Темірқанат тұлпарды тізгіндеген…
Қазақстанның еңбек сіңірген ұшқышы Орынбек Жорабеков әуе кеңістігінде 27249 сағат сапарлаған екен. Алғашында «АН-2» ұшағымен егістікке дәрі шашқан, жолаушылар тасымалдаған. Одан кейін «ЯК-40», «ТУ-154» күмісқанат әуе кемелерімен әлемнің көптеген елдерінде болды. Экипаж командирі Орынбек Жорабеков әр рейске жоғары жауапкершілікпен дайындалатын. Соның арқасында діттеген жеріне уақтылы, сәтті ұшып барып жүрді. Бүгінде абыроймен зейнеткерлікке шықты.
– Біздің заманымызда ата-ананың айтқанынан шығу деген жоқ болған. «Қазір балалар ата-анасын тыңдамайды» деуден аулақпын. Дегенмен, ата-ана ақылына құлақ асу – аз. Көріп жүрміз, жастар көбіне өз дегендерімен жүреді, – дейді өзі ой бөліскен сәттерінде.
Ия, баласының ұшқыш болуына Жорабек ақсақал қарсы болғаны рас. Рұхсат беру тұрмақ, ол жайлы сөйлескісі де келмеген.
– Өмір бойы машина айдап асырап жеткіздім сендерді. Жерде жүріп-ақ несібеңді теріп жеуге болады ғой. «Аспанға ұшамын» дегені несі-ей! – деп бір-ақ қайырған қария. Ал, Орынбектің арманы – ұшқыш болып аспан әлемін шарлау. Әкесінің көнбесін білген Орынбек ортаға Күлтән әкпесін салған.
Қазақтың қыздың сөзін жерге тастамайтынын білетін ол Күлтән әкпесінің алдына арманын жайып салған. Әкпесінің де ұшқыш мамандығы жайында түсінігі шамалы. Бірақ, інісінің көңілін қия алмаған.
– Бар күнің осы балаға қарап қалған жоқ. Құдайға шүкір, басқалары да бар. Орынбекке рұхсатыңды бер! Шын ықыласыңмен бер! – деп батыра айтты ағасына Күлтән әпкесі.
– Барса, барсын. Бердім батамды! Бірақ, елде жоқ мамандықты таңдағанын қаламағаным рас. Ендігі жерде сен үшін қиыла сұранған әпкеңнің тілегін жүзеге асырып, бір жерден шығатын бол!
– Рұхсат, бұйрық райында әрі тілектестікпен айтылған осы сөз Орынбектің жігерін жанып, жауапкершілік сезімін селт еткізіп, ынта-ықыласын арттыра түскен.
1967 жыл. Әкесінің рұхсатын алысымен құжаттарын түгендеп Алматыға аттанған. Кеңес Одағының әртүрлі аймақтарындағы ұшқыштар дайындайтын оқу орнында оқуға ниеттілер алдымен осында келіп құжат тапсыратын. Комиссия төрағасы – екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов. Батыр ағасы Орынбектің құжаттарын бір шолып шығып, мектепті үздік бітіргеніне ризашылығын білдіріп, Украинаның Кременчуг қаласындағы ұшқыштар мектебіне баруға кеңес берді. Ұлы адамның айтқан ақылын батамен бірдей көріп, Талғат ағасынан бата алғандай болып аттанған Орынбек онда 1,5 айдай дайындық курсынан өтіп, енді оқуға кірісетін кезде өзін тікұшақшылар тобына жазып қойғанын білді. Ал, оның арманы – азаматтық авиация.
«Тікұшақшылардың айлығы көп болады» дегенге келіскен жоқ, құжаттарын қайтарып алды да, өзімен ойлары орайлас жігіттерден топ құрап, Одақтағы басқа авиация училищелерін шарлап кетті. Бір жақсысы – курсант үлгісіндегі киімі бар талапкерлерге самолетте ұшу тегін. Тоқтаған жері – Саратов қаласындағы Краснокут азаматтық авиация училишесі.
Жүрек қалауымен оқыған оқу – қызықты, атқарған жұмыс – жемісті. Училищеде озаттар қатарында оқыған Орынбек Жорабеков оқуын бітірісімен Жамбылға тартқан. Өз бетімен кету қайда! Сәті түскенде Жамбыл әуежайынан бір адамға түскен тапсырыс бар екен, соған ие болды.
Мына сәйкестікке қараңыз, Орынбек аттанғанда анасы «Ләжі болса, оқуыңды бітірген соң елге орал» деген өтініш білдірген баласының бетінен сүйіп тұрып. Сонда Орынбек алда қандай жағдай болатынын білмесе де, анасының көңілі үшін «Апа, міндетті түрде ауылға қайтамын» дей салған. Құдай шебер, сол уәдені сәйкестендіріп тұрғанына қалай таңданбассың.
Оқу орнынан Сібірге, Қиыр Шығысқа «сатып әкетпекші» болғандар да бар. Бәрі де айлықтың көптігімен қызықтырғысы келеді. Анасынан ақша артық па?! Құдай сәтін салып, анасының өтініші орындалғалы тұрғанда Орынбек ондайға тірі көнсін!
Сөз басында айтқанымыздай, алғашында «АН-2»-ні айдаған жас ұшқыш 7 жылдан кейін ғана «ЯК-40» самолетінің рөліне отыруға қол жеткізген. Онда да жоғары ұшқыштар мектебін бітіргеннен кейін. «ЯК-40» – өте ұшқыр ұшақ. Оны «жүргізу» шеберлікті, әбжілдікті, жылдамдықты және тез әрі шұғыл шешім қабылдауды талап етеді. Осы талаптан шыққан Орынбек «ЯК-40»-пен Қазақстанның, басқа да одақтас республикалардың біраз өңірлерін шарлаған. «Машинасы» ұятқа қалдырған жоқ.
Әбден толысып, мол тәжірибе жинақтаған ұшқыш Орынбек Жорабеков «ТУ-154» әуе кемесінің рөліне 1991 жылы отырды. Бұл – үлкен сенім, жоғары жауапкершілік. Әуеге әр көтерілген сайын жауапкершілікті сезіне түсесің. Өйткені, сен әуе лайнері бортындағы 164 жолаушыны бара жатқан жеріне аман-есен жеткізуің керек.
«Аман-есен жеткізу» дегеннен шығады, бірде Шымкенттен Сирияға бағыт түзеген. Жолай жанармай құйып алу керек. Әйтпесе, бакта 10 тонна ғана керосин бар. Ол ұзаққа жетпейді. Жолай аспанды қалың тұман басып Чарджоу, Самарқан қалаларындағы әуежайларға қона алмады. Рұхсат жоқ! Содан тіке Ашхабадқа тартуға тура келген. Жанармай жетпей қалуы да мүмкін.
«Сонда қатты қорықтым. Жолаушыларымды Ашхабадқа аман-есен жеткізуге мұрсат бере көрші!» – деп тілек тіледім Құдайдан. Сенесіз бе, 1 сағат 20 минутқа есептелген май 1 сағат 45 минутқа жетті. Самолеттің дөңгелегі әуежай алаңына тигенде ұшақ та өшті. Сонда штурвалға тастүйін жабысып отырған менің өн бойымды қара тер басып кетті. Сонда мені және менің жолаушыларымды Құдай бір қатерден құтқарып қалды. Жаратушы бір құдіреттің барына күмән жоқ», – дейді Орынбек ұшқыш басынан өткен бір оқиғаны еске алып.
Қазақта қауіп-қатерден аман қалған адамға: «Құдай қаққан ғой», – деп тілек білдіріп жататын да жағдайлар болады. Орынбекті «Құдай қаққан» тағы бір оқиғаның тарихы мынадай.
…1996 жылдың 11 қарашасы. Шымкенттен Үндістан астанасы Делиге ұшқалы тұрған «ИЛ-76» ұшағына хаттама бойынша экипаж командирі болып Орынбек Жорабеков бекітілген. Ұшақ ұшу жолағында тұр. Осы кезде Черепанов деген әріптес досы осы рейспен ұшып барып келуге өтініш жасағаны. Алғашында келіспеген Орынбек қайта-қайта сұранған досының көңілін қимай, көнді-ау ақыры. Орынбектің орнына 28 жолаушысы бар «ИЛ-76»-ны тізгіндеген Черепанов Индияға ұшып кете барған.
