөздің салмағы екі жасты араз қылып, тіпті екіге бөліп те жібереді. Ал, әйелін жамандай беретін үйде не береке болушы еді?! Басы ұрыс-керіс, соңы жұдырық жұмсаумен тынады. Ал, ең сорақысы, бұл қоққан-лоққы зорлық-зомбылыққа ұласып, әдетке айналып кетсе, ең қауіптісі де сол…
Жуырда шарасыздан үйінен безіп, облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығын паналаған нәзік жандылармен «Елу жылда ел жаңа» қоғамдық бірлестігі «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында арнайы семинар-тренинг өткізді.
– Дағдарыс орталығы 10 жылға таяу жұмыс істеп келеді. Бұл мекеме 27 орынға шақталған. Қазіргі таңда мұнда 8 әйел, бала-шағасымен қосқанда 23 паналаушы бар. Отбасылық зорлық-зомбылықты аналар ғана емес, сонымен қатар балалар да көреді. Сондықтан, орталықта аналармен жұмыс жасайтын психологпен қатар, балалар психологы да бар. Мекеме қызметкерлерінің алдына қойған ең басты міндеті – әйелдерді жұбымен татуластырып, отбасына оралту. Сол мақсатта жұмыс істейміз. Мұнда келген әйелдердің 60-65 пайызы үйіне қайтады, – дейді орталық директоры Жамал Қалыбекова.
Дағдарыс орталығында өткен жиынға Тараз қаласы сот актілерін жүргізу бөлімінің басшысы Ермек Кенбаев, қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Надира Әбдіразақова, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Тамара Азбекова және тағы басқа да мамандар қатысып, жанына жылу іздеген аналарға құқықтық кеңес беріп, өз ойларымен бөлісті. Заң талаптары күшейтілгелі әйеліне күш қолданып, балаларының берекесін қашырған оспадарсыз әрекеттер азайыпты. Мамандар солай дейді.
– Енді отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Қайта қайталанған жағдайда 10 тәулікке қамауға алынады. Ұрып-соғу үшін 10 тәулікке, қайталанса – 20 тәулікке қамауға алу қарастырылған. Қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін ескерту, сот белгілеген ерекше мінез-құлық талаптарын бұзғаны үшін айыппұл алынып тасталды. Биыл 1 шілдеден бастап отбасы-тұрмыстық қатынас саласында Тараз қаласы бойынша 408 хабарлама келіп түсті. Әкімшілік заңнамасына сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынас саласында құқыққа қарсы әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке 360-тан аса тұлға тартылды. «Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер» жасағаны үшін 170-тен аса тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің «Отбасы саласында «қасақана денсаулыққа жеңіл деңгейде зиян келтіру» бабы бойынша – 16, «Ұрып-соғу» – бойынша 54 тұлға жауапкершілікке тартылды. Сотпен құқық бұзушылардың мінез-құлқына 3 айдан бір жылға дейінгі мерзіммен 9 тұлғаға қатысты ерекше талаптар қойылса, Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 10 шақты азамат тартылды, – деді Надира Әбдіразақова.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.