«НЕКЕ САРАЙЫ» ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Әдетте жас жұбайлардың қол ұстасып, жаңа өмірге қадам басатын ерекше сәті есте қалуы үшін «Неке сарайында» неке қию рәсімі өтеді. Енді қызылордалықтар сәулеті көз тартарлық заманауи ғимаратта жұбайлық өмірдің алғашқы құжатын қолға алады. Өткен жылдың тамыз айында іргетасы қаланған нысанда неке қию рәсімін әсерлі әрі ұмытылмастай етіп өткізуге барлық жағдай жасалады.
Құрылысы бітуге таяған Қызылордадағы «Неке сарайының» негізгі қызметі жас жұбайлардың некесін салтанатты түрде қиюға, отбасы институтын қалыптастыруға, ұлттық тәрбиені дәріптеуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталмақ. Жоба құны 1 млрд. 600 млн. теңгені құрайды.
Сәулет өнеріндегі Шығыс үлгісімен салынған, күмбезі жарқыраған ғимарат маңайы абаттандырылып, мұнда келушілердің көңіл-күйімен астасатын атмосфера қалыптастырылады.
Жаңа ғимарат биыл қыркүйек айында ел игілігіне табысталмақ.
©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі