Қоныс тойы тойланды

Диқан ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша ауылдағы тұрмысы төмен Жұмабек Мәдиевтің отбасына соғылған үйді тапсыруға арналған жиын өтті.
Онда аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков ауызбіршіліктің арқасында 4 бөлмелі үй соғып берген ауыл халқының ұйымшылдығына ризашылығын білдіріп, құрылысқа өз үлестерін қосқан бірнеше азаматқа аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Ал «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева да үй иелерін қуаныштарымен құттықтап, үйді салуға көп көмегі тиген азаматтарды филиал атынан Алғыс хатпен марапаттады.
Диқан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев пен округ әкімі Жұман Абдуалиев та өз тілектерін білдіріп, осындай ауызбірлік пен ұйымшылдық ауылда жалғасын таба беретіндігін атап өтті. Аталған үйдің құрылысына атсалысқан барлық азаматтарға алғыстарын айтқаннан соң, қоныс той иесіне үйдің кілті тапсырылды.
Қоныс тойына келген қонақтар мен ауыл тұрғындары асарлатып салынған үйге кіріп,  жайылған дастарханнан дәм татты.

 

Гүлшахар Ермұратова.