Жамбыл облысында 700 мың шаршы метр тұрғын үй салынады

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту және абаттандыру саласында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары мен онда туындаған өзекті мәселелердің барысы қаралды.

Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков аймақтағы осы салаға қатысты жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 6,6 миллиард теңгені құрайтын 50 жоба, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» аясында жалпы құны 32,4 миллиард теңгелік 112 жоба, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде жалпы құны 15,1 миллиард теңгені құрайтын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Осы жылдың сегіз айында жалпы алаңы 389,9 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 698,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. «Асар» жобасы шеңберінде жыл соңына дейін 105 үй салу жоспарланған.

– Құрылыс саласында шешімін күткен түйінді бірқатар мәселелер бар. Атап айтсақ, біріншіден, тәртіп нашар, яғни мердігерлер жұмыс кестесін сақтамайды, жобаны кестеден кешіктіреді. Екіншіден, құрылыс жұмыстарының сапасы. Үшіншіден, жосықсыз мердігерлермен жұмыс істеу. Барлық талаптардың орындалуына қатаң бақылау орнату қажет, — деді Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін халықты таза ауыз сумен жабдықтау қызметімен қамту аудандарда 96,5 пайызға, қалаларда 97,5 пайызға дейін жеткізіледі. 9 мың адам тұратын 11 елді мекен табиғи газбен қамтылып, тұрғындарды газдандыру үлесі 91,1 пайызға арттырылады.

Облыста жалпы қуаттылығы 451,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 21 нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 6-ы су, 9-ы жел, 6-ы күн электр станциялары. Бұл республикалық көрсеткіштің 20 пайызын құрайды.

Сондай-ақ, жылу беру маусымына дайындық және халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды.

-Инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін инфрақұрылым қолжетімді және сапалы болуы керек. Бұл мәселеде біз облыстың әлеуетін барынша пайдалануымыз керек, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев, қала құрылысы және сәулет басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков баяндама жасады.

Аймақ басшысы елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту және абаттандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу, «қызыл» сызықты бұза отырып салынған нысандарды анықтау, құрылыс саласындағы заң бұзушылықтарды жою жөнінде тапсырмалар берді.

 

Жамбыл облысы әкімдігі