ЖАҺАНДЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУЛАР ДӘУІРІНДЕГІ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ
Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан жаһандық үдерістердің қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен белең алуда. Алпауыт елдердің шаңында көміліп қалмас үшін елімізде белсенді түрде әлеуметтік-экономикалық, демократиялық қайта құрулар жүзеге асырылуда. Алайда, ең басты мәселе – ұлттық болмысымыздан ажырап барамыз. Қазақстандық қоғамның рухани әлеуетін көтеру — бүгінгі күннің өзекті тақырыбы.
Қазіргі жаһандық ақпараттық революция мәдениет пен руханиятты, адамгершілік пен сана-сезімді тағдыр талқысына салып отыр. Бүгінгі ұрпақтың санасына бойлай еніп бара жатқан бірегейлендірілген псевдомәдениет, моральдық деградация келешегіміздің кемел, болашағымыздың баянды болуына қауіп төндіруде. Адамгершілік құндылықтар дағдарысы, отбасының ойрандалуы, бір жынысты неке санының ұлғаюы, есірткі мен алкогольге тәуелділік, жезөкшелік, педофилия және т.б. рухани кеселдер бүгінгі қоғамның асқынған дертіне айналып отыр. Мәдени мұрамызды, ұлттық өрісімізді, өркениеттік әралуандылықты жоғалтып алу қаупі туындап отыр.
Жаһанданудың талабы осы деп, бүгінде ұлттық құндылықтарымызды шеттен келген құндылықтарға айырбастап, әлемдік өркениеттен қалмаймыз деп жүргенде, ұлтымыздың кім екенін, тарихымыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытып, тілімізден айырылып, діліміз бен дінімізден ажырап, ұрпағымыз дүбәра болып бара жатқанын байқаймыз.
Бүгінде бұл – әлемдік ауқымдағы, бүкіл адамзатқа ортақ рухани проблема. Бүгінгі таңда қазақ қоғамы да ұлт тағдыры жолындағы маңызы бар тарихи таңдаудың алдында тұр.Біз өркениеттің құндылықтарын өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізбен сәйкестендіріп, заманға сай бейімделе алсақ қана қазақы болмысымызды сақтап қала аламыз. Бірақ бүгінгі күні өскелең ұрпақ бойында еліктеу, бейімделу, ұлттық құндылықтардан безу сияқты үрдіс байқалуда. Бұл ұлттық иммунитетімізді әлсіретіп, өркениеттік жаңа «дерттер» ұлттық сана-сезімімізге зардабын тигізуде. Егер бұл осылай жалғаса беретін болса, күндердің күні ұлт деген ұғымның өзі де жойылып кетуі ғажап емес.
Түрлі деструктивтік діни ағымдар, субмәдениеттер арандатушылық әрекеттерімен жастардың санасын улап, қоғамның берекесін қашырып, салдарынан түрлі келеңсіздіктер туындауда.
Бүгінгі бала, ертеңгі қоғамның бір бөлшегі, мемлекеттің азаматы. Сондықтан да ертеңгі ел азаматын тәрбиелеу – қоғамның да, мемлекеттің де жауапты міндеті. Рухани-өнегелік тәрбие адамды моральдық азғындықтан, қоғамды рухани құлдыраудан сақтайды. Рухани жұтаңдық қоғамның бұзылуына әкеледі.
«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі ұрпақ тәрбиесі мәселесіне басты назар аударып, болашақ ел азаматтарын тұлға болып қалыптастырудағы ұлттық құндылықтардың, ұлттық тәрбиенің маңызын дәріптеумен айналысып келе жатқанына біраз жыл болды.
«Қара шаңырақ» ұлттық жобасының мақсаты – сана-сезімі қалыптасқан, елдік мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды ұштастырып, өткеніміз бен қазіргімізді сабақтастырып, ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңірген заманауи толық кемел тұлғаны тәрбиелеу, мемлекеттік идеологияның негізі болатын «Бір ел – бір тіл» идеясын насихаттау, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларды қайта жаңғыртып, жас ұрпақ санасына сіңіру.
Осы тұрғыда ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесімен айналысуды мақсат тұтқан, «Қара шаңырақ» авторлық жобасы аясында жұмыс істеп жүрміз. Сондай-ақ «Сарыжайлау» қазақ ауылы, «QAZAQ alem», «Ана алақаны», «Ертегі – ел ертеңі», «Өнегелі ата-ана – өрелі ұрпақ», «Балаңды қазақша оқыт, «Қоғам. Мектеп. Ұрпақ» жобалары да іске асырудамыз.
Елорданың көптеген мектептерімен тығыз жұмыс істеп келеміз. Мектептермен «Ұрпақ, Мектеп, Қоғам» жобасы аясында рухани-танымдық дәрістер, түрлі шеберлік сыныптар өткіземіз.Сонымен қатар, «Ертегі – ел ертеңі» жобасы аясында балабақшаларда ертегі оқимыз. Астана қаласының ата-аналар қауымдастығымен «Өнегелі ата-ана-өрелі ұрпақ» жобасы аясында рухани-танымдық дәріс-семинарлар, шеберлік сабақтарын өткіземіз. Биыл «Балаңды қазақша оқыт» деген жобаны қостық.
«Қара шаңырақтың» бірнеше авторлық патенттелген жобалары бар.
«Ана алақаны» жобасының мақсаты – отбасы институтының мәртебесін көтеру, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы жас ұрпаққа рухани-адамгершілік, өнегелік тәрбие беретін әйелдің, ананың және қазақ әйелінің озық образын қалыптастыру.
Жоба аясында отбасы құндылықтары дәріптеліп, адал жар, ибалы келін, аяулы ана, ардақты ене болудың қыр-сырын бөлісетін сұхбаттар, өскелең ұрпақтың өнегелі тәрбиесіне үлес қосатын тағылымды іс-шаралар өткізіледі. Тағы да жоба аясында «Қыз тәрбиесі – қоғам тәрбиесі» бағдарламасы іске асырылады. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Сондықтан да ертеңгі ананы тәрбиелеу – қоғамның да, мемлекеттің де жауапты міндеті.
«QAZAQ alemi» жобасы қазақ халқының тілін, мәдениетін, дәстүрін еркін форматта үйретуді, танытуды, насихаттайтын жоба.
Қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, дүниетанымын «жұмсақ саясат» арқылы дәріптеу. Мемлекет құраушы ұлттың құндылықтары арқылы еліміздегі этникалық топтардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру, тілдің қолдану аясын халықаралық деңгейге шығару. «Бір ел – бір тіл» идеясының аясында барша Қазақстан халқын қазақтың қасиетті қара шаңырағының астына жинап, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, ырысы мен несібесі артқан біртұтас рухы биік ұлтқа, мықты кемел мемлекетке айналдыру.
«САРЫЖАЙЛАУ» қазақ ауылы жобасы жас ұрпаққа қазақтың рухани құндылығын, төл мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттайтын жоба.
Жобаның мақсаты:
Ел ертеңі болар өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ұлт тарихына, ата жұртына, ата тегіне, ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятып, Отанын шексіз сүйетін және қазақ болғанын мақтаныш ететін азат ойлы, тәуелсіз ұрпақ тәрбиелеп, ұлттың санасын қалыптастыру. Қазіргі таңда әлемде болып жатқан жаһандық үдерістердің қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен белең алуда. Қазақ қоғамының рухани әлеуетін көтеру бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Балаларымыз ақпараттық құралдарға көп көңіл бөліп виртуалдық әлемде өмір сүреді. Мұндай жағдайда біз ұсынып отырған жобаның ең басты ерекшелігі – гаджетсіз рухани демалыс ұйымдастыру аясында жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру арқылы қазақы болмысты сақтап қалу. Бүгінде қоғамда қазақы дүниетанымды қалыптастыру мәселесі өте өзекті. Ал мұны тек ұлтыңның мәдениетін, салт-дәстүрлерін, тұрмыс-салтын өз көзімен көріп, тұңғиығына терең үңілген кезде ғана сезіне аласың. Қазіргі жағдайда мұндай мүмкіндікті тек этнографиялық мазмұндағы қазақы ауыл жобалары ғана бере алады. Біз ұсынып отырған «САРЫЖАЙЛАУ» қазақ ауылы жобасы осы өзекті тақырыпты шешуге арналған.
Былтырғы «Балалар жылы» аясында «Қара шаңырақ» ҚБ бастамасымен және тікелей атсалысуымен барлығы 80 жуық іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, 15 семинар, 20 астам сұхбаттар, 10 шеберлік сабағы, 4 сайыс, 25 тақырыптық кездесу, 30 дәріс өтті.
А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қала мектептері арасында «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» тақырыбында балалар шығармашылығы сайысын өткіздік. «Қазақстан дәуірі» халықаралық газеті мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналы ұйымдастырған «Талаптыға нұр жауар» шығармашылық сайысын және «Менің отбасымдағы Наурыз» сайысын ұйымдастырдық.
Университеттер мен коллдеж жастарына «Қыз өссе, елдің көркі» тақырыбында және отансүйгіштікке тәрбиелейтін басқа да дәрістер өткіземіз. Тіл басқармасының қолдауымен «Қара шаңырақ» РҚБ ұйымдастыруымен батыр атамыз Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф жазушы Зейнеп Ахметованың екі күндік кездесуін өткіздік. Жастар сарайында өткен кездесуге 800 астам адам келді
Түрлі рухани-танымдық іс-шаралар, кездесулер, шығармашылық сайыстар ұйымдастырып, жазда «Сарыжайлау» қазақ ауылын тігіп ұлтымыздың ұмыт болған салт-дәстүрлерін көрсеттік. Қала әкімдігі, аудан әкімдіктері, ҚХА Ассамблеясы ұйымдастырған талай шараларға қатысып, салт-дәстүрімізді көрсетіп, ұлттық құндылықты насихаттаймыз. Атап айтсақ, қала күні, наурыз, «Арғымақ» ат спорт кешенінің ашылуы және т.с. Қалалық кітапханалармен де тығыз жұмыс істеп келеміз. Балалар және жасөспірімдер кітапханасы жанынан «QAZAQ alemi» жобасын іске асырып келеміз. Жаз маусымында «САРЫЖАЙЛАУ» қазақ ауылын ашып қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлерін насихаттадық. Атап айтсақ, «Тілашар», «Қыз баланың құлағын тесу-сырға той», «Баланы ашамайға отырғызу» және экологиялық және этнографиялық сабақтар өткізілді. «Баланы ашамайға отырғызу», «Сырға той» (құлақ тесу), «Тілашар» тәрізді қазақтың ұмыт болған дәстүрлерін көрсеттік. экологиялық және этнографиялық сабақтар өткізілді. Аталмыш іс-шараларға ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз, қала әкімшілігі, зиялы қауым, жастар мен оқушылар. Оның ішінде, аз қамтылған және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды шақырдық.
Биыл да «Қазақтың дәстүрлері-ай» жас отбасылар арасындағы ұлттық сайысын, «Алаш аманаты – ұрпаққа мұра» қала оқушылар арасындағы шығапрмашылық сайысын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Мектептерге дәріс оқып, қоғамдық жұмысқа араласқалы ұрпақ тәрбиесінде кетіп жатқан кемшілікті осыдан он шақты жыл бұрын байқағанмын. Сол кезде-ақ қоғам белсендісі ретінде дабыл қаға бастадық. Бірақ біраз жылдар бойы тәрбие мәселесі ысырылып қалды. Тек білім, білім деп жүрдік. Енді келіп «ойбуй, қатігезі, мейірімсіз, үлкенге құрметі жоқ, тәрбиеден жұрдай ұрпақ қайдан келді?» деп дабыл қағып жатырмыз. Үлкендердің ісі мен сөзі үйлеспесе, өнеге көрсете алмасақ, жастар, шеттің қаңсығын, таңсық етпегенде қайтсін?!
Қазақ қоғамындағы отбасылық құндылықтардың өлшемі — «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген адамгершілік кодекс болған. Осы ұстанымнан ауытқымай, арлы, намысты, рухы биік ұрпақ тәрбиелеген. Аталы сөзге тоқтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен.Бүгінде сол данышпан бабалар аманатына қиянат жасадық. Ұрпағымыздың тамырына өз қолымызбен балта шаптық.
Отыз жыл бойы «күресетін» орталықтар аштық. Жемқорлықпен күрестік, зорлық-зомбылықпен күрестік, суицидпен күрестік. Нәтижесі қандай? Статистика азайды ма? Жоқ, жылдан-жылға көбейіп барады. Ал әр санның артында ұрпақ тағдыры тұрғанын ұмыттық.
Бүгінде мектептерде «Құндылыққа бағытталған білім» деген жоба аясында жұмыс істеп жатқан мектептер де бар. Бірақ, мектептерде ұрпақ тәрбиесі әлі де ақсап тұр. Бүгінгі балалар «тек тыңдап ғана емес, оны қолмен ұстап көргенді» қалайтын ұрпақ. Сондықтан оларға ұлттық құндылық тек дәріс түрінде ғана емес, ол шеберлік сабақтары, ол сол салт-дәстүрлерді көрсету, ол ұлттық өнерді, қолөнерді, жәдігерлерді көзбен көрген кезде ғана жас ұрпақ бойына сіңіреді.
Сондықтан, ұрпақ тәрбиесін тек балабақшаның, мектептің мойнына артып қоймай, қоғам болып тәрбиелеуді қолға алуымыз керек. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген үкіметтік емес ұйымдар «Алтын көпірге» айналуы керек.
Бүгінгі қоғамда «балалар арасындағы қылмыс, суицид, ориентациясы бұзылған балалар, ерте жыныстық қатынас, электронды темекі және т.с.» кеселдер көп. Бүгінгі ата-ана «өз баламды қалай тәрбиелеймін?» деп дабыл қағуда. Тіпті «ұлды ұл, қызды қыз» етіп өсіру деген тақырып та өзекті. Шеттен келіп жатқан жымысқа дүниелер ұрпақ санасын улап, ұлтымыздың тамырына балта шабуда. Көзі ашық, санасы ояу ата-аналар «не істейміз?» деп жүрсе, «жаһандану келді, болар нәрсе, болады» деп немқұрайлылық танытып жүргендер де бар.
Иә, рас. Мектептерге көп баратын адам ретінде осындай тенденция барын жасыра алмаймыз. «Қызыңыз электронды темекі тартып жүр» деп хабарласқан мұғалімге «Қызым екеуміз подружкадаймыз, ол меннен ешнәрсені жасырмайды, темекіні бірге шегеміз, жұмыстарыңыз болмасын» деген 14 жастағы қыздың анасы жайлы естідім.
Болмаса «Ұлым көрінгеннің аузындағы темекіні алып тартқанша, өзінікі болсын» деп темекі сатып әперетін әке де болады екен. Мектеп әкімшілігі, ұстаздар «Ата-аналар жұмысбасты, бала тәрбиелеуге уақыттары жоқ» деп жатады. Тіпті айында-жылында болатын ата-аналар жиналысына «уақытымыз жоқ» деп бармайтын ата-аналар бар. Мен қашанда мұндай ата-аналарға «Сіз балаңыздың жиналысына баруға 1 сағат уақыт таппасаңыз, ертең сіз қартайғанда балаңыз сізбен сөйлесуге 1 сағат уақыт таппайтын болады» деймін. Той тойлауға уақыт тауып, ал өз балаңның тәрбиесіне немқұрайлы қарасақ, деп жиналысына бармасақ, бала тәрбиесі кері кетпей қайтпек?!
