Жамбылдық полицейлер бір тәулік ішінде 6 түрлі жерден қару-жарақ арсеналдарын анықтады
Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері күн сайын қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді іздеу бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуде.
Мәселен, жедел ақпаратты іске асыру барысында кезекші тәулік ішінде облыс орталығының бірнеше көшелерінде қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған полипропилен қаптары табылды.
Қаптардан ПД қоймасынан ұрланған «ПСМ» маркалы жауынгерлік тапанша, «ТОЗ-Б» және «ИЖ-18» маркалы бір ұңғылы тегіс ұңғылы аңшылық мылтық, екі ұңғылы аңшылық мылтық, түрлі калибрлі 148 патрон және арнайы құралдар тәркіленді.
Сондай-ақ, бірқатар аудандарда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері елді мекендерден тыс жерлерде қару-жарақ арсеналдарын анықтады.
Табылған қарулардың арасында қос ұңғылы мылтық, «ИЖ-17» және «ИЖ-27» маркалы бір ұңғылы аңшылық мылтықтардың кесінділері, пневматикалық және травматикалық тапаншалар, спорттық револьвер — тапанша, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 94 патрон болды.
Осы деректерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3 және 4-бөлімдерінің (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті