Бастауыш мектеп ашылды

Көктал ауылында облысымызға белгілі кәсіпкер Тұрмағанбетова Мәкен Шолпанқұлқызы жекеменшік 140 орындық «Кoktal Smart Shcool» бастауыш мектебін ашты.
Ауласы мерекеге сай әдемі безендірілген шараға ауыл тұрғындары, ата-аналар көп жиналды. Бүгінгі күні әлемде инновациялық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Заман көшіне тек қана білімді адам ғана ілесе алады. Сондықтанда заман талабына сай оқушыларға терең білім беру мақсатында осындай жекеменшік білім ордасының ауданымызда жас ұрпаққа есігін айқара ашуы көңілімізге қуаныш  ұялатты.
Мұнда алдымен мектеп табалдырығын алғаш аттағалы  отырған 1-сынып оқушылары өз тақпақтарын айтты. “Әрбір бала-жарқыраған жұлдыз” демекші, оқушылар жұлдыз болып көрініс көрсетті. Олар жас ұрпаққа кемел білім беретін жаңа мектептің ашылуымен көпшілікті құттықтап, мектеп табалдырығын аттаған балалардың аспандағы жұлдыздардай жарқырай берулеріне тілектерін білдірді. Аспанға шарлар ұшырып, қорап ішінен мектептің үлкен символикалық кілтін аудан әкімінің міндетін атқарушы Талғат Жамаловқа ұстатты.
Салтанатты шарада алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы  Талғат Жамалов құттықтау сөз сөйледі.
-Еліміздің ертеңі — жас ұрпақтың қолында. Тәуелсіздігіміздің тірегі — бүгінгі білімді ұрпақ. Сондықтанда мемлекетіміз білім саласына айрықша көңіл бөлуде. Әрбір ауылдарда мектептер мен балабақшалардың соғылып жатқаны соның дәлелі. Енді міне балалардың болашағын ойлаған Мәкен Шолпанқұлқызы мынадай заманауи жекеменшік мектеп ашып отырғаны үшін алғыс айтамыз. Жаңа мектеп құтты болсын, осында балаларымыздың терең білім алуына тілектеспін,-деген Талғат Салқанұлы мектеп кілтін  мектеп құрылтайшысы Мәкен Шолпанқұлқызына тапсырды.
Білім саласының ардагері, ұзақ жылдар облыстық білім басқармасының басшысы болған Сұлушаш Құрманбекова да оқушылардың білімнің биігінен көрінулеріне тілек  білдірді. Ал мектеп құрылтайшысы Мәкен Тұрмаханбетова мектепте оқушылардың терең білім алуларына барлық жағдайлардың жасалғаны, мектеп қажетті заманауи құрал-жабдық, оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілгенін атап өтті. Сондай-ақ мектеп директорлығына білім саласында лауазымды қызметтер атқарған, тәжірибесі мол Бекбатырова Жамила Елеуқызының тағайындалғанын, ал ұстаздардың іріктеліп алынғанын жеткізді. Мектепте математика, ағылшын тілі және информатика пәндері тереңдетіліп оқылатыны, әртүрлі үйірмелер жұмыс істейтініне тоқталды. Ата-аналарға балалары білімді болып шығатындарына сендірді.
Мектептің алғашқы қоңырауын соғу құрметіне 1-сынып оқушылары Еркежан Сейсебай мен Толағай Тайжан ие болды. Білім ордасының ашылу лентасын Талғат Жамалов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев қиған бетте, жағалай шашу шашылды.
Қонақтар мен ата-аналар мектеп ішін аралап көрді. Оқушыларға барлық жағдайдың  жасалғаны көрініп тұр.
Салтанатты шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев қатысты.
Бұл қазіргі заман талабына сай ауданда ашылып отырған алғашқы жекеменшік мектеп. Барлық талапқа сай соғылып, үздік мамандармен қамтылған мектептің алдағы жұмысына сәттілік тілейміз.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Көктал ауылы.