Қазақстан Республикасының Премьер-Министрдің орынбасары Т.Б. Дүйсеноваға
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Тамара Босымбекқызы!
Ұлттық этникалық төлтума мәдениетіміздің шырақшысы – Қазақтың қасиетті қара домбырасы.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев домбыра күніне арналған салтанатты жиында: «Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды» — деп асыл құндылымызға мән беруге шақырды.
Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам арасында, әлеуметтік желілерде осы халқымыздың арда болмысын ардақтайтын домбыра аспабына деген шабуылдар, жас ұрпақтың санасын теріс ұғымдарға итермелейтін қауіпті де ұлттық дүниетанымымызға жат пікірлер көбейіп барады. Әсіресе, діни жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын теріс пікірлер таратуда. Бұған әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген «Домбыра – харам» деген секілді адам шошытар алып қашпа сөздер дәлел.
Домбыра – тарихи санамызды жаңғыртуға жол ашатын, ата тарихымызды, халқымыздың ғасырлар безбеніндегі сан қырлы тағдырын баяндайтын, өткені мен бүгінін үндестіретін қайталанбас ұлы құндылығы.
Домбыра – бүгінгі жас ұрпақты мейірімділік пен парасаттылыққа, адалдық пен Отансүйгіштікке, қайсар намыс пен қайырымдылыққа баулитын адам жанының бағбаны.
Домбыра – татулық пен бірліктің мәмілегері. Ата тарихымыздағы небір аласапыран замандарда ұлтты ұйыстыруға, елді біріктіруге, ерлерді ел қорғауға шақыруға зор рөл атқарған.
Кешегі 1932-жылдардың аштығында да ата-бабаларымыз білегінен әл кетіп, өзегі талып, ақтық демі шыққанша қолынан домбырасын тастамаған.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деп, Қадыр ақын айтпақшы, Домбыра аспабы – Қазақ деген сөздің синонимі, Ұлт деген ұғымның мазмұнын ашатын мәнге ие. Себебі, халқымыздың арман-мұраты, ұлттық тәлім-тәрбиесі, төлтума мәдениеті, дүниетанымы – осы қасиетті домбыра арқылы көрініс табады.
Ендеше, домбыраға тиісу – Ұлтқа тіл тигізу, төлтума мәдениетімізді қорлау, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз.
Конституциямыздың 14-бабында нақты көрсетілгендей, қазақ халқының ұлттық құндылығы мен ерекшелігіне тіл тигізуге ешкімнің де құқы жоқ.
Домбыра – қазақтың кеудедегі жаны мен ақ дидарындағы ары, намысы мен мінезі, ата-бабаларымыздың аманаты мен бүгінгі һәм келешек ұрпақтың айнымас серті.
Домбыра – ұлтымыздың ұлы жүрегіне жол тауып, мұңайса, шерін тарқатты, қуанса, жан сарайын шаттыққа бөледі, ән-күй, жыр-терме, айтыс өнері арқылы бабалар сөзін бүгінге жеткізді, бүгіннің сөзін ертеңге жеткізетін де осы – қасиетті домбыра.
«Домбыра – Қазақстандағы аса маңызды символдардың бірі. Домбыраның екі шегі ежелгі заман мен осы заманның сырын шертеді» деп Рим Папасы біздің елімізге келген соңғы сапарындағы сөзін домбыраға арнағаны тегін емес.
Дәлірек айтсақ, домбыра адамзат баласы мән беріп, назарын аударуға тұрарлық қазақ халқының қасиетті құндылығы!
Ананың әлдиіндей, баланың бал тіліндей ең тәтті үн – домбыраның үні.
Еңдеше, аспанда да, жерде де қаза жүрген жерде домбыра бірге жүреді. Азаттығымның, қазақтығымның бойтұмарындай қасиетті домбыраға тіл тигізуге, қорлауға жол бермейік, армен де, заңмен де қорғай білейік, тыйым салайық!
«Amanat» партиясының тұғырнамасында да рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға, ұрпақ санасына сіңіруге мән берілген.
Тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйіні:
- Мемлекет басшысының: «Мектепте домбыра үйрету сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама» — деген сөзін Оқу-ағарту министрлігі ескерусіз, аяқсыз тастамауға тиіс. Білім беретін орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілсін. Оқыту процесіне музыкалық жоғарғы және арнаулы білімі бар білікті мамандар тартылсын!;
- Бұқаралық ақпарат құралдарында, радио және телеарналарда домбыра аспабының құндылығын ашатын ән-күй, жыр-терме, айтыс өнерлері көбірек насихатталсын;
3 Дін істері жөніндегі басқарма теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуді күшейтуі тиіс.
Жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуыңызды сұраймын.
Құрметпен, «AMANAT»
партиясы фракциясының мүшесі,
депутат
А. Әлтай