Дәнекерлеу шебері

Бұрын «еңбек адамы» десе көз алдымызға жаздың аптабы мен қыстың қақаған суығына қарамай жапан далада қой баққан шопан мен ала жаздай алқап басында жүретін диқан немесе техниканың тілін тапқан механизатор не шахтер, құрылысшы секілді ауыр жұмысқа жегілгендер елестейтін. Ал бүгінде мейлі ол мұғалім немесе дәрігер болсын, әйтеуір, өз саласын жетік білетін, еңбексүйгіштік қасиетімен көзге түскен мамандарды да жұрт «еңбек адамы» деп жүр.

Дегенмен өз ісіне жетік банк немесе цирк қызметкерінен гөрі «еңбек адамына» жұмысшы мамандығы біртабан болса да жақын екенін жүрек құрғыр сезеді. Сол үшін де осы мақаланы жас та болса өз ісінің шебері, өзгелер секілді өмір сүрудің жеңіл жолын таңдамай, өз өмірін жұмысшы мамандығымен байланыстырған бір кейіпкерге арнағанды жөн көрдік.
Қордай ауданындағы Бетқайнар ауылының тумасы Бақытжан Жаңатілеу дәнекерлеу ісінің нағыз шебері. Ол ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №27 орта мектепті бітіргеннен кейін, яғни 2015-2016 жылдары Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжіне оқуға түсіп, 10 айда дәнекерлеуші мамандығын игеріп шығады. Бүгінде ол үстел, кереует секілді темір бұйымдарды жасайтын екі бірдей цехта жұмыс істейді. Оның бірі – еліміз бойынша әр қалада «ZETA» дүкендер желісі бар компанияның Алматы қаласында орналасқан цехы. Екінші жұмысы көпшілікке «Instagram» әлеуметтік желісінде «jaіly.jihaz_kordai» парақшасы арқылы танылған Қордай ауданындағы Әлибек Омар есімді іскер азаматтың ашқан «Izgi is Qordai» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде.
– Коледжді бітіргеннен кейін бірден Алматы қаласындағы темір есіктер дәнекерлейтін зауытқа жұмысқа тұрдым. Алғаш жұмысқа орналасқанда менде ешқандай тәжірибе жоқ еді. Темірді темірге берік етіп жапсыру, жұмысты сапалы атқару деген мектептен енді өтіп жатқанымда жайбасарлығым өзіме сор болып, жұмыстан қуылдым. «Мына тірлікті атқарудың әдісі мынадай» деп ешкім ақыл-кеңес бермеді. Өз бетімізше ізденіп, көптеген әдіс пен дәнекерлеуші жұмысының қыр-сырын бұрыннан жұмыс істеп жүрген мамандардан сұрап, солардың жұмысын қарап жүріп меңгердім. Кейіннен әскер қатарына шақырылып, Қарағанды облысының Долинка ауылындағы ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарайтын №6505 әскери бөлімінде азаматтық борышымды өтедім. Әскерден келгеннен кейін «ZETA» компаниясының Алматы қаласындағы цехына жұмысқа тұрдым. Содан бері алты-жеті жылдай уақыт өтіпті. Басында қатардағы дәнекерлеуші болып жұмысқа тұрсам, алты айдан кейін аға дәнекерлеуші болдым. Сол кезден бастап айлыққа емес, жұмыс ақысы бойынша күнделікті есеп айырысатын негізгі топқа өттім. Қазір өзімнің жасақтаған бригадам бар. «Жас келсе – іске» демекші, екі жерде жұмыс істеп жүрген жайым бар. Алматы қаласында күнделікті еткен еңбегімнің ақысын алғаныммен, оны айлыққа шаққанда 500 мың теңгеден айналады. Бұл аталған компанияның табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын ұстап қалғандағы қолыма тиетін қаржы. Орындықтың детальдарын дәнекерлеуде күніне бір адам 1000-2000 темір орындық қаңқасын өткізеді. Біздің цехта дайындаушы, кесуші, дәнекерлеушіні қосқанда шамамен 40 шақты адам жұмыс істейді. Ал сырлаушы, бояушы, үстелдің сыртын қаптаушы секілді мамандарды қоссақ, адам саны тіпті көп. Бұл бір ғана цех ұжымы мен жұмыс нәтижесі. Алматыда осындай үш цех, Астана қаласы мен өзіміздің Меркі ауданында да бір-бір цехтан бар, – деді Бақытжан Бауыржанұлы.
Ол ауылдық жерде дәнекерлеуші болып еңбек етуге болатынын, алайда айына мұндай қомақты қаржы табу мүмкін еместігін айтады. Алматы қаласындағы таныстарын бір жолы Қордай ауданындағы цех басшылығы жұмысқа шақырыпты. Екінші жұмыс ретінде өз ауданында жұмыс істеуге кеңесті сол таныстары берген екен. Басты міндет – тапсырысты орындау, тәжірибесіз жастарды осы іске үйрету.
– Аудандағы цехқа осылай жұмысқа тұрдым. Негізгі жұмысым Алматыда болғандықтан демалысымда Қордайдағы «Izgi is Qordai» ЖШС-ның цехында екі күн еңбек етемін. Ол жерде де табысым еткен еңбегіме қарай беріледі. Үйден тапсырыс алып жұмыс істеу тиімсіз. Тапсырыс бірде бар, бірде жоқ. Өйткені менің ауылым аудан орталығынан 26 шақырым қашықта жатыр. Кейде ауылда қақпа немесе бастырмаға тапсырыс түсіп жатады. Бағасы көңілге қонымды болса, ақысына тапсырысты орындаймын. Дегенмен Қордайдағы цехта материалды кесіп беруші екеуміз бір күнде 100 дана орындық қаңқасын жасасақ, бұл әлдеқайда тиімді. Алматыда бес күн істеп, сосын Қордайға келіп екі күн жұмыс істеймін. Қасымдағы металды кесіп дайындаушы – өзімнің досым. Мұнда да біз темір үстел, киім ілгіш, орындық секілді бұйым жасаймыз. Осында бір жылдан бері еңбек етіп жатырмын, – деді ол.
Реті келіп, біз «ZETA» ЖШС-на тиесілі аталған цех басшысы Әріпхан Шойбекпен де тілдестік. Ол аталған компанияда 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. КСРО дәуірінде әскер қатарына шақырылып, төрт ай дәнекерлеуші мамандығын оқып, екі жылы құрылыс батальонында дәне­кер­леуші болып еңбек етіпті. Ол осы цехта қарапайым дәнекерлеушіліктен бастап бригадир, технолог, шебер се­кілді сатылардан өтіп, қазіргі қызметке таза еңбекпен қол жеткізген. Осы уақыт аралығында өз саласы бойынша көп­теген тәжірибе жинаған. Бүгінде бар біл­генін жастарға үйретуде.
Еліміз бойынша 52 дүкені бар, 4 мың адам жұмыс істейтін компанияның атал­ған цехында 400 адам еңбек етсе, оның ішінде дәнекерлеуші цехында 40 шақты адам бар екен. Осыдан 10 жыл бұрын дәнекерлеу цехында 80 адам жұмыс істесе, бұйым жасаудың қыр-сырына қа­нық­қан дәнекерлеушілер еңбек өнім­­ділігін екі есеге арттырып, соның есе­бінен адам саны қысқарыпты. Олар орын­дық, үстел ғана жасап қоймай, ку­шетка, ширма, корпустық жиһаз, диван, кресло секілді медициналық бұйым­дар жасап, шетелге экспорттайды екен. Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елдерінде «ZETA»-ның өз дүкендері ашыла бастаған. Қазақстандық өнімді Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Ресей, Польша, Италия, Қырғыз Республикасы, Қытай секілді елдер тұтынатын көрінеді. Демек, Бақытжанның қолынан шыққан дүниелерді шетелдіктер де пайдалануда.
– Бақытжан өте салмақты жігіт, өз ісіне жауапты. Жұмысқа жаңадан келгенде қандай тапсырма берсем де уақытылы орындап жүрді. Ішімдік, темекі секілді жаман әдеттерден бойы таза. Оның бойынан адамдыққа тән барлық қасиетті көруге болады. Мен қандай да бір күрделі жұмысты Бақытжанға немесе оның қасындағы жігіттерге тапсырамын, өйткені олар сенім үдесінен шыға алады. Кейде клиенттер келіп, біздің стандарттан тыс бұйымдарға тапсырыс береді, кейбірінің дизайны өзгеше болады. Сондай сәтте мен сызуын сызып, Бақытжанның қолына ұстатамын. Өйткені мен оған сенемін. Ең біріншіден, кез келген адам бір-біріне деген сенімді жоғалтпауы керек. Сенім жоғалған жерде сыйластық та жоғалады. Сеніп тапсырылған іс аяқсыз қалса, жұмыс жүрмейді, көңіл суиды. Адамның бойында ең алдымен қабілет, одан кейін сенімді ақтауға деген құлшыныс болуы керек. Мұнда Бақытжан сияқты мықты дәнекерлеушілер бар. Бірақ олардың кейбірі біздің жұмыстағы шаблоннан тыс тапсырыс келсе, кібіртіктеп қалады. Бұл олардың бойында ізденіс жоқтығын, тек бір бағытта жұмыс істеп үйреніп қалғанын көрсетеді. Дәнекерлеуші ең бірінші өзінің жасайтын бұйымын ойша елестетіп, оның қандай болатынын жан-тәнімен сезінуі керек. Одан кейін екі темірдің балқығанын жүрекпен сезуі қажет. Мысалы, темір қатты балқып кетсе ойылып қалады, ал толық балқымаса піспейді. Бақытжан осының барлығын меңгеріп алған, ұдайы үдеден шығатын маман. Менде осы жігіт сияқты тағы бірнеше маман болғанда жұмыс стилін өзгеше жүргізетін едім.
Өндіріс орны деген жұмысшы мамандығына өте зәру. Сондықтан біз қолынан темір дәнекерлеу ісі келсе және мамандығын айғақтайтын қағазы болса, жастарды жұмысқа қабылдап, оларды іске баулимыз. Әйтсе де қазір жастардың арасында интернет арқылы табыс табу белең алып бара жатыр. Көбісі жан қинамай, жеңіл ақша тапқанды жақсы көреді. Бір қуанарлығы, бұрын ауылдан келген жастарды жұмысқа алсақ, айлық алған күні ішімдік ішіп, кемі бір-екі күн жоқ болып кететін. Қазіргі жастар ішімдікке құмар емес, табыс тапсам деген мақсаты бар. Алдына мақсат қойған адам қор болмайды, осы жағы мені қуантады, – деді Ә.Шойбек.
Бақытжан отбасылы, бір қызы бар, келіншегі логопед. Ата-анасы 44-те. Әкесі вахталық әдіспен жұмыс істесе, анасы үй шаруасындағы адам. Іні-қарындастары бар, алайда үйдің үлкені болғаннан кейін ол ата-анасымен бірге тұрады. Алматыда да, Қордайда да өзінің мінезімен, жауаптылығымен, қарапайым әрі қабілеттілігімен абыройы артқан нағыз маман. Қордайда тұрып Алматы қаласына барып-келіп жұмыс істеу, екі күндік демалысында қордайлық цехтің тапсырысын орындау екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Жас келсе – іске!» деген осы.

Нұрым Сырғабаев, arainfo.kz