ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАП, ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістандағы Октябрь Жарылғапов атындағы стадионның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қаланы кезекті аралау барысында стадионға барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
2050 жанкүйерге шақталған стадионның құрылысы былтыр басталған. Жоба бойынша стадион толық жаңғыртылмақ. Келісімшарт бойынша аяқталуы мерзімі 2023 жылдың қараша айы. Қазіргі таңда жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары 90%-ға аяқталған. Мердігердің мәлімдеуінше, құрылыс жұмыстары мерзімінен ерте аяқталуы мүмкін. Маңызды спорт нысанының құрылысын сапалы атқаруды тапсырған Дархан Сатыбалды стадион маңында «Шауғар» секторының тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін, пікірлерін тыңдады. Тұрғындар облыс орталығындағы өзгерістерге оң бағаларын беріп, инфрақұрылымды жақсарта түсу жөнінде ұсыныстарын айтты. Өңір басшысы Түркістанды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.
– Әкімдік тарапынан Түркістанның инфрақұрылымын жақсарту, асфальт салу және өзге де жұмыстар жалғасады. Өздеріңіз жұмыстарды көріп жүрсіздер. Түркістан бес жылда анағұрлым жаңарды. Туристер саны көбейді. Әрине, біз сіздердің өтініштеріңізді жылдам орындауға мүдделіміз. Бірақ кейде бюджет мүмкіндік бермейді, кейбір жобаларды жүзеге асыруға уақыт керек. Бір анығы, шаһарда жол салу, кәріз жүйесін реттеу, абаттандыру жұмыстары тоқтамайды. Дегенмен, сіздерге де өтінішім бар. Өз үйлеріңіздің сыртын әктеп, сырлап, сәндеп, ағаш егіңіздер. Тазалыққа үлес қоссаңыздар қаламыз одан әрі жайнай түседі. Осыған үлес қосайық, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі одан кейін Төле би — С.Ерубаев көшелері қиылысындағы кептелісті шешу бағытындағы жобаны қадағалады. Түркістан қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Techtronic-Stroy» ЖШС жүзеге асыратын жоба арқылы жол қозғалысы реттеліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмақ.
Дархан Сатыбалды «Жолаушы» ЖШС-нің ғимаратында болып, жаңартылған автопарк жұмысымен танысты. «Жолаушы» компаниясы ұжымымен кездесуде облыс әкіміне қоғамдық көлік қызметін жақсарта түсу бағытындағы ұсыныстар мен өтініштер айтылды.
1966 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания қаладағы 22 жолаушылар көлігі бағытының 10-ында қызмет көрсетеді. 200-ден астам автобусы бар. Жобамен күн сайын 30 мыңдай жолаушыны тасымалдайды. 2022 жылы 50 жаңа автобус алынса, компания 2023 жылы 60 автобус алуды жоспарлап, бірқатары сатып алынды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Осы арқылы 2025 жылы барлық бағытты жаңа автобустармен қамтуды көздеп отыр. Автобустар бейнекамералар, салқындату жүйесі орнатылған. Сонымен бірге жолақы төлеу автоматтандырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі