«Жуалы газ» суперкубок иегері атанды
Футболдан «Qyzmet Cup» мекемелер қызметшілері лигасының суперкубок иегері анықталды.
Алғаш рет ұйымдастырлып отырған Суперкубокты алдыңғы өткен жарыстардың жеңімпаздары «№14 спорт мектебі», «Д.Қонаев МГ», «Жуалы газ», «Б.Майлин ОМ» командалары сарапқа салды.
1/2 финал ойындары өте тартысты өтті. Бірінші ойында «№14 спорт мектебі» мен «Б.Майлин ОМ» командалары өте тартысты ойын көрсетті. Негізгі уақыт 0:0 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясымен аяқталды. Бұл жолы «Б.Майлин ОМ» командасының асығы алшысынан түсіп, пенальтиден жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Финалдық кезеңге өту үшін «Жуалы газ» және «Д.Қонаев МГ» арасында өткен екінші ойында тартысты өтіп, негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталып, пенальти сериясына ұласты. Бұл ойында «Жуалы газ» командасының мерейі үстем болды.
Суперкубоктың финалы «Жуалы газ» бен «Б.Майлин ОМ» командалары арасында өтті.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Қос команда тарапынан жиі шабуылдар көрініс берді.
Нәтижесінде «Жуалы газ» командасы сапынан Қайсар Мейірманов, Саят Нұрмаханов, Абай Мейірхан бір-бір голдан салды.
Оған «Б.Майлин ОМ» командасы сапынан Тимур Диханбаев бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Жуалы газ» командасы қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, алғаш рет суперкубок иегері атанды.