«Sincere Systems» ЖШС ісіне үкім шықты

Цифрлы технологиялар мен ғаламтор желісінің қарыштап дамуына ілесе, көлеңкелі бизнес пен интернет алаяқтығы жарыса дамып келе жатыр. Бұл керек десеңіз әлемдік деңгейдегі проблемаға айналып үлгірді. Қазір әрбір мемлекет азаматтарды алдамкөстердің құрығына іліндірмеу үшін барын салып жатыр. Осылардың қатарында қаржы пирамидасы туралы арнайы айтуға болады. Ол белгілі «компания» немесе «қаржылық ұйым» ретінде жарыққа шығады да азаматтрады қаржы құюға, сол арқылы жоғары өсім немесе үлес алуға шырғалайтын тәсіл болып табылады. Барған сайын іргесін кеңейту үшін, айналасына адамдар топатуды басты мақсаты ете отырып, анағұрлым көп қаржы жинауға кіріседі. Алғашқы кезде салымшыларына белгілі көлемде «үлес» аударғандай болғанымен, өздері көздеген межеге жеткен күні «банкрот» бола салуы мүмкін. Мұндайда зиян тартушылар- пирамиданың төменгі қабатында тұрған салымшылар болып қала береді. Ал, алаяқтар заң құрығына ілінбеген жағдайда жаңа компания немесе инвестиция тартумен айналысатын өзге де қаржылық ұйымдар құрып өздеріні арам ойларын жүзеге асыра беруі мүмкін.

Елімізде қаржы пирамидасын ұйымдастыру, азаматтардан ешбір негізсіз қаржы жинау мәселелері заңмен тиым салынған әрекет болып табылады. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қаржы саласын реттейтін заңдардың арасынан саңылау тауып, жұртты тақырға отырғызған талай компаниялар болғандығын жасыра алмаймыз. Дегенмен азаматтардың мүдделерін қорғайтын заңдардың үздіксіз кемелденіп келе жатқандығының арқасында қазіргі күнде қоғамда белгілі деңгейде түсінік қалыптасып, адамдардың қаржылық сауаттылық деңегйі арта түскендігін айта кеткен жөн. Бұған БАҚ-тардың үлкен үлесі болды десек қателеспейміз.

Біз төменде осындай бір алаяқтықтық туралы оқырмандарымызды құлағдыр еткенді жөн көріп отырмыз. Қазірге дейін ел ішінде аты шыға бастаған  «Sincere Systems» ЖШС ісіне жақында нүкте қойылды. Естеріңізде болса осыдан бірер ай бұрын Алматы қаласының   Экономикалық тергеу департаменті «Sincere System Group» деген жалған компанияның алдауына түскен адамдарды іздестіріп жатқандығы туралы хабарлар таралған еді. Құзырлы органдардың жан-жақтылы тексеріп-зерттеуінің нәтижесінде тамыздың басында елордамызда аталған компанияның ісіне сот шешімі шықты. Астана қаласының Қаржы мониторинг агенттігі аталған компанияға қатысты мәліметтерді жария етті. Онда «Sincere Systems» ЖШС атты қаржылық ұйымның 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандығы айтылған. Олар «криптовалюта биржаларымен ынтымақтасатын компанияның атын жамылып, азаматтардан қаражат жинап келген. Салымшылардың санын көбейту үшін ойдан шығарылған жобаларға инвестиция салу мүмкіндігі қарастырылды»- дейді агенттіктің баспасөз қызметі. Өздеріне қаржы құюшылардың сеніміне кіру үшін алаяқтар ID беру арқылы клиенттің жеке кабинеті тіркелген, салымға тең виртуалды қаражатпен толықтыру мүмкіндігі бар веб-сайт құрған. Өздеріне сенім артқан адамдарға аталған компания өкілдері жарна қосуды үгіттеген. Олардың талабы бойынша ең аз дегенде 100 доллардан салым салуы тиіс болған. Салған қаржының табысы ай сайын 8 пайыз, жылдық өсімі 70 пайыз болады деп сендірген. Сондай-ақ тіркелген салымшы өздеріне қоса, адамдар топатаған жағдайда әрбір ертіп әкелген клиентке құйылған сомадан 5 пайыз артық төлейміз деп уәде еткен екен. Өкінішке қарай салымшылар аталған компанияның заңды құжаттарын көре алмапты. Құйылған қаржы компанияның сайтынан ашылған жеке кәбинетте ғана көрсетілгенімен, қаржыны шешіп алу жағы мүмкін болмаған. Осыдан кейін барып клиенттердің көңілінде күдік туып, қатысты орындарға арыз түсірген. Осылайша тергеу-тексеру басталып, ақыры аталған компания «қаржы пирамидасын құрды» деген айыппен жауапқа тартылған.

Аталған компания 2020 жылы «нарыққа шыққаннан» бастап құзырлы органдардың күдігіне ілінгенге дейін салымшылардан 215 млн теңге ақша жинап алған екен. Оылайша басталған тергеу амалдары толығымен аяқталып, алдамкөстердің ісіне нүкте қойылды. Сот үкімімен «Sincere Systems» ЖШС басшысы 5 жылға инвестициялық қызметпен айналысуға тыйым салынып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Қаржы мониторинг агенттігі сонымен қатар «Азаматтарды кіріс алу үшін компанияға тіркелуге шақырған екі азаматқа қатысты «Sincere Systems» (S-Group) қаржылық (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару ісін ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті тергеп жатқандығын» хабарлады.

Қаржы пирамидасы туралы заңдар кезең кезеңімен кемелденіп келе жатқандығын айта кету керек. 2022 жылдың шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Аталған заңның тармақтарында қаржы пирамидаларын жарнамалағандардың да заң алдында жауапкершілік арқалайтындығы анық көрсетілген. Құзырлы орган өкілдері ел азаматтарын, күнделікті өмірде қаржы пирамидасына қатысты қандай да бір күдікті жағдайлар байқала қалса, жергілікті жердегі Қаржы мониторинг агенттігі немесе Экономикалық тергеу департаменті секілді мекемелерге хабарласуға шақырады.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