ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ – БАРШАҒА ОРТАҚ
Күнделікті өмірде біз өз ақшамыздың қайда кетіп жатқанына аса мән бермейміз. Ал кейбір мамандардың пікірінше, қалтадағы қаржыны дұрыс жұмсау кез келген адамның, әсіресе отбасылы жандардың қағидасына айналуы керек. Бір ай жұмыс істеп, жалақы түскеннен кейін ақшаны оңды-солды шашатынымыз жасырын емес. Біле білсеңіз, бұл мәселенің де алдын алуға болады. Ең алдымен, бюджетті дұрыс басқара білу керек. Бюджет – бұл пайдалы құрал, оның көмегімен біз қаржылық жағдайымызды толықтай бақылай аламыз. Ал ақшаны жұмсарда және жинайтын кезде дұрыс шешім қабылдай аламыз. Бос дүниеге кететін шығынды тоқтатамыз. Басқа да керекті затымызға қол жеткіземіз. Мәселен, үй немесе көлік алу үшін қаржы жинауға дағдыланамыз.
Қаржылық сауаттылықты жетілдіріп, бір айдың ғана емес, бірнеше жылға қатысты мәселелерді жоспарлап қоюға болады. Әрине, қазіргі таңда кім болса да бай болғысы келеді. Кезінде Бенджемин Франклин: «Егер бай болғың келсе, көп табыс табуды ғана ойламай, оны үнемдеуді де үйреніңіз», деген екен. Саралап қарасаңыз, қаржылық сауаттылық үнемдеуден тұратынын байқайсыз. Алға қойған мақсатыңыздың 100 пайыз орындалғанын қаласаңыз, онда қаржыны жоспарлаудағы мына қағидаларды қатаң сақтау керек. – Әр айдың бюджетін ойластырып, содан асырмауға тырысыңыз. Шығындарыңызды қадағалаңыз. Жоспарланғаннан асып кетсе, нақты шығындарға зер салыңыз. Барлық шығындардан кейін қалатын соманы емес, бюджетте жоспарлаған соманы қалдырыңыз. Оқыс оқиға болған жағдайда отбасылық шығындарға түсетін қаржылық қысымды жеңілдететін төтенше резерв құруды ұмытпаңыз. Қаржылық мақсатыңызды дұрыс жоспарлаңыз. Сізге қандай сома қажет екенін, қай күнге дейін екенін және оны жинау мүмкіндігіңізді нақтылаңыз. Табанды болыңыз және әр істі бүгіннен бастаңыз, – деп кеңес береді қаржыгер Гүлмира Қарасайқызы. Көпшілік «аз жалақымен ақша жинау мүмкін емес, деп жатады. Алайда аз еңбекақымен де ақша жинап, үй алып, көлік мінуге болады. Біріншіден, ақшаны жинауға не кедергі, соны анықтау қажет. Ақшаны қалай үнемдеуге болатынын ойлайтын кез келген адам оған кедергі келтіретін үш негізгі тосқауыл туралы білгені абзал. Біріншісі, адам өз қаржысын өзі басқаруға, күнделікті тәртіппен жүріп-тұруға дағдылануы керек. Мысалы, бізді ішкі меніміз бір нәрсеге итермелемесе, біз өз ықтиярымызбен бірдеңе жасауға өзімізді-өзіміз мәжбүрлей алмаймыз. Сол секілді отбасылық бюджетті де алдын ала жоспарлап, ақшаны нақты, керекті затқа ғана жұмсамаса, өз орнымен жаратпаса болмайды. Екіншіден, тұтыну экономикасының да қағидасын ұстанған жөн. Эмоционалды сатып алу да көбінесе адамды бос шығынға ұрындырады. Адам біреулер топырлап бір зат сатып алып жатса немесе жеңілдік акциясы бар арзан затты көріп қалса, оны сатып алудан бұрын ол өзіне қажет пе, осыны саралай білуі керек. Одан бөлек «Көрпеңе қарап көсіл» дегендей, жағдайың келсін, келмесін қымбат аяқ киім, жаңа гаджет, қымбат брендтік киімдерді сатып алуға ұмтылу да пендені қаржылық дағдарысқа ұшыратады. Үшіншіден, қазақ «Ертеңін ойламаған ерден без» деп тегін айтпаған. Бір күндік өмір сүру тәсіліне бейімделген адам қаржы жинап қарық қылмайды. Олар болашаққа жоспар құрмайды, ақшаны қалай дұрыс жинау қажеттігі жөнінде стратегиясы жоқ адамдар үнемі тығырықтан шыға алмайды. Ақша жинаудың негізгі отбасындағы және жеке кіріcтен түсетін мөлшерін есептеу қажет. Яғни бұл сөз жалақы мөлшері туралы айтылып тұрған жоқ. Сонымен қатар жәрдемақылар, қайтарылған қарыздар немесе толық емес жұмыс күніндегі пайда болуы мүмкін кірістің барлық сомасы есепке алынуы керек. Ақша жинай бастағандағы алғашқы қателік – өз табысының жалпы көлемімен салыстырмалы түрде көп ақшаны кейінге қалдыру. Бұл қателіктің нәтижесінде ай сайынғы шығындарға қаражат жетіспейді және психологиялық қысым арта түседі. Нәтижесінде жиналған ақша әртүрлі ұсақтүйектерге жұмсалады. Бұған жол бермеу үшін шығындарыңызды санап, осы айда ақшаны неге жұмсау керектігін және қандай шығындар артық екенін білу маңызды. Мысалы, үйленбеген адам айына 90 000 теңге табыс табады деп есептейік. Ал сол бойдақ адам ата-анасының үйінде тұрғанымен оның коммуналдық төлем, жолақы, түскі ас секілді басқа да шығындары – 70 000 теңге. Сонда ол қалған 20 000 теңгені бірден кейінге қалдыру керек дегенді білдірмейді. Табыстың 10, тіпті 5 пайызын аз-аздан болса да жинай беруі керек. Бұл жеке бюджет үшін соншалықты әсер етпейді. Қаржы жинау тым баяу жүріп жатыр деп көңіліңізді түсірмеңіз. Табыстың жинақталған 5 пайызы да болашақта пайда әкеледі. Сонда 90 000 теңге кіріспен және 5 пайыз, яғни 4 500 теңге үнемдеумен үш айда 13 500 теңге жинауға болады. Ал бір жыл ішінде – 54 000 теңге. Депозиттік сыйақыны ескере отырып, бұл ақшаның инфляциядан қорғалатынын және біртіндеп өсетінін білу керек. Бұл тым аз сома сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шұғыл, аяқ асты шығындарға ақша қажет кезде көмек болатыны сөзсіз. Егер кірістер көбейсе, сәл көбірек үнемдеуге болады. Қазіргі уақытта сіздің қаржылық жағдайыңыз қиын, «бұл принцип мен үшін емес» деп ойласаңыз қателесесіз. Кем дегенде табыстан 1-2 пайыз үнемдеуге тырыссаңыз, әрине, жарты жыл ішінде 10 пайызға дейін жеткізесіз. Кірістер мен шығындарды есептеу, тиісті әдіс-тәсіл қолданбасаңыз қандай да бір ақша сомасын жинақтау мүмкін емес екенін есте ұстаған жөн.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
elmira231284@mail.ru