Депутаттық сауалым Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Әлихан Смаиловқа жолданады

Бүгінде халқымыздың 40 пайызға жуығы – 7,5 миллион адам ауылда тұрады.  Бірақ бұл сан жыл сайын азаюда. Қаңырап бос қалған ауылдар көп. Оның негізгі себебі – ауылдағы өмір сүру сапасының нашар болуы. Оны көру үшін алысқа барудың да керегі жоқ. Мысалы, Астана маңындағы Ақмола облысының ауылдарын алсақ. Жазда ел өңірлеріне барғанда көптеген мәселенің әлі де шешілмей жатқанын көрдік. Ауыл тұрғындары артық ештеңе сұрап жатқан жоқ. Оларға керегі – сапалы жол, таза ауызсу, жарық,  интернет байланысы. Бірақ неге олар үшін бұл қолжетпес дүние болу керек?!

Мысалы, Сабынды ауылы Астанадан небәрі 70 шақырым жерде орналасқан, бірақ  интернет атымен жоқ. Аудан орталығы Қорғалжынның өзінде де жағдай мәз емес. Кезінде дүркіреп тұрған аудан еді, қазір бұрынғы қадірі қалмаған.  Елордаға жақын ауданның жағдайы осы болса, шалғай өңірлер туралы айтпаса да болады. Ауыл аралық жолдардың жағдайы тіпті аянышты. Мысалы, Қорғалжын–Шұбаркөл арасын тек жол талғамайтын көлікпен өтуге болады. Қорғалжын ауданындағы Қарғалы ауылына апаратын үш-ақ шақырым жол 30 жылдың ішінде бірде-бір рет жөнделмеген. Кезінде дүркіреп тұрған ауылда қазір 10 түтін ғана қалған.

Сол сияқты Қарағанды облысындағы Баршын-Құланөтпес жолы тура сондай. Қойдың құнын берсең де, жеңіл көлікпен жете алмайсың. Әрине, жас отбасылар ол жерден ат-тондарын ала қашады.

Қарағанды облысы, Нұра ауданындағы Жанбөбек ауылына да барар жол жоқ. Облыс орталығынан 520, аудан орталығынан 300 км жерде орналасқан ауылдың жағдайы өте нашар. 500-ге жуық тұрғыны бар ауыл адамдарына емханаға жету, үйге азық-түлік әкелу, бала-шағаны киіндіру үлкен мәселе болып отыр. Тозығы жеткен жол жұртты әбден діңкелетіп жіберген. Тіпті ауданға барар жолда жанармай бекеті де жоқ. Қысқасы, құлан жортпас қу дала.

Ауылдағы халықтың күнкөрісі осы. Сөйте отырып, ауылдан жұрт кетпесін, ауыл төрге шықсын дейміз. Десе де, Жанбөбекте тіршілік жалғасып жатыр. Ауылда 80 оқушы бала бар. Мектеп 70 жыл бұрын салынған, содан бері толық жөндеуден мүлдем өтпеген. Мектепке қарап білім ошағы деп айта алмайсың.

Жалпы, ауылдардағы біраз проблеманы аудан әкімдерінің өздері-ақ шешуге шамасы жетеді. Ниет-ықылас болса, көп нәрсені өзгертуге болады. Бірақ олардың шалғайдағы шағын ауылдарға ат басын бұруы өте сирек. Тіпті аудан әкімдерін көрмеген, мүлдем танымайтын ауылдар жетерлік. Қаржы жоқ дей бермей аудан әкімдері өздері ұйытқы болып, қолдарына сыпыртқы мен күрек алып,  айналасын әктеп, жөндеп, өз ауылын оймақтай етіп ұстауға болады.  Президент айтқандай, билік өкілдері тұрғындардың талап-тілектеріне зейін қоюы керек. Жылтыраған көліктерін мотоциклге алмастырып, ауыл-ауылды аралау керек. Себебі тұрғындар әкімдердің қызметіне қарап, бүкіл билікке баға береді.

Құрметті Алихан Асханұлы, Бұл тек 1-2 мысал ғана, аталған проблемалар еліміздің басқа ауылдарына да ортақ. Сондықтан ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсарту үшін:

1) Біріншіден – жергілікті әкімдердің жауапкершілігі мен есеп беруін күшейту керек. Ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы кезінде осыны ескеруді талап етемін.

2) Екіншіден – ауыл және аудан әкімдіктерінің құзыретін кеңейтіп, бөлінетін бюджетті арттыру қажет.

3) Үшінші – Жоғарыда аталған ауыл-аудандар бойынша өзекті мәселелерді шешу үшін тиісті бюджет бөлуіңізді сұраймын.

Депутаттық сауалға заңнамаға сәйкес мерзімде нақты жауап беруіңізді сұраймын.

 

Құрметпен,

Депутат Қарақат Абден және «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары