ДУМАНҒА БӨЛЕП ДАЛАНЫ мерейтойы өтті қаланың
Биыл арқадағы қазыналы өңірдің бірі – Қаражал қаласына 60 жыл толып отыр. Сонау, 1963 жылдың 8 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Қаражал қаласын құру туралы» Жарлығы шыққан еді. Сайын даланың төскейінде алып өндіріс бой көтеріп, Қаражал қаласының іргесі қаланды. Содан бері де міне, 60 жылдың жүзі болыпты…
Қойнауы қазынаға толы өңірден Менделеев кестесіндегі элементтердің сан түрі табылып, осынша уақыт бойы ел игілігіне жұмсалып келеді. Кешегі кеңестік дәуірде атағы дүркіреп, өрлеудің шыңына жетті. Тоқырау жылдарындағы біраз ауыртпалықты бастан өткерді. Бірақ келешегін осы жермен байланыстырған, ертеңгі жарқын күнге сенім артқан халықтың сағы сынбады, қайраты қайтпады. Туған жерді түлетуге бар күшін салып, қажырлы еңбек етті. Сенім ақталды, қала қайта жаңғырды. Бүгінгі той – соның айғағы…
Даланы думанға бөлеген қаланың 60 жылдық тойы шаһардан алт шықырым жерде, елуге жуық ақшаңқан кигіз үйлер тігілген тойлы ауылда басталды. Әуелі жергілікті өнерпаздар жұртшылықтың назарына қазыналы өңірдің тарихынан сыр шертер шағын театрландырылған көрініс ұсынды. Бұдан соң сахнаға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалди, Парламент Сенаты кеңесінің мүшесі Серік Ақылбай,Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов, Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев шығып, жұртшылықты мерейтоймен құттықтады.
– Кейінгі он жылдықтың көлемінде қазыналы өлкенің екінші тынысы ашылғандай. Қалада әлеуметтік нысандар бой көтеріп, республикалық маңызы бар Қаражал-Жәйрем, Қаражал-Жаңаарқа автомобиль жолдары, облыстық маңызы бар Қаражал-Атасу тас жолы қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, қалаішілік жолдардың жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтар болсақ, биыл Қаражал қаласының 19 көшесінің, Жәйрем кентінің 13 көшесінің автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстары қолға алынды, – деді өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.
Аймақ басшысы өз кезегінде қалының өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өзінің сүбелі үлесін қосқан бір топ қаражалдықтарды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Салтанатта сондай-ақ, Ерболат Сатыбалин мен Серік Ақылбай өздерінің ақжарма тілектерін жеткізсе, қала әкімі Тілектес Досаев жерлестерін мерейтоймен құттықтап, бір топ азаматтарды марапаттады.
Қазақтың қай тойы ұлттық спорт ойындарысыз өтіп еді. Қаражалдың 60 жылдығында да ұлттық спортқа кеңінен орын берілді. Әсіресе ат спорты тойдың мерейін үстем етті. Еліміздің әр аймағынан ұлттық спорттың «мен» деген мықтылары бұл күні Қаражалда кездесті.
Ұлттық спорт ойындарының шымылдығы көкпармен түрілді. Әрісі Тараздан, берісі Жаңаарқа өңірінен келген көкпаршылар екі күн бойы қаражалдың баурайын дүбірге бөледі. Ел әсіресе бүгінде атағы жер жарып тұрған «Әулие Ата» командасының ойынын тамашалауға ағылды. Олар да көрермендерін жерге қаратпады. Шабандоздар даланың шаңын аспанға көтеріп, көмбеге салым салып жатты.
Ұлттық ат спорты ойындарының көрігін теңе алу, қыз қуу сайыстары да сәт іқыздырды. Қыз кууда бұрымдыға жете алмай, есесіне жауырынында қамшы ойнаған жігіттер де болды. Ал теңге алуда епті жігіттер көрермендерді тәнті ететін өнер көрсетті.
Балуандарға арналған алаңда алыс-жақыннан келген белді жігіттетер қалы кілемнің шаңын қақты. Алыс, жақын деп бөліп жарып отырғанымыз да тегін емес. Алпыс жылдық тойына әрісі Абай облысынан, берісі Павлодар мен Қарағанды облыстарынан, Астана қаласынан балуандар келіп бақтарын сынады.
Мезгіл түс ауа ат спортына арналған алаңда дода дүбірі қайра естілді. Бұл жолы желмен жарысқан жүйріктер бірінен бірі оза шауып, бәйге десе делебесі қозатын қазақтың қанын тағы бір рет тасытты. Әуелі жарысқа тай мінгендер шықты. Оған 28 жүйрік қатысты. Ал құнан жарыста 25 құнан жарыс жолына шықса, аламанда 40 ат шапты. Тай жарыста мәре сызығын Ұлытау облысының жүйрігі бірінші, Луговой ауылынан келген тай екінші, «Ақ ой» ауылының жүйрігі үшінші болып кесті.
Құнан жарыста «Талдыбұлақ» ауылынан келген құнан бірінші, Осокаровка ауданынан келген құнан екінші, Жамбыл облысының жүйрігі үшінші орынды иемденді.
Аламанда Жамбыл облысынан келген «Сарыарқа» атты жүйрік мәре сызығын бірінші болып кесті. 35 шақырымға шапқан кілең жүйріктен оқ бойы озық келген тұлпар иесін шетелдік жеңіл көлікті ұтып әперді. Екінші орынның жүлдесі де жамбылдықтардың еншісінде кетті. Ал, үшінші орын Шет ауданынан келген тұлпарға бұйырды.
Ізтай Белгібайұлы.