Таңертең қалыптасқан әдетпен радионың таңғы жаңалықтарына құлақ түрген Орынбек бір сәт қаққан қазықтай қалшиып тұрып қалған. Радио: «Командир Орынбек Жорабеков басқарған ұшақ Делиде апатқа ұшырап, ұшақтағылардың бәрі қаза тапты», – деп ұрып тұр. Орынбектің қалшиып қатып қалған себебі сол. Бір сәт есінен танып қалғандай.
– Үйге қоңырау шалып көңіл айтқысы келген достарым менің даусымды естігенде «Қайдасың?» дейді ғой таңданып. Мен «пейіштемін» деймін әзілдеген болып. Бірақ, өз-өзіме келе алмаған әрі-сәрі күйдемін, – дейді Орынбек ол оқиға туралы.
Ұзақ жылдар «Аir Қазақстан» авиакомпаниясында әуе лайнерінің экипаж командирі болған ұшқыш Орынбек Жорабеков әлемнің 100-ден астам елінде болып, сол елдерге жолаушылар тасымалдаған. Сол елдердің дәмін татқан.
Бір міндетті мәселе – шетелдерге ұшатын ұшақты тізгіндеген ұшқыш ағылшын тілін білуі керек. Талап сондай. Орынбек өз қаражатына оқытушы жалдап, ағылшын тілін үш ай оқыған. Жады жақсы қабілетінің арқасы ғой, осы үш айда біраз сөздер үйренді. Жөн сұрасар, жағдай білісер, «нан сұрап жейтіндей» ағылшыншасы бар.
Ол кісі шетелдерге барғанда, ұшақты әуежайға қаңтарғаннан кейін, қонақүйге жайғасып, онан соң әкесі сыйлаған қазақша ою-өрнекті шапаны мен тақиясын киіп көшеге шығады. Әрине, «қазақ кездесіп қала ма» деген оймен ғой.
Кездесті. Орынбектің үстіндегі ұлттық киімдеріне қарап қазақ екенін білгендер амандаса салысымен, бірден үйлеріне қонаққа шақырады. Қайран, даладай дархан қазақы пейіл! Мұндай қонақжайлылық, дархандық, бауырмалдылық ешкімде жоқ қой. Жоқ!
Ондайда Орынбекті осындай мақтаныш сезімі билейді. Мақтанса, мақтануға тұратындай халық қой – біздің қазақ халқы.
– Әсіресе, Түркия, Германия, Тайланд, Оңтүстік Кореяда жолыққан қазақтарда бауырмалдық басым. Мен халықаралық рейстерге 1991 жылдан бері қарай ұша бастағанмын. Бәрінің сұрайтыны – елдің жағдайы, өз алдына тәуелсіз мемлекет болған Қазақстандағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі. Жай қызығушылық емес, тарихи отандағы бауырлары мен қандастарына деген шынайы тілектестік аңғарылып тұрады сөздерінен.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ халқының басында ауыртпалықтар болғаны шындық. Тәуелсіз, егемен ел екенімізді сезіну ғана сол қиындықтарды жеңуге әсер еткені де айдай анық. Өзімізге аяушылық сезім тудырмас үшін оның бәрін жайып салған жоқпын. «Жақсыны асырып, жаманды жасырып» әңгімелейтінмін. Өйткені, шетелдерде тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршіліктері жақсы. Германияда бір қазақтың үйінде болғанда соны аңғардым. Оңтүстік Кореяда Есенбек атты таксист жігіт, үйіне бармайтынымды білген соң, қаланы тегін аралатуға тілек білдірді. Таксист деп қораш санайтындай емес, жағдайы жақсы екені көрініп тұр. Бәрінің де Қазақстан туралы білгісі келеді, бәрінде де «Қазақстан» деген тарихи отанға сағыныш бар.
Германияда бір кейуана кезіккен. Үстінде қазақы камзол, басында ақ жаулық. Неміске тұрмысқа шыққан қызының қолында тұрады екен. Кезінде Қазақстанда отау құрған «интернационалдық отбасы саясатының салдары-ау», – деп шамаладым. Қарағандыдан болуы керек, Қарағанды туралы көп сұрады. Елге деген сағыныштан ғой, көшеде тұра қалып қазақша «әу» деп әндетіп те жіберді, – дейді шетелге ұшып барған сапарларындағы кейбір оқиғалар туралы.
Орынбек ұшқыш шетелдерден Қазақстанға қайтқан қандастарды көп тасымалдаған. Солардың егделеу жасқа келгендерінен елге неге келе жатқандарын сұрағанда көпшілігі: «Қазақстанда өлуге, сүйегім ата-баба топырағында қалғанын қалаймын!» – дейді екен ашығын айтып. Бұл – көп халықта жоқ нағыз қазақи қасиет.
Орынбек Жорабеков «Air Қазақстан» авиакомпаниясында 1996-2004 жылдар аралығында ұшу тобының командирі болған. Оның рейстерді бөлуде, жас ұшқыштардың білімдерін жетілдіруде, ұшу қабілеттерін тексеруде өзіндік рөлі бар. Талай шетқақпай көрген қазақ жастарын білімін жетілдіру курсына оқуға жіберуге, кейбіреулеріне шетелдерге рейс алып беруге топ командирі Орынбек барын салатын. Қазақ жігіттері қабілетті ғой. Бірақ, кейбіреулерінде батылдық жоқ. Ондайда Орынбек ағалары – қайрақ. Батыра-батыра айтып, қайрап жібереді. Үлкендігін жасап ұрсып та алатыны бар. Ең бастысы – қамқоршы, арқасүйер аға.
«Батаменен ер көгерер», қояр да қоймай жүріп әкесінің батасын алған Орынбек оқуын қосқанда, азаматтық авиацияға 47 жыл ғұмырын арнапты. Оның көпшілігінде әуе кемесін тізгіндеген. Біразында тәлімгерлік-нұсқаушылық қызмет атқарып, жас ұшқыштарды тәрбиелеген.
Қазір Орынбек Жорабеков Тараз қаласының әуежай аймағында тұрып жатыр. Өзі пір тұтқан ағасы Талғат Бигелдинов атындағы көшеде. Әуежай аймағындағы бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы. Қашан көрсең, Тараз қалалық ардагерлер кеңесімен тізе түйістіріп, тұрғынжай аумағындағы ардагерлерге, әлеуметтік мәселелерге қатысты түйткілді түйінді шешуге атсалысып жүргені.
Ұшқыш Орынбек Жорабековтің еңбекте, қызметте жақсы жетістіктерге қол жеткізуі – отбасындағы берекенің арқасы. Отанасы Ұлбосын жеңгей экономист болып қызмет атқарған. Қазір ол да зейнеткер. Жеңгеміз шаттық ұялаған шаңырақты «балалы үй – базарға» айналдырған Ана. Орынбегі үнемі сапарда жүргенде үйде отағасының әр рейстен аман-есен оралуын тілеп отыратын. Құдайдың берген 5 ұл-қызын жақсы тәрбиеледі. Ата-ананың жақсы тәлім-тәрбиесінің нәтижесі ғой, барлығы да оқып, жүрек қалауымен мамандықтар меңгерген. Барлығы да үйлі-баранды. Олардан өрбіген немерелер мен жиендер аталап, апалап шауып жүр. Олардың да ержетіп қалғандары бар.
– Сіздің жолыңызды қуған бала болды ма? – деген сұраққа: «Қайрат – осы салада», – деп қысқа жауап береді өзі.
Ия, «әке көріп оқ жонған» үлкен ұлы Қайрат Орынбекұлы Жорабеков Ақтөбедегі жоғары ұшқыштар училищесін бітірген. «Air Astana» әуе компаниясында «Airbus-320» ұшағының экипаж командирі.
Қазақстанның еңбек сіңірген ұшқышы Орынбек Жорабеков туралы айтпағымыз осы еді.
Биыл 75 жасқа толып отырған ол әлі де ширақ. Қоғам белсендісі. Қоғамдық жұмыстарға жиі араласады. Отаншыл, ұлтжанды, көпшіл азамат ортасына да беделді. Ол кез-келген құрмет пен қошеметке лайық.
Болат ЖАППАРҰЛЫ