СІБІР ЖАРАСЫ – жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауру
Сібір жарасы (қойда – топалаң, жылқыда – жамандат, ірі қарада – караталак, түйеде – ақшелек, қарабез) мал және жабайы жануарлардың бациллус антрацис микробы коздыратын, жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауруы. Онымен адам да (түйнеме, күйдіргі) ауырады. Жалпы Сібір жарасы кең тараған ауру.
Қоздырғышы. Сыртқы ортаға төзімді келетін таяқша тәріздес, Грам әдісімен, аналин бояуларының барлық түрімен боялатын, капсула түзетін аэробты микроб. Жер қыртысында өсіп-өнеді және спора түзеді. Топалаң бацилласы вегетативті түрде сыртқы ортаның әсеріне онша төзімді емес, споралы түрі бұған керісінше өте төзімді және ұзак жылдар бойына тіршілік қабілетін сақтайды. Сойылмаған бітеу өлікте ауру қоздырғышы жаз кездері 1-3 тәулік ішінде кұрып
Топалаңнан өлген малды сойған кезде оттегінің әсерінен қоздырғышы спораға айналатындықтан мұндай малды жарып көруге қатаң тыйым салынады. Спора әртүрлі химиялық заттар мен физикалық құбылыстарға аса төзімді, тіпті ол тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін өлмей, шыдап, басқа қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, 1 пайыз формалин мен 10 пайыз күйдіргіш натрий ерітіндісінде 2 сағатқа төзеді. Ол тұздалған теріде де тіршілік ете береді. Ауру қоздырғышы сыртқы ортада сапрофит ретінде өмір сүріп, шаң-тозаң, ағынды су, қан сорғыш кенелер арқылы бір жерден екінші жерге ауысып жаңадан індет ошағын құрайды.
Эпизоотологиясы. Сібір жарасы өте кең тараған ауру. Оған ірі қара, қой, ешкі, жылқы, бұғы, түйе т.б. сондай-ақ жабайы шөпқоректілер шалдығады. Шошқа сирек, ит пен мысық бацилламен өте көп мөлшерде залалданғанда ғана ауырады. Сақа жануарларға карағанда төл індетке біршама жиі шалдығады.
Сібір жарасы – маусымды індет. Ол әсіресе қуаңшылық жылдары маусым-қыркүйек айларында жиі тарайды.
Ауру қоздырғышы – індетке шалдыққан жануарлардың зәрі және т.б. арқылы тарайды. Бұл індетпен өлген малдың бүкіл органдары ұлпаларында бациллалар өте көп болады. Осы аурудан өлген хайуандарды сойып, ішін жаруға болмайды. Өйткені өлген немесе сойылған малдың терісі, еті, жүні т.б. арқылы індеттің ауру қоздырғышы сыртқы ортаға таралады.
Қоздырғыштың таралуына етқоректілер мен жыртқыш құстар да себепкер болады.
Сібір жарасы малға оларды ауру коздырғышымен ластанған жайылымдарға жайып баққанда, шөп, су арқылы тарайды. Індет негізінен жаз айларында өршиді. Малдың ауыз, жұтқыншақ, кілегей қабықшаларындағы жарақаттар немесе ас қорыту жүйесіндегі ақаулар аурудың тарауына негізгі себеп болады. Малдың жалпы күйі төмендегенде (ашығу, витамин жетіспеуі, дене қызуының көтерілуі, т.б.) олар ауруға шалдыққыш келеді. Індеттің ауа арқылы таралуы да мүмкін. Сонымен қатар қансорғыш жәндіктердің (маса, шіркей) де ауру таратуы ықтимал.
Клиникалық белгілері. Аталған аурудың клиникалық белгілері барлық мал түлігінде негізінен ұқсас болады. Соның ішінде қой топалаңын сипаттауды жөн көрдік. Бұл індет қойда аурудың клиникалық белгілері білінбейтін және білінетін болып екі түрде жүреді.
Бірінші түрінде қой бірден, 1-2 күнде өліп тынады, ауру өте жіті өтеді, көп ретте ішектер қабынады. Екінші түрінде қой денесінде жара мен тері және тері асты ісіктері пайда болып, індет 5-7 күнге созылады. Әуелгі кезде қой денесінің әр жерінде көлемі онша үлкен емес, ұстап көрсең, мал ауырсынып, қолға қатты тиетін қызулы қайткан ісікке, одан қайтадан ортасы сарғыш қатерлі жараға айналады.
Топалаңға ұшыраған қой тісін қышырлатып, бағытсыз қозғалады, денесі кұрысып, аузынан, мұрнынан, артқы ішегінен қанды көбік ағады. Індет жіті жағдайында малдың қызуы көтеріледі, мал қимылсыз күйзеліп, көз айналасы қанталап, ауыз және тыныс кілегей қабығы көгеріп, қан аралас тышқақтайды, көп ұзамай өледі. Терінің ішкі қабаты сарғыш түстеніп, қанталап, қан тамырлары білеуленіп, лимфа түйіндері ісінеді, көкбауыр өз көлемінен бірнеше есе ұлғаяды. Бауыр мен бүйрек қанға толып, жүрек талшықтары босап, ішек, асқазанның ішкі жақтары қанталап қабынады. Ауруды анықтағанда оның даму барысы клиникалық және өлексе белгілері, эпизоотологиялық деректер негізге алынады, түбегейлі анықтау үшін микроскопиялық, бактериологиялық және биологиялық зерттеулер жүргізеді.
Топалаң әдетте аса жіті және жіті, сирегірек жітіден төмен өтеді. Созылмалы түрі шошқада кездеседі.
Аса жіті топалаң негізінен қой мен ешкіде, сирегірек жылқы мен сиырда байқалады. Ауырған мал кенеттен, аурудың клиникалық белгісі байқалып үлгермей-ақ, өліп кетеді. Мұндай жағдайда қой ентігіп, дірілдеп-қалшылдап, кейде орнында секіріп барып құлайды да, бірер минуттың ішінде өледі. Мұрны мен аузынан қанды көбік ағады. Жылқы мен сиыр еліріп, одан кейін тез басылады. Ентігіп, солығын баса алмай дем алады, тамыры жиі соғып, кілегейлі қабықтары көкшілденіп, дене қызуы 41-42 °С-қа жетеді.
Бірнеше минуттан кейін, кейде бірер сағат өткен соң ауырған малдың талықсып, денесі құрыстанып барып жаны шығады.
Аурудың «жіті өрбуі» кезінде сиыр мен жылқыда дененің кызуы көтеріліп (41°С), тыныс алуы мен тамырдың соғуы жиілеп, бұлшық еттері дірілдейді. Мал жем-шөптен қалып, ірі қарада күйіс қайтаруын тоқтатып, сауын сиырлардың сүті қайтады. Жылқының ішегі түйіліп, ірі қараның таз қарны кебеді. Кейде іш қатып, не керісінше қан аралас іш өтіп, несепте қан байқалады. Жануар тез әлсіреп, тынысы тарылып, кілегейлі қабықтары көгеріп, канталай бастайды. Жұтқыншақ маңында, мойнында, әукесінде, қарын астында домбығу пайда болады. Аузы мен тілінің кілегейлі қабығында қанды жалқақ байқалады. Ауру белгілері білінгеннен соң 2-3 күн өткенде мал өледі. Жан тәсілім кезінде мұрны мен аузынан қанды көбік шығады.
«Жітіден төмен» өрбігенде (6-8 күнге дейін) жоғарыдағы сипатталған белгілері баяулау өрбиді де, бірте-бірте байқалмай да кетіп, мал жазылып кеткендей әсер туғызады. Бірақ артынша оның жағдайы қайтадан нашарлап, ақыры өліммен бітеді.
«Созылмалы түрде» (шошқада) өткенде аурудың негізгі белгісі – жануардың арықтауы. Тек сойылғаннан соң, ұшаны қарағанда, төменгі жақтың астында қанды жалқақ, жақ асты және жұтқыншақ бездерінің қабынуы байқалады, топалаңға күдік туады. Бұл аурудың ангиналық түріне сәйкес келеді, ұзақ өрбіген дерт дененің ыстығы аздап көтерілуі, ангина мен фарингит арқылы білінеді. Жануардың алқымы ісіп, жұтынуы қиындап, тынысы тарылады, жөтел пайда болады.
«Аурудың үзікті түрі» кезінде дененің ыстығы аздап көтеріледі де, әдетте мал жазылып кетеді.
А.ТОХАБАЕВ,
Жамбыл облысы әкімдігі
ветеринария басқармасының
бас маманы