Елге қорған егіздер
Белгілі бір қызметте отбасының бірнеше мүшесі жұмыс істейтіні таңсық жағдай емес. Алайда егіздердің бір салада қызмет атқаратыны өте сирек. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5-механикаландырылған бригадасында егіздер ел тыныштығы жолында еңбек етіп жүр. Бір балабақшада тәрбиеленіп, бір мектепте білім алып, тіпті бір әскери бөлімде азаматтық борышын өткерген ағайынды Төлеуғазиевтер бүгінгі күні бір салада қызмет атқарып жүр. Егіздердің әскери шендері де бірдей – аға лейтенант.
Жігіттер оқушы кезден әскери қызметте болуды және бір салада еңбек етуді армандаған. Сол арманына жету мақсатында Алматы қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне оқуға түсіп, оны үздік нәтижемен аяқтаған. Содан соң Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлері әскери институтына құжаттарын тапсырып, ол білім ордасын да алтын белгімен тәмамдайды.
– Өміріміздегі барлық шешімдерді ортаға салып, бірге қабылдаймыз. Бір-бірімізбен ақылдасамыз, мәселені бірге талқылап, талдаймыз. Ұзақ ойлана келе қабылдаған маңызды шешімнің бірі – мектеп қабырғасында жүргендегі таңдауымыз. Ол шешіміміз алдағы қызметтік өмірімізге үлкен септігін тигізді. Екеуміз де оныншы сыныпқа көшкенде Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» әскери училищесіне қабылдандық, – дейді Сұңғат Төлеуғазиев.
Әскер саласында қатар қызмет атқарып жүрген егіздер Абай облысының Үржар ауылында өмірге келген. Осындай маңызды шешімді 15 жасында қабылдаған ұлдар үйден алысқа кететінін, енді анасы мен әкесі және сүйікті қарындасы жанында болмайтынын жақсы түсінді. Жүректерінде қимастық сезім тұрса да олар тәуелсіз өмір сүруге талпынды.
Елімізде қалыптасқан жақсы үрдіс бар. Үздік жас офицерлерді ел Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшы арнайы марапаттайды. Ағайынды Төлеуғазиевтер осындай құрметке ие болды. Екеуі де университетті үздік бітіріп, мемлекет басшысының қолынан диплом алды. Бұл олардың өміріндегі тағы бір маңызды оқиға, ортақ қуаныш.
Әскери университетті бітірген ағайындылар Тараз қаласына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5-механикаландырылған бригадада қызмет етуге келді. Университетте алған білімдерін сарбаздарды дайындауда сәтті қолданды. Сыртқы ұқсастығына байланысты қарамағындағы сарбаздар бастапқы уақытта офицерлерді жиі шатастырып алатын.
– Алғашында біз оларды көп шатастырдық. Бірақ кейін ажырата бастадық. Мұқият қарасаңыз, бойларындағы айырмашылықты көре бастайсыз. Қазір оларды сыртқы келбетінен, дауысынан, жүрісінен бірден танимыз, – дейді қатардағы әскери қызметкер Атабек Әділбеков.
Таразға қызметке келгеннен кейін екі жыл өткенде офицер ағайындылардың қызметі жоғарылады. Лауазымдарымен бірге олардың қызметтік міндеттемелері де өсті. Қол астындағылар көбейді, жауапкершілік арта түсті. Бірақ әріптестері ағайындылардың бұрынғыдай қолбасшылық міндеттерін сәтті атқаратынына күмән келтірмейді. Өйткені олар өздерін лайықты офицер және білікті маман ретінде танытты. Ағайындылардың әріптесі, артиллериялық батареяның аға офицері, лейтенант Нұрәлім Елтай егіздермен бірге оқыған екен.
– Мен олармен Құрлық әскерлерінің әскери институтында бірге оқыдым. Егіздер маған әрқашан жылы қабақпен қарайтын. Оқуыма көмектесіп, білгенімен бөлісіп тұратын. Қазір де қолынан келгенше көмектерін аямайды. Офицер егіздер өте сауатты, зерделі, көп оқып ізденетін, тәрбиелі, мәдениетті, әдепті адамдар. Бастысы арқа сүйей алатын жақсы достар, – дейді Н.Елтай.
Жас офицерлердің әр жетістігіне Үржар ауданында тұратын ата-аналары тілектестік ниетпен шын қуанып отырады.
– Мерхат пен Сұңғат бала кезінен өздерін белсенді жігіт ретінде көрсетіп жүретін. Олар қай істе болмасын алда тұратын. Мектепте жүргенде спорт үйірмесіне баратын. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлдері орынмен оралатын. Мектептегі ұстаздары оларды мақтан етеді. Екеуінің үздік оқушы болғанын, мектептегі қызықтарын еске алып отырады. Қос құлыным біздің мақтанышымыз, – дейді егіздердің анасы Кәмшат Қойлақова.
Ағайынды Төлеуғазиевтер алдағы уақытта да тәжірибелері мен кәсіби шеберліктерін шыңдап, иық тіресе Отанға адал еңбек етуді жалғастыра бермек. Егіздер кез келген уақытта басқа өңірге шақырту алып, қызметі ауысуы, екеуі екі бөлек жерге ауыстырылуы мүмкін екенін жақсы біледі.
– Алдағы уақытта бір-бірімізден алыстайтын күн туып жатса, ол бөлек әскери бөлімде және мен басқа аймақта жеке қызмет етуге дайынбыз. Солай болды екен деп біздің байланыс үзілмейді. Өйткені біз ағайындымыз, – дейді Мерхат Төлеуғазиев.
Жуырда Сұңғат пен Мерхаттың қызметінде тағы бір маңызды оқиға орын алды. Егіздер аға лейтенант әскери шенін иеленді.
Тамыз айының басында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының оқу полигондарында взводтарды жауынгерлік үйлестіру бойынша оқу-жаттығу жиындары өтті. Сонда атқыштар арасынан егіздер жақсы нәтиже көрсетіп, жетістіктерімен көзге түсті.
Қажырлы да қайратты жауынгерлер халықтың тыныштығын күзетуде соңғы демдері қалғанша күресуге әзір. Өйткені олар сол үшін ант еткен.
Ақтоты Жаңабай
Арай газеті