ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖАС КОНСТИТУЦИЯ

тәуелсіздік алғалы төрт рет өзгерді

25 тамыз күні Астанадағы Достық үйінде Конституция күніне орай «Адал азамат – Ата Заңның тірегі» атты конференция болып өтті. Басқосуға Парламент Сенатының депутаты Евгений Больгерт, Мәжіліс депутаты Марат Башимов, ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Индира Рыстина, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкет, Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, сондай-ақ қалалық ҚХА этномәдени бірлестік пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Иә, Ата заң – мемлекеттің басты құжаттарының бірі. Себебі ол ұлт пен ұлыстың, жоғары билік пен қарапайым халықтың арасындағы теңдікті реттейтін негізгі күш. Елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуы соның айқын көрсеткіші. Ел азаматтары Конституция ұғымын естігенде, оны еліміздің әрбір азаматы бағынатын негізгі заңы ретінде қабылдайды. Дәл осылай ойлау дұрыс әрі оңтайлы шешім екені даусыз.

Осыдан 28 жыл бұрын 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдум нәтижесінде Конституция қабылданған болатын. Содан бері елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуына, құқықтық жүйенің орнығуына ықпал етіп, басқару билігінің құрылымы мен ұлттық заңнамалардың дамуын, түрлі қоғамдық институттардың жолға қойылуын қамтамасыз ететін құнды құжат ретінде қызмет етіп келеді. Қабылданған күннен бастап 30 тамыз мемлекеттік мереке болып атап өтіледі.

Тарихтан белгілі, мемлекетіміздің қалыптасу тарихы жолында Ата Заңымыз бірнеше рет қабылданып, қоғам талқысынан өткені мәлім. Жалпы, Қазақстанның конституциялық даму процесін бірнеше тарихи кезеңге бөлуге болады. Олардың әрқайсысы конституциялық құқықтың белгілі бір қайнар көздерінің даму уақытына сай келеді.

2017 жылы тұңғыш Президент Н.Назарбаев Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізді. Мемлекет өз тәуелсіздігін жариялағалы бері Ата Заң төрт рет өзгерді. Сол уақыттан бері Ата Заң халық пен мемлекет арасындағы коммуникативтік күшке айналды. Бүгінгі таңда Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады.

«Елімізде соңғы бір жарым жылда көптеген саяси науқандар орын алды. Жалпыхалықтық референдум, сайлау қоғамның саясилануына әкелді. Конституцияға енгізілген өзгерістер бір күндік жұмыстың нәтижесі емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел тізгінін қолға алған 2019 жылдан бері 4 ірі саяси реформа жасалды. Елімізде орын алған саяси күрделі өзгерістердің бірі – ауыл әкімдерінің сайлануы. Ауыл әкімдерін саяси партиялардың ұсынысы арқылы ғана емес, өзін-өзі ұсыну арқылы үміткер бола алады», – деді Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, PHD саясаттану докторы Рыстина Индира Садыбекқызы  өз сөзінде.

Конференция барысында қатысушылар Ата Заңның маңыздылығы туралы кеңінен толғанды. Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бергі заң  аясында атқарылған жұмыстар да тілге тиек етілді.

«Конституция күні – еліміз үшін үлкен мереке. Мен Конституциялық топтың мүшесі болғанда 15 ұсыныс берген едім. Оның ішінде адам құқықтарын қорғайтын Конституциялық Соттың керектігі жайында айтылған. Конституциялық заңда норма бар: «Бір мандаттық бойынша өткен әр депутат бір жылдан кейін халықтың алдында жауап беруі керек. Ал қоғам оның жұмысы жайлы жақсы пікірде болмаса, онда мандатын қайтаруға құқығы бар. Сол үшін бір мандат бойынша келген халық қалаулылары Мәжілісте депутаттық сауал жолдайды. Бұл өте пайдалы дүние.

Менің жеке көзқарасым мынау, халық өзгеріс күтіп отыр. Осы заңдардың қандай пайдалары болады деп. Ертең қандай нәтижесін көреміз деп. Позитивті көзқарас болғаннан кейін, өзім соған сенем. Осындай реформалар өзімізге, халқымызға, қоғамға жұмыс істеуі тиіс. Болашақ балаларымыз да заң талабын, қуатын сезініп өскені ұлтымыз үшін пайдалы», – деді Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы,  профессор Башимов Марат Советұлы.

