Шерхан Мұртаза – 91 жас
Ұлт рухының жаршысы еді…
Шерхан Мұртаза – қазақ халқының айбарына, жүрегі елім деп соғатын барша азаматтың мақтанышына айналған, бабалар қанымен келген ел тәуелсіздігімен қатар аталатын тұлға. Әрбіріміздің үлкен толғаныспен, ерекше сезіммен тұлға деп танитын, өмірлік кредомызға көшбасшы етіп алар Шерхан Мұртазаның басты азаматтық ұстанымы – тәуелсіздігімізді баянды ету болды.
«Тәуелсіздікті – тарихтан жеткен ұлы сыйға» балаған Шераға ұлттық руханиятымыздың әрбір саласының дамуына сүбелі үлесін қосты. Әсіресе, егемендіктің алғашқы жылдары ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мен ел дамуының басым бағыттарын айқындауда талантты журналист, баспасөз сардары, шебер жазушы, қоғам қайраткері, дарынды драматург, ұлт жанашыры ретінде аянбай қызмет етті. Осы себепті де, жаңа, әділетті Қазақстан қоғамын құруда халқымыз бен әрбіріміз Шерхан Мұртазадай ұлық туған перзенттерге ерекше сенім артып, көп арқа сүйеуіміз қажет.
Шераға – тек алғыр журналист, шебер прозашы, дарынды драматург қана емес, публицистика жанрында да елеулі еңбек еткен талантты сөз зергері. Қара басының қамын ойламай, мансап қумаған ардагер жазушы қандай жоғары дәрежедегі қызметтерді атқарса да өз ұстанымынан танбай, үнемі халық қамын, ұлт мүддесін жоқтап, шындықты жалтармай, тура айтқан Шер-ағаның өмірден теперіш көрген сәттері де жоқ емес.
«Уақыт – ірі көзді елек тәрізді деседі. Оның елегінде ересендер ғана қалады», «Ұлы заманға ұлы адамдар ғана айна бола алмақ» деген өз толғамдары Шерағаның өз болмысына сай айтылғандай.
Бүгін Шерағаның туған күні, өмірге келген күні. Қазақ халқының шынайы жанашыры, ұлт рухының жаршысы ретіндегі оның есімі — мәңгілік.
Ерболат САУРЫҚОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.