Тәрбие отбасынан бастау алады. Ата-ананың міндеті – жақсы, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу. Өкініштісі, бүгінде «баласының қарнын тойғызып, киімдерін бүтіндесем» болды деген ата-аналар да баршылық. Бала өз бетімен өсетін арамшөп емес, ол болашақ ел азаматы, мемлекеттің адам капиталы. «Бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деп ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ұлт едік. Бүгінде ұрпағымыздың көкірек көзіне рухани байлық құя алмай, бойларына адами құндылықты сіңіре алмай отырған, өзіміз, ата-аналар, ересектер.
Қандай жағдайда ата-ана бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, балаға отбасылық құндылықтарды сіңіруі керек. Бала тәрбиесінде «бала, мектеп, ата-ана» ынтымақтастығы өте маңызды.
Қоғамда болып жатқан рухани дағдарыстың, адам айтуға ауыз бармайтын түрлі азғындықтың ауыр салдары өскелең ұрпақтың адамгершілік-өнегелік тәрбиесіне жіті назар аударуды қажет етіп отыр. Біз бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы, адам капиталы екенін бір сәтте естен шығармауымыз керек.
Бүгінде оқушыларға «экологиялық тәрбие» береміз, «экологиялық мәдениет» қалыптастырамыз деп жатамыз. Табиғатты аялау, ұшқан құс, жортқан аңға қамқор болу, қоршаған ортаны қорғау — табиғатпен астасып тіршілік еткен дана халқымыздың бойында болған қасиет. Хайуанттар жайлы ертегі-аңыздар, тыйым сөздер арқылы өнегелі ұрпақ тәрбиелеген. «Құстың ұясын бұзба, аққуды атпа, жануарды қинама, көкті жұлма» тәрізді тағылымды сөз қалдырған Дана бабалардан қалған Дала фолькорын жаңғырту, ұрпақ санасына сіңіру керек. Өзгенің қаңсығына қызықпай, өскелең ұрпаққа өзіміздің түп-тамырымызды танытып, өзегіне рухани нәр жіберуіміз керек! Бала ешкімнен «мені тууыңдар» деп сұраған жоқ. Ерлі-зайыпты отбасын құрғаннан кейін, ұл-қызының өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Тіпті бүгінде үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек аламын деп ажырасатындар көбейген. Баласына алимент төлеуден қашып, жалақысын жасыратын «көкек» әкелер де бар.
Халқымыз баяғыда бір жаманшылықты байқаса, «ырымға жаман» деп жатушы еді. Бұл жағдайлардың барлығы ұлттық тамырымыздан ажырап, бауыр еті баланы бас пайда үшін пайдалануға дейін жеткен, ең сорақы жағдай. Отбасынан осындай өтірікті көріп өскен ұрпақтың ертеңі қандай болмақ?! Әр ата-ана балаға ұшқан ұясында берілген тәлім-тәрбие мен көрсеткен үлгі-өнеге оның өмір бойғы бағыт-бағдар беретін шамшырағы болатынын ұмытпауы керек. Осы тұрғыда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген бабалар даналығыан артық ешнәрсе айтуға болмас. Сөзімді түйіндесесем, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін арттыру керек. «Әрбір ұлттық баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деп Мағжанша айтқандай, балаларымызға ұлт тәрбиесін бере алсақ, қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғалар орын алмас еді.
Егер ұлттық құндылықтарға негізделген отбасылық институттың мәртебесін көтерсек, іргетасы мықты отбасылардың құрылуына ықпал етер едік. Ал отбасылар берік болса, ұрпағымыздың тәрбиесі түзеліп, мемлекетіміз де өркендеп, дамитыны анық.
ЗЕЙІН ҚОЙЫП ТЫҢДАҒАНДАРЫҢЫЗҒА РАХМЕТ!
Шәкен Тұрар Сәттарқызы, тарихшы, этнология магистрі, ҚР «Журналистер одағының мүшесі, қоғам қайраткері, «Қара шаңырақ» ҚБ директоры