Жаңатастық дәрігерлердің біліктілігі
Кез келген жарақат түрі адам өміріне қауіп төндіріп, түрлі қиындық тудырады. Сондай қиын сәттерде дәрігерлердің тәуекелге баруы, біліктілігін танытып, адам өмірін сақтап қалуы сол жанның тағдырын шешеді. Дәрігер үшін адамға екінші рет өмір сыйлаудан асқан мәртебе жоқ. Сондай бір қиын жағдайға тап болған науқастың өмірін жаңатастық хирургтер Қайрат Әжібеков, Ержан Досалиев және анестезиолог-реаниматолог дәрігер Дәурен Әбдіров сақтап қалды.
Түнгі сағат 02:30 шамасында ауруханаға ауыр халде жеткізілген науқасқа шұғыл көмек көрсетілді. Адам жанын аман алып қалу мақсатында алдына жан салмайтын ақ халатты абзал жандар бұл жолы да тосыннан болған жағдайға тосылмай төтеп берді.
Заманауи технология, білікті дәрігерлер және соңғы талаптарға сай жабдықталған жансақтау бөлімдері болса да, жүрек тұсынан қатты және терең жараланған науқасты құтқару өте қиынға соғады. Десе де, дәрігерлердің біліктілігінің арқасында тағы бір жан ажалдан аман қалды.
23 жастағы ер адам кеуде қуысынан пышақ жарақатын алып, Сарысу орталық аудандық ауруханасына шұғыл түрде өте ауыр жағдайда, көп қан жоғалтып түседі. Қан айналымы байқалмай, тіршіліктен қол үзудің алдында, ес-түссіз жатқан науқасты аман алып қалудың қамымен тез арада отаға дайындық басталып кетеді. Дәрігерлер жарақатты анықтайды.
Ота 1 сағат 20 минутқа созылады. Мұндай жарақаттың күрделілігі сол, жүрек соғуын тоқтатпай жарақатты тігіп шығу керек. Ұзаққа созылған күрделі хирургиялық араласудан соң, дәрігерлер қан кету қаупін жойып, гемодинамика қалпына келеді.
– Науқастың ауруханаға тез жеткізілуі оның өмірін сақтап қалды. Ол жарақаттан кейін ес-түссіз күйде қабылдау бөлмесіне жеткізілді. Осы уақыт ішінде ол қанының жартысынан көбін жоғалтқан. Менің хирургиядағы 36 жылдық тәжірибемде мұндай бірнеше жағдай болды. Біздің міндетіміз – науқасқа көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалу. Жасалған операция сәтті өтті. Ол «жейдеде» дүниеге келген адам. Бүгінде оның жағдайы тұрақталып, өміріне төнген қауіп сейілді, – дейді аудандық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Қайрат Әжібеков.
Көбінесе медицинаға жүгінгенімен, жүрек пен өкпенің мұндай жарақаттары өліммен аяқталады екен. Ал, жүрек тұсынан жарақат алған ауыр халде ауруханаға түскен адам дәрігерлердің жылдамдығы мен біліктілігінің арқасында дүниеге екінші рет келді десе де болады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