Ата-анаға құрмет

Алла Тағала адам баласына ата-анасына құрмет көрсетуді міндет қылған. Осы міндетті орындау арқылы мұсылман адам Алланың рахыметіне ие бола алады. Ата-ананың ризалығын таба отыра Алла Тағаланың ризалығын табамыз. Ал оларды наразы қылсақ Алланың наразылығына ұшыраймыз.  Барша әлемнің Иесі Жаббар Хақ Құран Кәрімде үш нәрсенің қабыл болуын үш нәрсенің істелуімен байланыстырды.

  1. Намаздың қабыл болуы зекеттің берілуіне байланысты. Зекет беруге жағдайы келген адам зекет бермесе, намазы қабыл болмайды. Бұған дәлел келесі Құранның аяты:«Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер».  Бақара: 43
  2. Аллаға бойұсынған адам Алланың Елшісі Мұхаммедған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)-ға да бойұсынуы керек. Бұл нәрсеге де дәлелді Қасиетті Құраннан таба аламыз: «Аллаға бойұсыныңдар және Алланың Елшісіне бойұсыныңдар, әлбетте мәрхаметке бөленесіңдер». Әли Ғимран: 132
  3. Аллаға шүкір еткен адам ата-анасына да шүкір ету керек. Оның да дәлелін Құраннан табамыз: «Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Кайтар орның Мен жақ».  Лұқман: 14

Қасиетті Құранда Ата-анаға құрмет көрсетудің маңыздылығын баяндайтын  аят бар: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір қылды. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме. (Кейіс білдірме.) Сондай-ақ ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. (23) Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегендей Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!»,-де». (24)   Исра:23-24.  Яғни бұл аятта Алла Тағала  Өзінен басқа ешкімге құлшылық етпеу мен қатар ата-анаға құрмет қылуды бұйырады. Екеуінің бірі немесе екеуі де сенің жаныңда кәрілікке жетсе, оларға кейіп, тіл тигізбек түгіл түһ деп ренжіме. Олар сен кішкентай болғанда сені қалай мейірімдеріне алып, мәпелеп бақса, сенде олар үшін Аллаға жалбарынып, Алланың оларға рахметі болсын деп дұға қыл және оларға әрдайым мейірімді бол,-деп Рақымды Алла Тағала бұйырған. Бұл жайында Пайғамбарымызған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде былай деген: «Кім әке-шешесін риза қылса, Жаратушысын риза қылғаны. Кім әке-шешесін наразы қылса, Жаратушысын наразы қылғаны. Кімнің жанында ата-анасының біреуі немесе екеуі де кәрілікке жетіп, ол оларға құрмет көрсете алмаса тозаққа кіреді. Оны Алла өзінен алыстатады. (қиямет күні)».

       Ислам ғалымдары баланың ата-ана алдында осы дүниеде тірі күндерінде он борышы бар деген:

  1. Ата-анасы тағамға мұқтаж болса, баласы оларды тамақтандыру керек.
  2. Ата-анасы киімге мұқтаж болса, баласы қауқарының жеткенінше киіндіріп, қамқорлығына алуы міндет.
  3. Ата-анасы кәрілік немесе сырқаттың себебі мен қызметке мұқтаж болса, баласы әке-шешесінің қызметінде болуы керек.
  4. Олар шақырса, жандарынан табылуы керек.
  5. Егер бір нәрсені бұйырса, бұйрықтарын бұлжытпай орындауы міндет. Ол бұйрық Алланың әміріне қарсы келмеген болса.
  6. Ата-анамен сөйлескенде дауыс көтермей, әрқашан кішіпейіл болуы керек.
  7. Оларды аттарымен шақырмай, әдеп сақтауы керек.
  8. Көшеде жүргенде алдыларына шықпай, арттарында жүргені дұрыс болады.
  9. Өзіне не нәрсені жақсы көрсе, соны әке-шешесіне де калауы, өзіне не нәрсені жаман көрсе, оны ата-анасына да қаламауы керек.
  10. Олар үшін Аллаға кешірім сұрап, жалбарынып дұға қылуы керек. Өткен пайғамбарлар да өздерінің ата-аналарына дұға кылған. Мысалы Нұх (а.с) туралы Құранда былай дұға қылғаны жайлы аят бар: «Раббым мені, әке-шешемді жарылқа»- делінген. Нух:28.      Ибраһим (а.с)-ныңда дұға қылғаны туралы аятта бар: «Раббымыз! Есеп болатын күні, мені, әке-шешемді және мүминдерді жарылқа».

Пайғамбарымыздың ған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары ата-анаға дұға қылуды тастаған адамның ырыздығы азайып, өмірі қиындайды деп ескерткен. Осымен қатар ислам ғалымдары баланың ата-ана алдында олар о дүниелік болғанда да үш борышы бар деген:

  1. Бала өмірде салиқалы мұсылман болуы керек. Өйткені ата-ана баласының жақсы болғанын қалайды.
  2. Ата-анасының туған-туысқандары мен көздерін көрген адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуы керек.
  3. Ол кісілер бұл дүниеден өткеннен кейін, олар үшін Аллаға истиғфар айтып, дұға қылуы керек. Олар үшін садақа беріп, қайыр-жақсылық қылғаны сауап болады.

 

Бақытбек Төлеген