Сенімді ақтаған саңлақтар

Орал қаласында самбо күресінен шеберлер арасында әлем чемпионаты өтіп, оған жерлесіміз Нұржан Қазыбеков қатысты. Мұның алдыңғы жылдары дәл осындай чемпионатта балуанның бағы жанып, әлем чемпионы болғанын еске сала кетейік. Байрақты бәсекеге қайта қатысқан балуан 71 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, 40-44 жас ерекшеліктері арасында әлем чемпионы атанды.
Балуандардың ұстаханасына айналған Бесағаш ауылының спортшы жігіттер де жеңіс тұғырын қатысқан жарыстарында бермей келеді. Тіл-көзіміз тасқа, жуырда Қостанай қаласында өткен республикалық турнирде жас балуан Әділет Ахметқали 74 келі салмақ дәрежесінде I орынды иеленіп, ауылға темір тұлпармен қайтты. Жаттықтырушысы Дамир Хабибуллаевтың сенімін ақтаған балуан әлі алда талай биіктен көрінетініне сеніміміз мол.
Сондай-ақ Астанада жекпе-жек аттарының сайысы өтіп, оған ауданымыздың тумасы, Шоқай ауылының тұрғыны Ернат Мәлімбай қатысып, I орынды иеленді. Бұл жағымды жаңалықпен «Әулие ата» ұлттық спорт түрлері клубының басшысы Нұрдаулет Момынов бөлісті.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы әкімдігінің
баспасөз хатшысы