«ШЕРХАН ОҚУЛАРЫНЫҢ» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

«Достық» мәдениет үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай, «Шерхан оқуларының» облыстық байқауы өткізілді.
️Рухани кештің шымылдығын аудан әкімі Мұртаза Жалғас Алижанұлы алғысөзбен ашты. Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ахметова Мөлдір Әнуарбекқызы Шерағаның шығармашылығын дәріптеп, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Байқаудың қазылар алқасы құрамында «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-нің директоры, журналист Дәуіт Әбдірашұлы Оралхан, немересі Аризат Батырханқызы Мұртаза, «Шерхантану» ғылыми зерттеу орталығының қызметкері Айнұр Тұрарқызы Кенбаева төрелік етті.
️Байқауға 17-35 жас аралығындағы жастар қатысты. Әр ауданнан келген үміткерлер «Шынның жүзі — Шераға», «Аңыз тұлға – Шераға!», «Шырақшысы шындықтың», «Бір кем дүние…» тақырыбындағы шарттар бойынша сынға түсті.
Байқау қатысушыларының өнерін бағалау кезінде мемлекеттік тілді жетік білуі, сахнада өзін-өзі ұстауы, орындау шеберлігі, уақытты тиімді пайдалануы ескерілді.
️Байқау қатысушылары мен жеңімпаздары шығармашыл жастардың әдебиет пен өнерге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хатымен және дәрежелі Дипломдарымен марапатталды.
Байқау қатысушыларын Талапты аулындағы Шерхан Мұртазаның мемориалдық үйіне апарып, дүниетаным көкжиектерін кеңейтетін тағлымды іс-шарамен толықтырды. Музей қызметкері Гүлсім Төлегенқызы Шерағаның өмір өрнегімен таныстырып, әр бөлменің ерекшелігін атап өтті. Қазақ мәдениетінің тарихы осылай жалғасын таба бермек!