ШАҒЫН СПОРТ АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ
«Туған елге туыңды тік» — демекші, Тамды ауылдық округінде «Asiachem» жауапкершілік шектеулі серіктестігінің директордың орынбасары Жасұлан Алпамысұлы Қойгелді орта мектебіне демеушілікпен оқушыларға арнап спорт алаңшасын салып берді.
Таласта Жасұландай азаматтардың өскен өлке еншісіне елеулі дүниелерді тартулап келе жатқанын ыстық ықыласпен айтуға болады.
Соның нақты бір дәлелі – бүгін Тамды ауылында ел игілігіне ұсынылған шағын спорт алаңшасы.
Жас ұрпақтың шыңдалуына жол ашып, ауыл жастарына есігін айқара ашқан бұл игі шара көптеген жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, әлемдік деңгейдегі батырларымыздың шығуына септігін тигізеді деген үміттеміз.
Спорт – денсаулық кепілі, денсаулық адам өмірінің негізі. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған.
Бұл игі істер жалпы халықты дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында жасалынып отыр.
Ел игілігі жолындағы сауапты істі спорт арқылы атап өтіп, халықты спортқа тартып жатқандығына алғысымыз шексіз .
Салтанатты лента қию рәсімінен кейін алаңда аудандық кіші футболдан 3-4 сыныптар арасындағы футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Футболды жақсы көретін ауыл жастары үшін бұл тамаша сыйлық. Бұдан былай шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл алаңшаның есігі әрдайым ашық болмақ.
Мақсат Қазанғапов, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы