ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ ӘЛЕМІ МАТЕМАТИКТЕРІНІҢ VII ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КОНГРЕСІ БАСТАЛДЫ
Бүгін облыс орталығында Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік Конгресінің ашылу салтанаты өтті. Шараға Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысын құттықтауында бұл шараның мән-мағынасы зор екені, матемиканың адамға берер пайдасы, Қазақстанда математиканың мықты мектебі қалыптасқаны, Конгрестің математика ғылымының дамуына тың серпін беретіні баяндалған. Сонымен қатар өңір басшысы қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі өтіп жатқан Дүниежүзілік Конгресс біздің өңірде өтіп жатқаны үлкен мәртебе. Математика ғылымы – әлемге, оның ішінде түркі әлеміне Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Абу Райхан Аль-Бируни, Мырза Ұлықбек сияқты ғұлама математик – ғалымдарды берді. Олардың аса дәлдікпен ашқан ғылыми жаңалықтары осы күнгі дейін адамзатқа қызмет етуде. Өңірімізде 1 мыңнан астам мектептерде 500 мыңнан астам оқушылар білім алуда. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы біздің облыста. 5 мыңға жуық педагогтар жаратылыстану-математика бағыты бойынша дәріс беруде. Республикамызда математика пәні мұғалімдері арасында бірінші болып «Түркістан облысы математика пәні мұғалімдерінің» қоғамдық бірлестігі құрылды. Облыста матемика бағытында оқушыларымыз халықаралық деңгейде жүлделі орындардан көрініп келеді. Бүгінгі өтіп жатқан Дүниежүзілік Конгресс біздің облыс жастарынының математика ғылымына деген қызушылығын арттырып, әлемдегі математика ғылымының дамуына елеулі үлес қосады деген сенімдемін, – деді облыс әкімі.
Облыстағы 12 мамандандырылған «Дарын» мектеп–интернаттарында жаратылыстану-математика бағытында 3600 оқушыға білім алуда. Ал республикада «Ең үздік 100 мектеп» қатарына Түркістан облысынан 11 мектеп ендірілген. Биыл «Азия-Тынық мұхиты» және «Жібек жолы» Халықаралық математикалық олимпиадасында 20 елдің арасында Түркістан облысының екі оқушысы жүлделі 3 орынға, сонымен қатар Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша Халықаралық олимпиадада Түркістан облысының командасы жүлделі орынға ие болды.
Ғылыми форум көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Түркі әлемі математикалық қоғамының президенті академик Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлының төрағалығымен 20-23 қыркүйек аралығында Түркістанда өтеді. Конгрестің негізгі мақсаты – ғалымдардың халықаралық байланыстары мен ғылыми ынтымақтастығын кеңейту, математика ғылымының дамуына және математиканың, ақпараттық технологиялардың жетістіктерін ғылыми зерттеулерде, техника мен білім беруде қолдануға үлес қосу.
Түркі әлемінің математикалық қоғамы (Turkic World Mathematical Society, TWMS) Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен өтіп жатқан Конгреске әлемнің 20 мемлекетінен 400-ден астам математик ғалым қатысуда. Пленарлық 8 баяндаманы Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның әлемге танымал ғалымдары жасайды. Математиканың 10 бағыты бойынша секцияларда және бір шағын симпозиумда қазіргі математика ғылымындағы соңғы ғылыми нәтижелер бойынша 405 баяндама ұсынылады.
Математика ғылымын дамытудың және оның компьютерлік мүмкіндіктермен және өндіріспен байланысын нығайтудың маңыздылығын бәрі біледі. Осы бағытты басшылыққа ала отырып, ғалымдар қойылған міндеттерді іске асыруда математика ғылымының рөлін арттыруға ерекше назар аударады. Форум сонымен қатар орта және жоғары мектептерде ақпараттандыру мен математиканы оқытудың заманауи мәселелерін қарастырады. Пікір алмасуға және математика ғылымдарының соңғы жетістіктері туралы ақпарат алуға тамаша мүмкіндік беретін Конгресте түркі әлемінің математиктері көтерген өзекті мәселелерді бірлесіп шешу үшін ғылыми бағдарламалар дайындау көзделіп отыр. Ғылыми форум жұмысы барысында математика ғылымдарының дамуына ерекше үлес қосқан математиктер медальдармен марапатталады және TWMS Конгресінің лауреаттары болып жарияланады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі