ОЙ САЛАТЫН КІТАП

Ойға қонған ой өлмейді. Ал ол тасқа басылып, кітап болып тараса, ұрпақтан ұрпаққа жететін құндылыққа айналады. Қолымызға тиген кәсіби журналшы Серғазы МҰХТАРБЕКТІҢ “Ойтүйін” атты жинағы осыны аңғартты.
Мейлінше ыңғайлы форматтағы кітапта әдеттегідей өмірбаян өбектеліп, атқарған қызмет тізбеленбеген. Алпыстан асқан жасын бұлдап, ақыл айтып оқырманды мезі қылмайды. Ой толған отызынан бері қоғамға, баршаға әділеттілік пен шындық хақында жазып келе жатқан замандасымыздың азаматтық ұстанымы да осал емес. Өзекті!
Шығармашылығының мәуелі шағында жазған-сызғанын бір кітапқа тоғыта салмай, ішінен сұрыптап асылын, інжу-маржанын ғана ұсыныпты. Нақтырақ айтсақ, кең ойлап, кемін де өзі айтуға машықтанған баспасөз білгірі Серғазы Сүндетқазыұлы уақыт сынынан өткен қанатты сөздерін нақыл нобайында түйіндеген. Әрине, атан түйеге жүк болатын пайымдары мен терең тұжырымдарын бір ауыз сөзге сыйдыру оңай емес. Кез келген қаламгерге шеберлік қажет-ақ, бірақ өзіне сын көзбен қарау — одан да ділгір. Ол үшін оқу-тоқу аздық етеді, өмірдің ащы-тұщысын татып, тіршілік мәнін ұғып, түрлі кеден-кедергіге төтеп бере алатын ерік-жігер, күш-қуат, әлеует пен зерде керек.
Мәселен, автордың мына байламдары зейінді адамның ойына қозғау салмай қоймайды:
“Арыстан ақырмаған алқапта шибөрілер шулай бастайды”,
“Бірінші кезекте керегіңді емес, қажетіңді алуды үйрен”,
“Кешірімді адамның қуаты сарқылмайды”,
“Ажалды адам жеңгенде ұрпағымен жеңеді”,
“Сенің қолыңда барды әлдекім Тәңірден сұрап жете алмай жүргенін ұмытпа”,
“Ақиқатты айту үшін аз сөз жеткілікті. Өтірікші ғана көпіріп көп сөйлейді”,
“Терең ойлы адам қарапайым тілмен және қысқа сөйлейді. Ойсыз адам сәуірде көкке шыққан мал сияқты әр нәрсенің басын шалып, шата береді”,
“Барды қанағат тұтқан адам — бақытты”,
“Ойларыңа ие бол. Болашақ қадамдарың ойларыңнан бастау алады”,
“Жақсы ойлар — жақсы көңіл-күйдің бастауы. Ойыңды тазаласаң қайғы-мұң әдірем қалады”,
“Мазарлар қайтқандар үшін емес, қайтқан пендені еске алатындар үшін тұрғызылады”,
“Қалам қылыштан өткір”,
“Басынан өтпеген адам басқаның айтқанын түсінбейді”,
“Өмірдің әр сәті — мүмкіндік, бос өткізіп алма” — нағыз маңдайшаға жазып қоятын сөз”.
Сондай-ақ қызғаныш, күншілдік, күдікшілдік, өзге де жағымсыз қасиетке байланысты оқшау ойлары әбден екшеленіп, қағазға түскен сияқты. Қайткенде де дәуірден заманның, атадан баланың ойы өзге болуында бір заңдылық бар. Өйткені, кезеңдер алмасқанда қоғамдық-саяси құрылыс, құндылықтар ғана емес, адамдардың қарым-қатынасы да, талғам-түсінік те өзгеріске ұшырайды. Тек көптің ойына қозғау салатын ұлы мәртебелі кітап қана құндылықтың жиынтығы, халықтың қазынасы ретінде қызметін жалғастыра береді. Ол ата мұрасын бүгінгі және келер ұрпаққа аманаттап жеткізеді.
Сондықтан, біз теңіздей ой-толғамының тамшысын замандастарына ұсынған Серғазы МҰХТАРБЕКТІҢ қанатқақты туындысын байыптап, автордың терең пайымы мен түзік пікіріне, жүйелі бағдары мен сындарлы талғамына қалың оқырманның ризашылығын жеткіземіз.
Жазар көбейсін, сүйіншілейтін жандар молайсын!
Дархан МЫҢБАЙ