Жасөспірімдердің қауіпсіздігі басты назарда

Бүгінде алдымызда тұрған бас­ты міндеттердің бірі – аудан көлеміндегі кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықпен қылмыстың, қандайда бір келеңсіздіктерді болдырмау өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Қазіргі таңда баланың тәртібін қадағалау ата -ананың бірінші міндеті. Отан отбасынан, отбасы ошақ қасынан басталатыны анық.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөздерден бабаларымыздың бағзы заманнан-ақ бала тәрбиесіне мән бергенін аңғаруға болады.
Сондықтан отбасының жеміс берер гүлі, алтын тіреу діңгегі – бала. Ата-ана баланы бесіктен тәрбиелеп, бағып-қағып, оқытып саналы азамат етіп тәрбилейді.
Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген әдетке айналды. Бұғанасы бекімеген жастардың қылмысқа бой ұру мәселесін тек құқық қорғау органдары ғана емес, ата-ананың, мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді.
Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған.
Бүгінгі комиссия отырысының да басты арқауы осы тақырып болды.
Нақтырақ айтсақ Талас ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібінде жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы, аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысы, кәмелетке толмағандармен жасалған және оларға қарсы жасалған қылмыстар туралы, суицид профилактикасы, «тәуекел тобындағы» балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетудің бірлескен жұмыстары және басқа да өзекті мәселелер қаралды.
Көтерілген мәселелер бойынша жауаптылар баяндама жасап, қажетті ұсыныстар енгізілді.
Басқосуда кәмелетке толмағандар істері бойынша жұмыстарды алдағы уақытта жандандыра түсу және ортақ мәселелерді бірлесіп шешу ұсынылды.
Мақсат Арапұлы Қазанғапов, Талас ауданы білім бөлімінің басшысы