Сарапшылардың сөзінше, елде жүргізілген конституциялық реформалар қоғамдағы демократияны одан әрі нығайту, Парламенттің рөлін күшейту, Үкіметтің дербестігін арттыру жөніндегі негізгі қоғамдық сұраныстарды ескереді. Форумды ұйымдастырушылар мен қонақтар халық арасында конституциялық реформаның мәні мен оның нәтижелерін түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.

 

Зайырлылық дегеніміз – толерантты ашық қоғам

   

«Қазақстандық заңгерлер қауымдастығы» РҚБ атқарушы директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік  қызмет істері агенттігі Қоғамдық кеңесінің  мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот кеңесінің судьяларды таңдау бойынша комиссияның мүшесі Беркамалов Серік Нұртазаұлы: «Конституция күні бейресми түрде заңгерлердің кәсіби мерекесі ретінде атап өтілетінін білесіздер, өкінішке орай, бізде әлі күнге дейін жеке заңгерлердің мерекесі жоқ, бірақ Конституция күні, Жоғары Заң күні ретінде біз үшін ең қолайлы, сондықтан мен Қазақстан заңгерлер одағының атынан осында қатысқан заңгерлерді де құттықтағым келеді!

Бүгінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстандағы балалардың білім беру үдерісіндегі діннің рөлі мен орны туралы қызу пікірталастар жүріп жатыр. Мектептерде діни рәсімдерді өткізуге жағдай жасауға, оқушыларға белгілі бір дінге жататындығын көрсететін киім мен атрибуттар киюге шақырулар күшейе түседі.

«Зайырлылық» сөзі қазақ тіліндегі «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. «Зайырлылық» ұғымы латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерімен үндеседі. «Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағынаны береді. «Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау болып табылады.

Зайырлылыққа сәйкес дін нормалары мен тәжірибесі азаматтық заң нормаларына қайшы келмеуі керек. Еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында Ислам дінінің Ханафи мазхабы және Христиан дінінің православиелік бағытының қоғам өміріндегі маңызды рөлі  атап көрсетілген. Соған қарамастан,  еліміз өзінің зайырлылық бағытынан ажыраған жоқ. Бұл жерде аталған заңда Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерге құрмет білдірілетіні һәм азаматтардың діни нанымдарын сыйлаудың маңыздылығы, конфессиялар арасындағы  келісімнің басты назарда болатыны да жазылған.  Қоғамның санасын, дін жайлы түсінігін өзгерту – көп уақыт алатын процесс.

Мен өз баяндамамды философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетайдың сөзімен аяқтағым келеді. «Еліміз зайырлы құқықтық ұстанымнан айырылмау керек. Зайырлы дегеніміз, бұл – озық, толерантты, ашық қоғам».

Расында, зайырлылық діннің де, мемлекеттің де баяндылығы үшін, дамуы мен жаңғыруындағы ең басты ұстаным. Тек оны дұрыс насихаттап, елге дұрыс жеткізу мәселесі бар. Зайырлы ел – қайырлы ел».

 

Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық даму тарихы

 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Т.С.Садықов: «Осыдан 28 жыл бұрын 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдум нәтижесінде Конституция қабылданған болатын. Содан бері елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуына, құқықтық жүйенің орнығуына ықпал етіп, басқару билігінің құрылымы мен ұлттық заңнамалардың дамуын, түрлі қоғамдық институттардың жолға қойылуын қамтамасыз ететін құнды құжат ретінде қызмет етіп келеді. Қабылданған күннен бастап 30 тамыз мемлекеттік мереке болып атап өтіледі.

Тарихтан белгілі, мемлекетіміздің қалыптасу тарихы жолында Ата Заңымыз бірнеше рет қабылданып, қоғам талқысынан өткені мәлім. Жалпы, Қазақстанның конституциялық даму процесін бірнеше тарихи кезеңге бөлуге болады. Олардың әрқайсысы конституциялық құқықтың белгілі бір қайнар көздерінің даму уақытына сай келеді.

Қазақстанның  ұлттық  құқығының   тарихы зерттеушілердің пікірлері бойынша қазақ мемлекеттігінің пайда болуынан басталады. ХV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылу кезеңінде дала заңы қазақтың әдет-ғұрып нормаларына негізделді.

