МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖҰМЫСТАРЫ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

Өткен аптада аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы мен аудан әкімі аппаратының басшысы Мейірхан Төлеулиев аудан орталығындағы білім беру мекемелерінің жай-күйімен танысты. Білім беру нысандарының ішкі жағдайын, жылыту маусымына дайындығы мен түсірілген көмірлерді көзбен көрді.
Сонымен қатар Әлихан Әбіләшұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен басталған 1-4-сынып оқушыларын 100% ыстық тамақпен қамтылуын бақылап, күнделікті ас мәзірімен танысты.
М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейі мен Жамбыл мектеп-гимназиясының жаңадан тағайындалған директорлары Шыңғыс Жашаралин мен Жаңыл Әшірімбетоваларға алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қазақстан халқына қорының қаржыландыруымен жабдықталған Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің жаңартылған бейнесінің көңілінен шыққанын жеткізген аудан басшысы игі істің берері мол болуы үшін мектеп ұжымы жұмыла еңбек етіп, жақсы ұрпақ тәрбиелеп шығуы үшін орасан күш жұмсау керектігін айтып өтті.