Мемлекеттік қолдау көрсету жалғасып келеді

Жуалы ауданы өзіндік агро-белдеуі бар ерекше өңір. Осыған сәйкес, аудан аумағында егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, биылғы жылдың жартыжылдығында болжамды ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 11 141,6 миллион теңгені құрап, оның орындалуы 101 пайызға жеткен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық берілген. Бүгінгі таңда мал және мал өнімдерінен тұратын өндіріс көлемі де соңғы жылдары біршама артқан. Аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсету жалғасып келеді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өткізген сүтінің құнын арзандатуға, мал басын көбейтуге, асылдандыруға, селекциялық жұмыстарға, құс еті мен жұмыртқа құнын арзандату, мал азығы құнын арзандату және тағы сол сияқты бағыттарға мемлекет тарапынан субсидия да берілуде, – дейді Ержан Серкебаев.

Оның айтуынша, ауданда мал басының өскені байқалады. Атап айтсақ, мүйізді ірі қара 53508 басқа, қой-ешкі 268312, жылқы 19056, құстар 115049 басқа жеткен. Ал шошқа басы 109 басты құрайды. Мал шаруашылығында тұрғындардың күнделікті табыс көзіне айналғаны – сүт өндірісі. Ауданда мүйізді ірі қараның аналық басы 24 956, өндірілетін бір күндік сүт көлемі 120 мың литрді құраған. Оның 88 мыңы сүт өндеу зауыттарына өткізілсе, 32 мың литрін халық өз қажетіне қарай тұтынуда.

Сонымен қатар, субсидиялау алты бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, субсидия етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында, соның ішінде асыл тұқымды мал сатып алуға, бордақылау алаңдарына өткізілген бұқашыққа, асылдандыру жұмысына жылына 1 басқа, ал жұмсалған мал азығы бойынша бір басқа 35 пен 50 мың теңге аралығында қаралған.

Жалпы, сүт көлемін 2,5 есеге арттыру үшін сапалы мал азығын дайындауға көңіл бөлінуде. Яғни, құнарлы мал азығын дайындау арқылы әрбір сиырдан сауылатын сүт көлемін 8 литрден 15 литрге жеткізу көзделуде. Осы мақсатта пішендеме, сүрлемдік жүгері дайындау жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінде және жекелеген шаруа қожалықтар тарапынан жолға қойылып отыр. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, аудан тұрғындарын таза табиғи өніммен қамту алдымызда тұрған басты міндеттің бірі. Аудан аумағында орналасқан агроқұрылымдарға барлық мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Мал басына беріліп отырған субсидиялар да өңірдегі шаруашылықтың аяқтан тұрып кетуіне өз септігін тигізуде, – дейді бөлім басшысы.

Құнарлы мал азығын дайындау үшін 600 гектар алқапқа жүгері орналастырылған. Одан 12 мың тонна сүрлем бастыру жоспарланған. Жалпы, мал азығы ауданда 34 190 гектар алқаптан дайындалуда. Ол үшін биыл 190 мың тонна пішен, 18 мың тонна пішендеме, 37 мың тонна сабан, 20 мың тонна сүрлем дайындау көзделуде. Бүгінгі таңда 155385 тонна пішен дайындалған. Бұдан бөлек, өткен жылдан 54367 тонна пішен қалған. Екеуін қосқанда мал қыстаулары мен үй іргесіндегі шөпханаларда 209752 тонна пішен бар. 18 мың тонна пішендеме дайындау жоспарланған болса, орындалғаны 12 мың тонна. Сабанды барлығы 38980 гектар алқаптан дайындау жоспарлануда. Оның 9750 гектарын бидай, 29235 гектарын арпа құрайды. Бүгінгі таңда ораққа түскені 3 мың гектар, одан 2412 тонна сабан дайындалған. Сүрлем басу жұмыстары қыркүйек айынан басталады.

Суармалы егіс алқаптарын қалпына келтіру жұмыстары ауданда жалғасуда. Биыл жергілікті бюджет есебінен қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 3 канал ұсынылған. Қалған 9 ішкі шаруашылық каналдар 2024 жылға жоспарлануда. Осы каналдардың ішінде Ақсай, Мыңбұлақ және Қызыларық ауылдық округтеріне қарасты 8 каналға құжаттары дайындалған. Сонымен қатар, ауылдық округтерде орналасқан иесіз 17 шағын су тоғандары анықталып отыр. Оның 13-і Ақтөбе, 1-еуі Қарасаз, 2-еуі Көкбастау, 1-еуі Жетітөбе ауылдық округінде орналасқан. Ол каналдарды мемлекет меншігіне алып, жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылуда.

Су үнемдеу қондырғыларын енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, «Дархан» шаруа қожалығы 38 гектарға орналасқан картоп алқабын тамшылатып суарып жатса, «Төлеген», «Мерсейіт» және «Мухиддин» шаруа қожалықтары жаңбырлатып суару қондырғысын орнатқан. Бүгінде 295 гектар алқап жаңбырлатып және тамшылатып ылғалдандырылуда.

– Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін беруде. Ауданда бұл жобамен үш ауылдық округте ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, жұмыс істеуде. Атап айтсақ, олар – Ақтөбе, Ақсай, Жетітөбе ауылдық округтері. Биыл жобаға Қызыларық пен Қарасаз ауылдық округтерін енгізу жоспарланып, аталған округ тұрғындары құжаттарын рәсімдеуде. Бұдан бөлек, 2023 жылы «КТ Жуалы» несие серіктестігі арқылы 39 шаруа қожалық несиемен қамтылса, соның ішінде «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 15 шаруашылық 140,3 миллион теңге несие алған. Ауданда бүгінгі таңда астық жинау жұмыстары қызу жүргізілуде, – дейді Ержан Серкебаев.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы