Тазалық – жастар таңдауы
Бүгін еліміз бойынша «Киелі табиғат» атты экологиялық акция өткізілді. Осыған орай, жастардың қатысуымен Отанымыздың түкпір-түкпірінде тарихтан сыр шертетін сакралды орындарда сенбілік жұмыстары ұйымдастырылған болатын. Аталған шарадан әулиеата өңірінің жастары да шет қалмады.
Мәселен, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл ауданында орналасқан «Айша бибі» кесенесінің маңына сенбілік жұмыстарын жүргізілсе, ауданымызда бағзыдын баян жеткізген Баласағұн «Ақтөбе» қалашығы ретке келтірілді.
Аудандық және қалалық жастар ресурстық орталығы ұйытқы болған әрі сенбілік әрі саяхатқа аталған мекемелердің қызметкерлері, колледж студенттері мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Сонымен қатар сауапты шараға Шу аудандық мәслихатының депутаты әрі аудандық ЖРО директоры Ғани Қойбағаров та ат салысты.
-Еліміз бойынша өткізіліп жатқан экологиялық акцияның жастарға берері мол. Бұл ең алдымен жастардың төл тарихымызбен танысуына мүмкіндік тудырып, жәдігерлерге жанашырлықпен қарау туралы көзқарасты қалыптастырады. Шараға қатысқан жастар өз таңданыстарын жасыра алмай, осынау сапардан ерекше әсер алғандарын айтуда. Әрбір азамат туған жерді, соған байланысты тарихты сүйіп оны таза ұстауға талпынуы қажет. Сол үшін осындай шаралардың жиірек өтуі түрткі болады деп ойлаймын,-деді Ғани Бірлікұлы.
Тазалық шарасында ескі қалашық ішіндегі қураған шөптер тырмаланып, қоқыстар қаппен шығарылды. Соның нәтижесінде аумақтың бір бөлігі мұнтаздай таза болды. Шара соңында еріктілік танытып, ерінбей еңбек еткен жастарға Ғ.Қойбағаров өз алғысын білдірді.
Шу ауданы