КЕЗЕКТІ АППАРАТТЫҚ КЕҢЕС

 Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте «2023 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы» туралы экономика бөлім басшысының міндетін атқарушы И.Тілікова баяндады.
8 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 60 млрд. 331,6 млн. теңгені құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 7 млрд. 103,5 млн. теңгеге орындалып, жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 2 млрд. 395,2 млн. теңге, көтерме сауда тауар айналымы 1 млрд. 783,6 млн. теңге, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 12 млрд. 35,6 млн. теңгені құрады.
Мал шаруашылығы саласында мүйізді ірі қара — 30 674 басқа, қой-ешкі – 256 837 басқа, жылқы – 10 509 басқа, түйе – 3 489 басқа, құс – 25 850 басқа жеткізілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 6 169 басқа, қой-ешкі – 7 162 басқа, жылқы – 2 044 басқа, түйе – 294 басқа, құс – 513 басқа артты.
🔰Сонымен бірге, баяндамашы 9 айда орындалатын болжамды индикаторлық көрсеткіштерді атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Бас жоспарға сәйкес елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту шаралары және саладағы өзекті мәселелер» туралы құрылыс бөлімінің басшысы Қ.Әукенов баяндап, аудан аумағындағы қала мен аудан орталықтарындағы негізгі бас көшелердің белгіленген «қызыл сызық» құрылыс салу шекарасында орналасқан кәсіпкерлік сауда орындары, дүңгіршектері мен құрылыс нысандарын анықтау мақсатында жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысын атап өтті.
🔰Сонымен бірге, бөлімнің алдағы уақытта атқарар жұмыстарымен бөлісті, мәселен, елді мекендердегі әлеуметтік, өндірістік, кәсіпкерлік нысандарының сыртқы сәулеттік-көркемдік, композициялық келбетінің және саябақтары, аллеялары мен скверлердің эскиздік жобаларын әзірлеу; аудан елді мекендерінде құрылыс салу шекарасы қызыл сызық нормаларын бұзып, құрылысы салынған нысандарға зерделеу жүргізу; Жанатас қаласы мен ауылдық округтерде сәулеттік келбеті келіспеген ғимараттардың сыртқы қасбетін ретке келтіру, жақсарту және қала құрылысы талаптарын қатаң сақтай отырып, ғимараттардың сәулеттік келбетіне әзірленген эскиздік жобаларды басқармамен келісуден өткізу;
Көтерілген әр тақырып бойынша аудан басшысы баяндамашыларға сұрақтар қойып, бөлім мен ауыл әкімдері арасындағы ортақ жұмысты жүйелеуді, тығыз байланысты орнатуды тапсырды.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі