Антына адал азаматтар
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде әскерге шақырылғандардың алғашқы тобын шығарып салу рәсімі өтті. Күзгі шақырылымдағы 25 сарбаз Жамбыл облысының шекара заставаларында қызмет ететін болады. Алдағы бірнеше айда олар Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Қордай ауданы бойынша шекара бөлімінде әскери істің қыр-сырын меңгереді.
Ел Президентінің Жарлығына сәйкес, азаматтарды мерзімді әскери қызметке күзгі шақыру 1 қыркүйектен басталған болатын. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, республика бойынша 19 мыңнан астам адам мерзімді әскери қызметке шақырылады. Жоспарды орындау үшін Жамбыл облысының әскерге шақыру комиссиялары науқанның алғашқы күнінен бастап өз қызметін бастады.
– 2023 жылғы күзгі әскерге шақырудың жоспарын бізге Қорғаныс министрлігі белгіледі және ол 1500-ден астам адамды құрайды. Оны жөнелту кестесіне сәйкес жүргіземіз. Әскерге шақырылғандардың алғашқы тобы қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жөнелтіліп жатыр. Қорғаныс істері жөніндегі департаменті Шекара қызметі департаментімен бірлесе отырып, әскерге шақырылған жас сарбаздарды жолдау шараларын ұйымдастыруда, – деді облыс бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, әскерге шақыру басқармасының бастығы, полковник Қуаныш Симтиков.
Әскери қызметке шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңды орындау мақсатында Президенттің Жарлығы негізінде жүзеге асырылуда. 1 қыркүйекте облыс бойынша қорғаныс істері жөніндегі барлық департаменттер мен басқармаларда әскерге шақыру науқаны басталып кетті.
– Аудандар мен қалалардың шақыру комиссиялары күн сайын отырыстарын өткізеді. Қорытындылар негізінде жастарды қызметке жіберу туралы шешімдер қабылданады. Әскерге шақырылушының мерзімін кейінге қалдыруға негіздері болмаса, ол Қарулы Күштерге, басқа да әскери құрылымдарға шақырылуға жатады. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің сапына Жамбыл облысынан күзгі әскерге шақырылған жас сарбаздардың алғашқы командасы аттанды. Себебі, оларды ел шекарасын қорғауға үйретуге екі-үш ай уақыт кетеді. Бүгінге дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің қатарына 25 жас жігітті қабылдадық. Биылғы күзде барлығы 205 адам әскер қатарына шақырылады деп күтілуде. Жамбыл облысынан шақырылған жастардың бір бөлігі департаменттің жанындағы оқу орталығында оқу және бейімделу үдерісінен өтеді. Нақтырақ айтсақ, Қордай кентінде бізде кәсіптік оқыту бөлімі бар, онда офицерлер мен сержанттар сарбаздарды заставаларда одан әрі қызмет ету үшін дайындайды. Күтілгендей, әскерге шақырылғандар арнайы тексерістен, медициналық комиссиядан өтті. Шекара қызметіне шақырудың ерекшелігі психологиялық-полиграфиялық тексеруден өту болып табылады. Жігіттер бұл тексерулерден ойдағыдай өтті», – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Шекара қызметі бастығының орынбасары, полковник Саят Шубаев.
Жақын арада әскери киімін киіп, әскери борышын өтейтін, жауынгерлік жарғыны берік ұстанып, Отанына қызмет ететін әскер қатарына шақырылғандарға Қарулы Күштердің белсенді офицерлері мен ардагерлері сәт-сапар тіледі. Олар жас сарбаздарды батыл болуға, өз міндеттерін адал атқаруға шақырды. Жастар өз кезегінде әскери борышын өтеу олар үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.
– Біріншіден, әскер – тәртіп. Екіншіден, туған жерге деген жауапкершілік. Сондықтан, мен өз еркіммен Қарулы Күштер қатарында қызмет етуді ұйғардым. Биылғы жылды шекарашы ретінде өткіземін. Болашақта осы салада қалып, еліме қызмет еткім келеді. Мен өзім секілді Отан қорғауға құштар жаңа достар таптым. Мен оларға сенуге дайынмын, өйткені біз бір жыл бірге қызмет етеміз, – дейді әскер қатарына шақырылған Мардан Сүлейменов.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент аумағында өткен шығарып салу рәсімінің соңында жігіттер ата-аналарына абыроймен оралуға уәде берді. Айта кетерлігі, бұл күн жас сарбаздар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де ерекше. Жиналған аналар атынан Бақыткүл Қиялбекова сөз сөйлеп: «Бұл күні біз сендерді, ұлдарымызды Отанның нағыз қорғаушысы болуларың үшін шығарып саламыз. Біз сендерге сенеміз. Отан қорғаушы жастарымыз барда, ұйқымыз тыныш, шекарамыз қорғалады. Ең алдымен сендерге зор денсаулық тілеймін. Келер жыл жеңіл болсын. Сынақтарыңнан тез өтіп, аман-сау, бақытты оралуларыңа тілектеспін», – деді.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