Тұрар Рысқұлов оқыған мектепте…
Халқының қамы үшін өз өмірін, жанын құрбан еткен қазақтың қаһарман ұлдарының бірі Тұрар Рысқұлов оқыған білім ошағы бүгінде мұражай ретінде көпке таныс. Бала Тұрар 1907-1910 жылдары өзіндей қоғам қайраткерлері Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаевтармен бірге Меркі ауданындағы орыс-түземдік мектебінде оқыған. Туған елі үшін ештеңеден аянбауды көздеген мұраты бір қатарластардың сол жерде тағдырлары тоғысқан. Ер есімін елі ұмытпайтыны рас, кейін олардың үшеуін де халық «қоғам қайраткері» деп таныды.
Үш бірдей арысты оқытып, тәрбиелеген, асылдардың ізі қалған мектеп бір жылдары қараусыз қалды. Сүйегі мықты, қабырғалары берік, қыш кірпіштен салынған мектеп ғасырдан астам уақыт өтсе де өз қалпын жоғалтпаған. Бірақ, терезелері сынып, қабырғалары мен шатырынан су тамып тұрғанын көрген жамбылдық жанашырлар баспа беттерінде, әлеуметтік желілерде жазып, көптің көңілін аудартты. Қуанарлығы сол, Меркі ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы үкімет қаулысымен қайта жөнделіп, тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне алынды. В.Савва атындағы №9 жалпы білім беретін мектеп-лицейде «Тарихи- өлкетану» мұражайы болып ашылды.
Бүгінде мұнда мектеп оқушыларының «Тұрартану» клубы жұмыс істейді. Жас ізденімпаздар осы мұражайда тарихи деректермен танысып, ғылыми жоба дайындайды. Ауданға келген қонақтарға осындағы оқушылар мұражайды өздері таныстырады.
– Оқушылардан құралған «Тұрартану» клубының мүшелері мектебімізге келген қонақтарды мұражайға саяхат жасатып, ондағы деректермен таныстырады. Мұнда қонақтарға арналған қолтаңба дәптері бар. Мұражай қабырғасына суреті қойылған ұлы тұлғалардың өмір жолы, қызметтері, шығармашылығы туралы білу, баяндау – біздің басты мақсатымыз. Жылда қазақтың біртуар азаматы Тұрар Рысқұловтың туған күніне орай «Дара тұлға Тұрар» атты дөңгелек үстел өткізіліп тұрады. Онда бүгінге дейінгі анықталған деректермен қоса, оқушылардың ізденіспен әзірлеген еңбектері де баяндалады. Біз осындай жұмыстар арқылы өскелең ұрпақтың бойында өз елін, Отанын сүйетін патриоттық тәрбиенің дәнін себуді мақсат етеміз, – дейді В.Савва атындағы №9 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Анисова.
Түркі халықтарының тәуелсіз, біртұтас Түркістан республикасы идеясы авторларының бірі Тұрар Рысқұлов оқыған бұл білім ордасы 1860-1870 жылдары салынған. Назгүл Төлендіқызының айтуынша, бала Тұрар әкесі он жылға Сахалинге жер аударылған соң ол Қырғызбаев деген жалған фамилиямен туыстарының қолына келіп, Меркіде мал бағады. Нағашысы оны осындағы орыс- түземдік бастауыш мектепке оқуға береді.
Әділетсіздікті көп көрген әкесі Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіріп, қамалып, түрмеде жатып жалғыз ұлына өштенгендердің зияны тиер деген қауіппен қасына алдыртқан. Содан «түрме баласы» атанған Тұрар түрме үйін сыпырып, бастықтың қызын атарбамен мектепке тасып жүріп, орыс тілін үйренген. Сол білгенін Меркідегі мектепте одан ары дамытуға мүмкіндік туған. Мұндағы ұстазы Иван Андреев әйелі екеуі Тұрарға сабақ берген.
Тағдырлары талай сынаққа салса да туған елінің мүддесін бәрінен биік қойып, бүтін қазақтың тәуелсіздігі, бақыты үшін өздерін құрбан еткен қайраткерлердің табанының табы қалған мектепте қазір 1670 оқушы білім алуда. Олардың да болашақта Отанын қалтқысыз сүйген хас батыр болып өсеріне сенеміз. Мектептегі мұражай да балалардың рухын көтеріп, отаншыл болып өсуіне септігін тигізері сөзсіз.
Қамар ҚАРАСАЕВА.