Жыр дәптерінен

Таразым

Текті Тараз, тақтан биік топырағың,
Бақтан қымбат, оттан ыстық әр таңың.
Іргетасы ар-намыспен қаланған,
Күмбезінен Құдай сүйген шаһарым.

Әр кеш сайын айға жазған хаттардай,
Тағдырыңның аманатын артқандай…
Батқан күннің сәулесіне байланып,
Таразилер кетіп бара жатқандай.

Екі мың жыл екі дүние жыр еткен,
Жаудың өзі жан тапсырған ізетпен.
Көшелерің қылышындай бабамның,
Ғашықтардың ғазиз рухын күзеткен.

Зүбәржаттай жұбаныш боп зарлыға,
Әрбір төбең адамзатқа тау мұра.
Таласың бар толқынымен тас тіліп,
Дәуірлердің су тамызған аузына.

Рухқа үлгі, досың менен қасыңды,
Ақыл-ойға жеңдіргенің ашуды.
Күйретемін деген уақыт өртіне,
Күймегенің,
Имегенің басыңды!

Топырағыңды тұмар етіп тағынбай,
Жұмыр жерден таппас менің жаным жай.
Тарихың бар Қараханмен тағдырлас,
Табиғатың – Айша бибі арудай.

Өзің үшін өлтірем не өлем деп,
Саған тартқан жыр мінезі жан емдеп.
Ұрпақ туды өшпесіңді дәлелдеп,
Фирдоусилер жазбай кеткен өлең боп.

Қасиеттім, қарашығым, бағалым,
Тал бесігім, төрім, үйім, мазарым…
Мұра болған мұнараңның маңдайын,
Тәңір сүйіп таңбалаған Таразым!

Тәуелсіздік һәм мен

О, еркіндік, құшағындай ғаламның,
Зар мен кекті сүйіншісі заманның.
Мен – тарихи бас сүйектер жиналып,
Болашаққа бал ашқанда жаралдым!

Дәуір тепкен дулығалы құл тағын,
Ханға айналды халықжанды ұрпағың.
Сен – қазақ деп кісінеттің майданнан,
Мәйіттердің мініп қайтқан тұлпарын…

Желтоқсаннан аламын деп ақыңды,
Періштелер қанға қанат батырды…
Жауың тұрмақ Жаратқанға жеткізген,
Ата бабам Алашым деп датымды!

Қылышынан қан жалаған дұшпанның,
Қандарына енді мен де құштармын…
Пырағы боп елтаңбасын арқалап,
Қыраны боп шыңнан биік ұшқан күн!

Сен алтыншы қаруысың рухтардың,
Сол қарумен аспанды да жыққанмын-
Бабалардың жебесіндей жалт етіп,
Ұрпақтaрдың қынабынан шыққан күн.

Жүрісінен тәй-тәй басқан таңдардың,
Еркіндік пен еркелікті аңғардым.
Жер ананың жанарынан мөлт етіп,
Нәубеттердің нүктесі боп тамған күн.

О, бостандық – пейішіндей пендеңнің,
О, азаттық – парызындай ерлердің.
Құрбан шалып тілеп алған Құдайдан,
Ғасырлардың кенжесі боп сен келдің!

Енді міне әдірә қап кек пен мұң,
Мәңгілігі мәресіне жетті елдің.
Мен сондықтан саған жыр боп тәу етем,
Аруақтардың арманында кеткен күн!

Топырақ!
(Киелі Әулиеатаға)

Уа, туған жер!
Үйрек ұшып, қаз қонған,
Бұл қазаққа – намыс кернеп назданған,
Топырағың тұңғыш рет ТАҚ болып,
Ал аспаның ең алғашқы ТӘЖ болған.

Елдің бағын жау қызғанып,
Дос ұғар,
Керуен-керуен заман өтті көшіп әр.
Қырларында сұлулығы –
Айша бибі арудың,
Тауларында Қараханның сесі бар.

Менің далам,
Жебелердің жүзі өпкен,
Осы дала!
Жүз жыл соққан жүрекпен,
Жамбыл шайыр айбатымен әйгілі –
Жырдың қызыл жолбарысы күзеткен.

Елмен бірге есіне алып аруағын,
Елден бұрын көктен іздеп ардағын,
Батпағыңнан мешіт жасап бұл қазақ,
Тәңіріне жайып салған арманын.

Тарихына күре тамыр байланып,
Күмбезіне талай қанат қайралып.
Бұл өлкеден жарты әлемді жаулаған,
Ескендір де сескеніпті, айналып.

Қыдыр жорған алты алаштың аяны,
Әлі күнге бұл тағдырдың баяны.
Мойынқұмда Кетбұғаның рухы жүр,
«Ақсақ құлан» күйін шертіп баяғы…

Сәби самал домалаған сайлардан,
Хабаршыңдай аяқталған майданнан.
Менің далам – арулар мен батырлар,
…Мың жылдан соң,
Топыраққа айналған.

Уа, туған жер!
Үйрек арман, қаз үміт…
Болашақтың басқан жері қазылып,
Өрге ұмтылды.
Ал тарихың – бар қазақтың қанында,
Келе жатыр алдаспанмен жазылып.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі