Таразға 14 елді мекен мен 2 саяжай қосылады
Тараз қаласында жыл басынан бергі 8 айда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өзгерістер қалыптасқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 326,4 миллиард теңгені құрап, 106,8 пайызға жеткен. Ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім көлемі 5,4 миллиард теңгені құрап, 100,1 пайызға орындалыпты. Бұл жөнінде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мәлімдеді.
Бақытжан Әмірбекұлының айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 69,2 миллиард теңгеге жетіп, 91 пайызды құраған.
– Құрылыс жұмыстарының көлемі 32,2 миллиард теңгені құрап, 99,4 пайызға орындалды. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 188 мың шаршы метрге жетіп, 100,1 пайызға атқарылды. Ал, бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі 215,7 миллиард теңгені құрап отыр. Биыл 2020- 2025 жылдарға индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Дәмді себет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру» жобасы іске асырылды. Сондай-ақ, қала аумағында 2023-2024 жылдары жалпы құны 32,2 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, жобалар іске асырылғанда 884 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Бүгінгі күнде жалпы жобалау жұмыстары барысында, қала аумағын заман талабына сай дамыту, көркейту және жер кезегі мен пәтер кезегіндегі азаматтарды қамту мақсатында, қала аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты жалпы 14 елді мекен және 2 саяжайды қосу жоспарлануда. Бас жоспарға сәйкес, қала аумағын Байзақ және Жамбыл аудандары есебінен 12905,3 гектар ұлғайту жоспарлануда, нәтижесінде қала аумағы 31693,7 гектарды құрайтын болады.
Биыл Тараз қаласының бас жоспары бойынша екі әкімшілік аумаққа бөлу жұмыстары аяқталады. 2023 жылы ұзындығы 86,8 километрді құрайтын 44 жобаны (144 көше, бұрылыс, тұйық, өткел және 7 жаяу жүргінші жолы (ұзындығы 6,9 км) орташа жөндеуге қалалық бюджеттен 3 361 748,9 мың теңге бөлінді. Бұдан бөлек, қайта жаңғырту бойынша 2 нысан жүзеге асырылуда. Жобаларының жалпы құны 1 140 278,828 мың теңге, ұзындығы 5,6 километрді құрайды. Ал, көптен бері мәселесі шешілмей келе жатқан «Бурыл» массивінде орташа жол жөндеу жұмыстары басталды. Қалған жұмыстар 2024 жылға қарастырылған.
Сондай-ақ, Тараз қаласы «Барысхан» тұрғын алқабындағы қоғамдық көлік жүретін негізгі 2 көше жөндеуден өтеді. Қалған көшелер келесі жылы толық асфальтталады. Шаһардағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 493 көше мен бұрылыстарға түнгі жарықтандыру жүргізілді. Нақты айтсақ, бұл жұмыстарға 2021 жылы қалалық бюджеттен 180 миллион теңге (33 көше), 2022 жылы 180 миллион теңге (38 көше), 2023 жылы 500 миллион теңге (68 көше) қарастырылды.
Биыл 68 көшеде құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттар электр тасымалдайтын мекемеге өткізілуде. Сондай- ақ, қосымша тағы 15 көшеге жарық шамдарын орнату жұмыстары аяқталды. Жалпы, Тараз қаласы бойынша биыл 83 көше самаладай жарқырайтын болады, – деді шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков.
Халық тығыз қоныстанған қалада қоғамдық көлік те өзекті мәселе. Бұған дейін де тараздықтар қаланың шет аймақтарына автобустардың аз баратынын айтып келген. Қала әкімінің айтуынша, тұрғындардың сұранысымен №19 бағыт «Шалғай Қарасу» алқабына, №55 және №28 бағыттар «Ұлы дала» (15) шағынауданына, №12 және №34 бағыттар Родничок, Қайнар алқаптарына дейін созылыпты.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан жиі наразылықтар туындаған «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарына қызмет көрсететін №54 бағыттың кесте саны 5-ке дейін көбейтіліп, жүру аралығы 20 минутқа қысқартылса, қосымша 3 кестемен Құмшағал, Көлтоған алқаптары Теміржол вокзалы бағытында қызмет көрсетуді бастаған. Бұдан бөлек, тұрғындардың сұранысымен 1 мамырдан бастап «Smart City Servise» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсетіп отырған №9 автобус «Арай», 1 маусымнан бастап «Шаңырақ» алқабына дейін созылған. Жолаушы бағыттарын ашу аясында «Саяхат-99» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан №20 бағытқа, «ТаразТрансМоторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен №10 бағытқа, «Smart City Servise» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан №56 бағытқа қызмет көрсетіле бастаған. Сондай-ақ, биыл қала аумағына 36 дана аялдама орнату үшін қала бюджетінен 95,2 миллион теңге қаржы қаралыпты.
Бүгінде аялдамалар толығымен орнатылып, қосымша жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса 9 жарық диодты таблоларды орнату жұмыстарына бюджет есебінен 17 миллион теңге қаржы қаралып, жеңімпаз мердігер «Орталық диспетчерлік қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі монтаждау жұмыстарын аяқтаған.
– Автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстарына келсек, бұл бойынша ағымдағы жылы 38 бірлік жаңа автобустар жеткізілді. Атап айтқанда, «Автобус паркі-2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ZHONG TONG» маркалы 20, «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ZHONG TONG» маркалы 3 бірлік, «ПАЗ» маркалы 5, «Smart City Servise» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы «Golden Dragon» маркалы 10 автобус әкелінді. Сонымен қатар, «СапарТранс-2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан кемінде 10 бірлік Yutong маркалы автобустарды қыркүйек айында жеткізу қолға алынса, «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 15 бірлік автобус жеткізу жоспарда бар. Сонымен қатар, «Smart City Servise» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 60 бірлік автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалды.
Бүгінгі күні шаһарды ағын сумен қамтамасыз ететін арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, жүйелерді қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделіп отыр. Осы мақсатқа биыл қала бюджетінен 940 миллион теңге қаражат қарастырылды. Мердігер мекеме – «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың өңірлік жоспарына сәйкес, биыл 15 мың тал егу жоспарланған. Көктем айында 7 мыңнан аса тал егілді. Енді қалған ағаш көшеттері күз айында толықтай егіледі деп жоспарлануда. Осы орайда 15-шағынауданнан арнайы саябақ орны ұйымдастырылуда. Үлкен аумақты алатын бұл демалыс орнына 10 мыңнан астам тал отырғызылады деп көзделуде. Қаладағы қоқыс контейнерлері де талапқа сай ауыстырылып жатыр. Бүгінгі күнге 520 қоқыс контейнерлері сатып алынып, тиісті орындарға қойылды.
Биыл Тараз қаласы аумағында 26 ауланы абаттандыру қолға алынды. Ол үшін бюджеттен 675 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 26 аула бойынша «Проект и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып анықталды. Бүгінгі таңда мердігер серіктестікпен келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізіліп, 23 аула бойынша абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын, – деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Таразда биыл 7 мектеп пен 1 бөбекжай-бақша ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2 116 925,3 мың теңге қарастырылыпты. Білім мекемелеріндегі 23 мектепке ағымды жөндеу жұмыстарына 138 398,5 мың теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілген.
Ақ жол газеті