Борышын өтеп, білім алып жүр

Әрбір мектеп оқушысы жоғары оқу орнына емтихансыз және Ұлттық бірыңғай тест тапсырусыз, сонымен қатар грантпен түсуді армандайды. Бұрын бұл мүмкін емес еді. Бірақ, жақында жастардың Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, білім белесін бағындыруға мол мүмкіндік берілді. Әскерден кейін грантқа түскен алғашқы жастың бірі, Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенті Сергей Симонов.

Өткен жылдан бастап Қорғаныс министрлігі мен еліміздің бірқатар жетекші жоғары оқу орындары арасындағы келісімге сәйкес әскери борышын мінсіз өтеген әскерге шақырылған сарбаздар ҰБТ ұпайынсыз және қабылдау емтиханынсыз жоғары оқу орнына түсе алады. Бұл мүмкіндікті қазір жоғарыда біз атап өткен оқу ордасында грантпен оқып жатқан Сергей Симонов ұтымды пайдалана білді.

– Юрий Гагарин атындағы №29 орта мектепте оқып, тоғызыншы сыныпты бітірген соң Жамбыл жоғары политехникалық колледжіне оқуға түстім. Колледжді бітірген соң әскери қызметке шақырылдым. Қызылорда қаласында Ұлттық ұлан қатарында борышымды өтедім. Қызмет тыныш және қызықты болды, мен көптеген жаңа достар таптым. Мен университетке түскім келгендіктен, әріптестерімнің арасында үздік болуға тырыстым. Әрине, оқуға емтихансыз түсе аламын ба деген күмән болды. Дегенмен, бәрі мен ойлағаннан да жақсы болып шықты. Әскери билетіммен университетке келіп, қызмет өткергеніме құжаттар мен нәтижелерді тапсырдым. «Есептеуіш техника» мамандығына түстім. Қазір грантта оқып жүрмін. Мен бұл бағытты таңдадым, өйткені қазіргі заманда IT секторы мен бағдарламалау өте дамыған. Сондықтан, болашақ мамандығымды осы бағытта бастауды жөн көрдім. Әскерге барғанда санамда «бұл әскер маған керек пе, не үшін бардым?» деген сұрақ болмады. Анам да елінің нағыз патриотын өсіргенін және менің абыроймен қызмет еткенімді мақтан етеді. Менің университетке түсу туралы шешімімді ата-анам білгенде, қатты қуанды. Олар мені қолдап, грантқа түсе алмасам да, оқуға түсуім үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындарын айтты. Грант алып, ата-анама айтқанымда, олардың көздеріне қуаныштан жас келді. Енді алдағы уақытта мемлекетке пайдамды тигізу үшін жақсы оқып, біліктілігімді шыңдайтын боламын, – дейді Сергей Симонов.

Айта кетейік, тегін білім алуға үміткерлерді іріктеу, бағалау көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл өлшемдерге жауынгерлік дайындық бағдарламасын меңгеру деңгейі, жеке тәртіп, тәуліктік кезекшілікті өтеу кезіндегі арнайы міндеттерді толық орындау, психологиялық жағдайды бағалау жатады. Жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері мемлекеттік-құқықтық, тактикалық, барлау, өрт-техникалық, инженерлік, әскери-дәрігерлік дайындық, көлік жүргізу, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс, байланыс саласындағы дайындық және әрине, дене дайындығы болып табылады.

Жаттығудың бұл түрлерінің барлығы тек физикалық қана емес, сонымен қатар, интеллектуалдық және ақыл-ой қабілеттерін де қажет етеді. Қызмет өткеру кезінде ай сайын осы пәндер бойынша әскери қызметшінің барлық оқу пәндері бойынша ағымдағы бағаларының рейтингі көрсетіледі. Бұл бағалардың барлығы жауынгерлік дайындық журналында көрсетіледі. Бағалау бес балдық шкала бойынша жүргізіледі, оның ішінде жеке тәртіп пен психологиялық жағдайға баса мән беріледі. Көрсеткіштердің бағалары мониторинг жасап, сарбаздың рейтингін қалыптастырады.

Бұл процестің ыңғайлылығы мен ашықтығы үшін «Әскери міндеттілер 2.0» цифрлық платформасы жасалған. Алдағы уақытта аталған платформада әрбір сарбаздың көрсеткіштері енгізілетін болады.

 

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ.