ЕЛГЕ СЫЙЛЫ СМЕТОВТЕР әулеті

Қазақ «Балаң жақсы болса, жердің беті жақсы, балаң жаман болса, жердің асты жақсы» дейді. Бұл бірауыз сөздің бойында қаншама үлгі-өнеге жатыр десеңізші. Дейтұрғанмен де ханның ұлы ордаға, байдың ұлы жорғаға жақын болатындығы да әу бастан белгілі. Сондықтан да халқымыз «Қарғадан қарға туар қарқылдаған, сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған» деп бекер айтпайды. Әрине, ешбір ата-ана ұл мен қызым жаман болсын деп емес, адам болсын деп тәрбиелейді.

Міне, сондай отбасылар біздің қоғамның алтын діңгегі. Олар бүгінде өз арамызда жүр. Біз сөз еткелі отырған шаңырақ та бабасынан батырлық үзілмеген, ел дегенде ер намысын серт етіп алға шығатын әулеттің ұрпақтары – Сметовтер отбасы. Олардың қоғамға үлгі-өнегесін тарату мақсатында 10 қыркүйек Отбасы күніне орай «Анаға тағзым» орталығында кездесу ұйымдастырылған болатын. Осы кездесудің аясында біз де біраз дүниені бағамдап, көкейімізге түйіп қайттық. Олимпиада жүлдегері Елдос Сметовтің әкесі мен анасын, ағасы мен жеңгесін көріп, олардың осы өмірде өте қарапайым адамдар екеніне де көзіміз жетті.
Әрине, біз үшін қазақстандық дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем және Азия чемпионы Елдостың қандай отбасында тәрбиеленгені, оның ата-анасының қандай адамдар екені қызық. Дейтұрғанмен «Алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, Елдостың әкесі Бақтыбай да еркін күрестің шебері болған екен. Алайда ол кісі балам өзім сияқты күрес шебері немесе елді аузына қаратқан басқа да өнер адамдары сияқты «жұлдыз» болсын деп тәрбиелеген жоқ.
– Ұлдарым туралы сөз болғанда, ең бірінші, ауызға кенже ұлым Елдостың аты ілініп жататыны ақиқат. Алайда Жандосым да, Бақбергенім де бала кезден отбасымыздың атақ-абыройына дақ салатын іс істеген жоқ. Әрине, бүгінгі заманның батыры кім десе, әркім әртүрлі жауап беретін шығар. Мен үшін өз отбасына адал, еңбегімен қарнын тойдырып, бала-шағасын асыраған еркек – нағыз батыр. Ал баланы батыр қылып тәрбиелеу, жақсы адам қылып өсіру күнде отырып алып пайдасы жоқ ақыл айта беру емес. Қайта сол өз отбасыңа еңбегіңмен үлгі-өнеге көрсету, өмірдің кейбір қиындықтарына жасымай, бала-шағаңа қиналғаныңды білдірмей өмір сүруден басталады. Оны көрген бала өскенде соны қайталайды. Сондықтан ұл-қыздарымызды тәрбиелегенде ауызбен емес, іс-әрекетіміз арқылы тәрбие бергеніміз абзал, – дейді Б.Сметов.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген аталы сөздің астарында да осы отбасылық тәрбиенің маңыздылығы туралы айтылған үлкен философиялық ой жатқаны анық. Ешкім де ұлым жаман болсын демейді. Алайда кейде отбасындағы тәрбиенің олқылығынан опық жеп жататын кезіміз аз емес. Міне, бұдан біз отбасы құндылығының, бір отбасындағы адамдардың бір-біріне деген махаббатының, сол әулеттің болашағының тағдырын шешетінін біле аламыз. Дейтұрғанмен де «Өсемін деген бала ойнар, арғымақ аттың жалымен, өшемін деген бала ойнар, өзінің-өзі жанымен» демекші, кей балалар өзінің болашақта кім болатынын сәби кезінен-ақ белгі беріп өседі. Оның бәрін де бір сезсе ана жүрегінен артық сезетін ешкім болмақ емес. Елдостай кенжесінің елдің абыройын асқақтатар ұл болатынын кішкене күнінде анасы Тоқтагүл Сметова да іштей сезсе керек.
– Үш ұлымды бірін-бірінен артық жақсы көрген емеспін. Менің алдымда үшеуінің де мәртебесі бір. Елдос сүткенжем. Ол бала кезде өте жылдам болды. Оның үстіне тілі де, аяғы да басқа балаларыма қарағанда ерте шықты. Кейін келе әрекеттері де жылдам болды. Қазір қарашаңырағымның иесі болып өзімізбен бірге тұрады. Келінім де сондай ақылына көркі сай, өзім сияқты жан. Анаға бірінші кезекте ұлының атақ-абыройға малынғаны емес, аман жүргені керек ғой. Қалған дүниені маңдайына жазғанынан көреді. Әрине, олардың жақсы тұрып, жақсы жүріп, ел мақтаған ұл болғаны қуантады. Біз ұлдарымыздың қай-қайсысы болса да таза жүріп, таза тұрғанын қаладық. Барынша өз отбасымызда оларға ақыл-кеңесімізді айтқанда да таза, адал еңбекпен өмір сүруді дәріптеп отыратынбыз. Құдайға шүкір, бүгін сол арманымыз орындалып та жатыр. Енді осы ұлдарымның үрім-бұтақтары болған немерелерімді тәрбиелеп, солардың қызығын көрсем, менде одан басқа қандай арман болсын, – дейді Сметовтер отбасының отанасы.
Елдостың Жандос және Бақберген деген екі ағасы бар. Ол өзінен үлкен екі ағасына да інілік ілтипатпен иіліп тұратынын айтады ағалары. Оның үстіне Сметовтер отбасының екі ұлы спортпен айналысса, бір ұлы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі. Ал Елдоспен бірге жаттығып, талай додада оған өзінің тәжірибесін бөлісіп, ақылын айтып, жол көрсетіп тұратын Жандос Сметов өзінің жүрегінде інісі мәңгі чемпион екенін айтып, мақтан тұтады. Аға-бауырдың арасындағы мұндай сыйластықтың да дәнекері үйдегі ата-ананың тәрбиесінен дейді Сметовтер отбасының ортаншы ұлы.
– Інімнің күллі қазақ елінің атын шығарған спортшы болғанына ризамын. Оны әрқашан қолдаймын. Бір үйдегі жандар үшін бір-бірін қолдап, сыйлап тұрудан артық өмірдің қызығы жоқ. Әрі өз отбасымда да балаларыма туысқандармен араласып тұруды, бір-біріне мейірімді болуды дәріптеп келемін. Егер қоғам түзелсін десек, онда әр ата-ана өзінің отбасындағы тәрбиеге мән беруі керек. «Баланы жастан» деп жатады қазақ. Мұның арғы астарында тәрбиені тал бесіктен жүргіз деген ұғым жатса керек. Сондықтан қоғам мәдениетті болсын десек, онда балаларымызды мәдениетке, ғылым-білімге тәрбиелеуіміз маңызды. Әрі отбасы құндылығы деген бірінші кезекте бір үйлі жанның бірін-бірі түсінуі дер едім. Онсыз ештеңе де сізді құндылықтарға жетелемейді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бабаларымыз айтпақшы, отбасында береке болмаса, тәрбие де, білім де, мәдениетте болмақ емес. Сондықтан отбасылық құндылықтардың қатарына мен күнделікті бір-бірімен сырласуды, бір дастарқанда отырып шай ішуді, бірге отырып теледидар көруді жатқызар едім. Өйткені адам бір-бірімен сөйлесу арқылы бір-бірінен энергия алады. Сол энергия отбасындағы бірліктің де, берекенің де ұйытқысы, – дейді Жандос Сметов.
Иә, қазақ «атышулы ұлым болсын, аты шықпаған қызым болсын» деп тілек тілемеуші ме еді. Бүгінгі таңда әр қазақтың шаңырағында Елдос сияқты қаншама бала тәрбиеленіп жатыр десеңізші?! Міне сондай шаңырақтардың алда осындай белестерге шығуына Сметовтер отбасының үлгі-өнегесі жұғысты болғай.

Ш.Әбдірұлы