Ұлан-ғайыр далада үстемдік құрған сақ, ғұн секілді түркі тайпаларының өздеріне тән жүйелі әскери тәртібі, таза адамгершілік жолына құрылған заңдары болғаны тарихтан мәлім. Берісін айтқанда, іргесі ХV ғасырда қаланған Қазақ хандығы тұсындағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы», бертіндегі «Абылайдың қара жолы» атанып кеткен дала заңдар жинағы қатаң әскери реформа, ұжымдық жауапкершілік, аманат пен антқа адалдық, опасыздық және қиянаттан сақ болу, бұйрыққа бағыну және оны мүлтіксіз орындау секілді құндылықтарға негізделген. Қазақ хандығы да осы жүйе негізінде құрылды, дамыды.

Қазақстанда тұңғыш рет Конституция 1926 жылы, кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары қабылданды. 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы – жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген. Мұның бәрі де уақыттың сұранысы мен заманның ағымына, елдің алға қарай қарыштап дамуына, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігінің оңалуына мемлекет тарапынан берілген кепілдік ретінде қабылданғаны хақ.

Өтпелі кезеңдердегі қабылданған еліміздің Ата Заңдарының қай-қайсысын алмасақ та, олардың мәтіндерінен адам тағдырына байланысты әрқилы көлемдегі тұжырымдарды көруге болады. Өйткені халқымыз мұны ел тағдырынан ажыратпаған. Расында, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған ҚР Конституциясында: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» делінген.

ҚР Конституциясының 1-бап, 1-тармағында көрсетілгендей, бүгінгі саясаттың басты бағыты – мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы болып саналатын әрбір адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының құндылығы туралы конституциялық мәселенің дәйекті түрде іске асып, заңдық тұрғыда қорғалуы. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саясатымен орныққан этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі қазіргі күнде әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл модель барлық елдерге үлгі болып, қазіргі уақытта толықтай зерттелу үстінде. Ұлтаралық келісімнің қайнар көзі Қазақстан Республикасының Ата Заңында жатыр, сонымен қатар қабылданған әртүрлі заңдар мен нормативтік актілермен реттелген.

Бүгінде толыққанды даму жолына түскен мемлекетіміз әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Мемлекеттің қоғамдық-саяси ахуалы мен қуатты экономикалық жағдайының тұрақты даму жолына қазақстандық бірегейлік пен бірліктің ықпалы зор. Конституцияда этностық азшылық құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық өлшемдерге жауап беретін қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісінің құқықтық негізі қаланды. Осының негізінде, Қазақстанның мемлекеттік ұлттық саясаты қоғамдық келісім конституциялық қағидасына негізделе отырып, жалпы адамзаттық тұжырымдарға сәйкес халықтың біртұтастығын қалыптастыруға бағытталды.

Толеранттылық – бұл жергілікті халықтың басқа ұлт өкілдеріне және басқа діндегі адамдарға түсіністікпен қарап, оларды қудаламауының белгісі.Жалпы толеранттылық  – өркениетті қоғамға тән құбылыс. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімінің, дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгенінің айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәрежеге көтерілгенін байқаймыз.

Елімізде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы – біз мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Біле білсек, толеранттылық – үлкен құндылық.

Тәуелсіз елімізде қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты қамтамасыз етіп отырған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады. 1995 жылы референдум нәтижесінде қабылданған Конституцияда нәсіліне, ұлтына, дініне және әлеуметтік тиесілігіне қарамастан барлық азаматтар құқықтарының теңдігіне кепілдік берілуі, этностық, тілдік, мәдени, діни әралуандылықты мойындау негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудың азаматтық қағидаттарының бекітілуі Ассамблея қызметінің тұғыры болып табылады .

Қазіргі таңда мемлекетімізде тату-тәтті бір шаңырақ астында мекен етіп отырған жүздеген этникалық топтар бар. Тәуелсіздік жылдарында көңілі дарқан, қолтығы кең қазақ даласын мекен еткен бірде-бір ұлыстың өкілі өзінің туған тілін жоғалтқан жоқ. Саны ең аз саналатын этнос өкілдеріне дейін тілі мен ділін сақтап, қал-қадірінше дамытуына барлық жағдай жасалып келеді. Тиісінше, мемлекеттің қасиетті қазақ жерінде өсіп-өнген кез келген ұлыс өкілінен қазақ тілін барынша меңгеруін, мемлекеттік тілді құрметтеп, сыйлауын талап етуге құқығы бар.

Конституцияға сәйкес, біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз әрқашан нығая берсін!».

***

Қазақстан Конституциясы заңдылықты ғана емес, сонымен қатар этикалық жағын да қамтитын, мемлекеттің негізгі құрылымдарын қалыптастырудағы халқымыздың бірлескен үлкен жетістігін білдіретін Республиканың бейресми символы болып табылады.

Конституция – халықтың әлеуметтік-заңды қорғалуын кепілдендіретін механизм. Егер бұрын «азамат» «адам» концептісінен басым түсетін болса, ал қазір «адам» белгілі құқықтар мен міндеттерге ие, ал патриотизм мен өзін елдің азаматы ретінде сезінуге тәрбиелеу ең гуманисті тәсілдермен жүргізіледі. Конституция адамдардың бір-біріне деген сыйластығының және төзімділігінің негізін қалап, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтады.

Конференция қорытындысы бойынша конституциялық заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.

 

Тәжікстанның Астанадағы мәдени күндері аяқталды

 

Тәжікстанның мәдени күндерін мерекелеу аясында EXPO алаңында Тәжікстанның ауылшаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, ұлттық қолөнер бұйымдары және ұлттық тағамдарының көрме-жәрмеңкесі өтті, ол өз жұмысын уақытынан бұрын аяқтады. Себебі жеткізілген өнімдер жылдам сатылып кетті.

Екі күн ішінде іс-шараға 100 мыңнан астам адам қатысты. Астанаға өз тауарларымен Соғды облысының 300-ге жуық ауылшаруашылығы өндірушісі келді. Көрме-жәрмеңкеде олар 1000 тоннадан астам өнім сатты. Ал 2 күнде іс-шараға 100 мыңнан астам адам қатысты.

Елорда қонақтары мен тұрғындарына өнімдердің алуан түрі ұсынылды. Ассортиментте жаңа піскен көкөністер, жемістер және бақша дақылдары сияқты ауылшаруашылығы тауарлары болды. Бал, тәттілер, түрлі сусындар да қолжетімді болды. Жәрмеңкеде қолөнер бұйымдары, табиғи материалдардан жасалған кәдесыйлар, киіз, тоқыма, тоқылған және соғылған сәндік бұйымдар, сондай-ақ пышақтар мен әлемге әйгілі тәжік атласы және т.б. бар.

Сондай-ақ келушілерге қыш және ұсталардың темірден соққан туындылары, ағаш өңдеу, көркем кескіндеме, тоқу және басқа да ерекше техникаларды қоса алғанда, ұлттық ерекшеліктер көрсетілді. Жәрмеңкедегі ерекше сәттердің бірі – арнайы концерт ұйымдастырылып, онда Тәжікстан Республикасының шеберлері өнерін паш етті.

 

Тамыз конференциясы аяқталды

 

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында дәстүрлі Тамыз конференциясы өткізілгенін мәлім етті.

«Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бұл оқушылар мен ата-аналар үшін де, сол секілді ұстаздар үшін де ерекше кезең. Бүгін мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясын өткіздік. Қалада үш ауысымды және шамадан тыс жүктемесі бар мектептер әлі де жоқ емес. Дегенмен біз бұл мәселені шешу үстіндеміз. Елордада 14 мектеп салынып жатыр, оның 11-ін алдағы оқу жылында тапсырамыз. Олардың үшеуі 1 қыркүйекте есігін айқара ашады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жайлы мектептердің құрылысы қатар басталды. Осы ұлттық жоба бойынша 2024-2025 жылдары 24 жайлы мектеп салынады. Жаңа үлгідегі білім ошақтары екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.

Сол сияқты біздің мақсатымыз – кадрлар даярлау. Жыл сайын педагогикалық мамандықтарға гранттар бөлеміз, ұстаздарымызды біліктілігін арттыруға жібереміз, Президенттің қолдауының арқасында педагогтердің жалақысы едәуір артты және т.б.

Мұғалімнің еңбегіне толық баға беру мүмкін емес. Олар балаларымызға білім беріп қана қоймай, әлеуетін ашуға, ерекше қасиеттерін анықтауға және бағыт-бағдар беруге көмектеседі. Ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін және оқу жылының жемісті өтуін тілеймін!» – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

 

Бетті дайындаған – НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК