ОҚО-да 70 отбасы Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алмақ (Фото)
Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан 216 пәтерлі 9 қабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев осы күні 70 отбасыға пәтер кілтін табыстап, жас отбасыларды жаңа қоныстарымен құттықтады.
«Көптен күткен қуанышқа қол жеткізген жас отбасылар енді жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алмақ. Бүгінде елімізде жастардың білім алуына түрлі жағдайлар жасалып, жұмыспен және тұрғын үймен қамтылу үшін кешенді бағдарламалар жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде Елбасының жастарға жасаған қамқорлығының бір парасы ғана»,— деді әкім.
Әлеуметтік нысан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып, пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жас отбасы санатына жататын отбасыларға сатып алу құқығымен жалға беру арқылы жүзеге асырылуда.Қазіргі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы желісінің «Жас отбасы» бағыты бойынша 328 жас отбасы өтінім беріп, оның ішінде төлем қабілеттігін растаған 216 жас отбасыны тұрғын үймен қамту көзделіп отыр.
Бүгінде 90 азамат жолдаманы электронды түрде алып, 73 азамат төлем қабілеттігін растаған. Бағдарламаға қатысуға өтінім берген қалған жас отбасылар алдағы уақытта тұрғын үймен қамтылатын болады.
Еске салсақ, аталған бағдарлама аясында 2014 жылы 84 отбасы, 2015 жылы 270 жас отбасы баспанамен қамтылып, қоныс тойларын тойлаған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі