» Бауыржан аллеясы » ел игілігіне берілді.
Бүгін Базарбай ауылында «Бауыржан аллеясы » пайдалануға берілді.
2021 жылы 26 тамызда Қайнар әскери бөлімшесінде орын алған алапат жарылыста ерлікпен қаза тапқан Бауыржан Дауытбаевтың есімін ел есінде қалдыру мақсатында әкесі Талғаттың бастамасымен, әулеттің қолдауымен Базарбай ауылының кіреберісіне «Бауыржан аллеясы», аллея ортасында қызыл гранит тасқа Бауыржанның есімі кашалып жазылған тас тақтаның ашылуы болды.
Айтулы шарада аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов сөз алып, осыдан екі жыл бұрын Қайнар әскери бөлімшесінде болған жарылыстан 18 жауынгердің ерлікпен қаза тапқандығын, солардың бірі — бейбіт күннің батыры, III дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, марқұм Бауыржан Талғатұлын ел жадында сақтау үшін қолға алынған игілікті істің маңыздылығын атап өтті. 28349 әскери бөлімнің командирі, подполковник Нұрлан Шеруенов, подполковник Руслан Жылқыбаев Отан үшін отқа түскен ерді, еліне қорған болған жас батырды тәрбиелеп өсірген ата — анасына алғыстарын айтты. Бауыржанның нағашылары атынан сөйлеген Серік Рүстембеков ерлікке тағзым ету мен құрмет көрсету — ұлық іс екендігін жеткізді. Бауыржан өмірден өткенімен артында қалған 5 перзентіне, отбасына жақсылықтар тіледі. Батырдың әкесі Талғат Дауытбаев қызметтік міндетін мінсіз атқарған ұлы «Жүрегінің төрінде» екендігін айтып, қиын кезде қолдау көрсеткендерге алғысын білдірді.
Үш дүркін салют атылған соң, әскери оркестірдің сүйемелдеуімен ескерткіш тақтаның ашылу жамылғысы түсірілді. Осы жерде жиналғандар батырды 1 минут үнсіздікпен еске алып, Бауыржан Дауытбаевтың аты — жөні алған мемлекеттік марапаттары қашалып жазылған тақтатасқа гүл шоқтары қойылды.
Шара соңында батыр рухына құран бағышталып, ас берілді.
«Бауыржан аллеясы» алыстан көз тартады. Аллеяның ішкі жағына гүлзарлар мен шыршалар отырғызылып, орындықтар қойылды. Аллея алаңына қырлы тастар төселген, айналасы қоршалған. Ауыл тұрғындары мен жастар саялайтын демалыс аймағына Дауытбаев әулеті 12 млн теңге жұмсаған екен.
Байзақ ауданы әкімдігі