«Жат ағымдармен күрес күн тәртібінен түспейді»
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі – сол аудандағы саяси, мәдени, спорттық және тағы басқа іс-шараларға жауапты мекеме. Сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдар жұмысын үйлестіреді. Осыған орай Жамбыл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Құтжанмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Бақытжан Райымбайұлы, ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын тұрғындар арасында ақпараттандыру қалай іске асуда?
– Жыл сайын Президент Жолдауын асыға күтеміз ғой. Биылғы Жолдауды ұжымымызбен тыңдап, Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың жалғасы екенін түсіндік. Бұл Жолдауды халқымыз біздің алдыңғы қатарлы дамыған ел, қуатты мемлекет болуымыздың өзекті де маңызды бағдары мен бағдарламасы ретінде қабылдады деп есептеймін.
Әрине, Жолдауды тұрғындар арасында ақпараттандыру ішкі саясат бөлімі жұмысының негізгі бағыты болғандықтан кеңінен насихаттап жүрміз. Жолдауда айтылған әрбір маңызды бағыттар туралы ауданның Құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестік өкілдері, тағы басқа сала мамандарының пікірлері аудандық «Шұғыла-Радуга» газеті мен әлеуметтік парақшаларда тұрақты жариялануда. Бүгінгі таңда газет беттерінде 20-дан, әлеуметтік желілерде 200-ден астам пікір жазылды.
Елді мекендерде Жолдауды насихаттайтын 15 ақпараттық-көрнекілік құралы орналастырылды.
– Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқарады. Бүгінде ауданда бұл салалардың өзара байланысы қай деңгейде қалыптасқан?
– Ауданда әртүрлі әлеуметтік қызметтер көрсететін 40 үкіметтік емес ұйым бар. Оның 28-і қоғамдық бірлестік, 10-ы қоғамдық қор және екеуі заңды тұлғалар бірлестігі.
Қоғамдық ұйымдардың негізгі бағыттары – мәдениет, қайырымдылық көмектер көрсету, денешынықтыру мен спортты дамыту, азаматтардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында осы жылы 5 лот бойынша жұмыстарды жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде: ішкі саясат бөлімі – 1 жоба, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі – 2 жоба, «Халықты жұмыспен қамту орталығы» – 1 жоба және аудандық жастар ресурстық орталығы – 1 жоба.
Конкурстар нәтижесінде барлық әлеуметтік жобалардың жеңімпаздары анықталып, тиісті шаралар атқарылуда. Сондай-ақ халықты жұмыспен қамту орталығы мекемесінің қайта құрылуына байланысты әлеуметтік жобаға қаралған қаражат мемлекеттік бюджетке қері қайтарылған.
Мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді жүзеге асыру үшін қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті атқарушы органдардың өзара тиімді ынтымақтастығы мен әріптестігі аясында өткен жылы жергілікті атқарушы орган басшыларының 5 кездесуі, осы жылы 2 кездесуі өткізілді.
Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен жұмыс құралының бірі – аудан әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес. Өткен жылы кеңестің 2 отырысы, биыл 1 отырыс жоспарға сай өткізілген.
Жалпы азаматтық сектор өкілдерімен әріптестік тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында ғана емес, жекелеген шараларды да қолдау жұмыстарында көрініс тауып отыр. Мәселен, өткен жылы «Аса аялы алақаны» қоғамдық қорымен бірлесе «Қамқорлық ізгі жүректен» атты қайырымдылық концерті өтті. Шара мақсаты – мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларды қолдау, оларды әлеуметтендіру, жиналған қаржыға балаларға қажетті құрал-жадықтарды сатып алу.
Сондай-ақ «Ар-Рашид руханият» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп Шайқорық ауылында қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановпен кездесу, рухани кеш ұйымдастырылды.
Жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттаумен айналысатын «Геккон» спорттық-туристік клубы» қоғамдық ұйымымен бірлесе Меркі тауларына танымдық тур өткізілді.
Осы жылы аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық және ауылдық Аналар кеңестерінің төрайымдары Түркістан қаласына танымдық сапармен барып қайтты.
«Жанашыр жан» қоғамдық қоры әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы 20-ға жуық отбасына азық-түлік себетін таратқан. Алдағы уақытта қоғамдық ұйымдар тарапынан мұндай игілікті істер өз жалғасын табады деп сенеміз.
Сонымен қатар осы жылдың қыркүйек айында өткен «Мемлекет. Қоғам. Бизнес. Әділетті Қазақстанды құрудағы әріптестік» атты облыстың ХІ Азаматтық форумында ауданның 3 қоғамдық бірлестік жетекшісі облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Жалпы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл шаралары тұрақты назарда.
– Аудан көлемінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау, олардың жай-күйін бақылауды жүзеге асыру ішкі саясат бөлімінің құзыретінде екені анық. Осы орайда жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде не айтасыз?
– Мемлекеттік рәміздер – ел егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін еліміздің басты нышаны.
ҚР Мемлекеттік рәміздеріне деген құрмет сезімдерін қалыптастыру, насихаттау, дұрыс қолдану және пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын жыл бойы тұрақты түрде жүргізу – басты назарда. Аудан әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның жұмысы мен аудан аумағында мемлекеттік нышандардың пайдаланылуын бақылау біздің бөлімге жүктелген. Комиссияның жылдық жоспары бойынша, жылына 2 рет комиссия отырысы ұйымдастырылып, бұл бағыттағы жұмыстар ретке қойылған.
Конституциялық Заңның 13-бабына сәйкес әрбір азамат рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті болса, бекітілген стандарттарға сәйкес рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға жол берілмейді. Жыл басынан бері Мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы мен қолданылуы бойынша кемшіліктер анықталған жоқ. ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау және нормативтік құқықтық деңгейде қолданылуы бойынша жауапты мамандарға республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі арнайы мамандарының қатысуымен 2 рет оқыту семинары өткізілді.
Сонымен қатар 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне арнайы жоспар әзірленіп, түрлі форматтағы 25 іс-шара өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында бейнероликтер жарияланып, 30-ға жуық ақпараттық-көрнекілік құралы орналастырылды.
Биылғы мереке жерлесіміз, суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтің 85 жылдығымен тұспа-тұс келді. Оны лайықты деңгейде атап өту – біздің азаматтық парызымыз. Бұл мақсатта ауданда есімі берілген Шәкен Ниязбеков ауылында арнайы орнатылған «Ту тұғыры» аллеясында ауыл тұрғындарының қатысуымен халықты отансүйгіштікке баулитын мерекелік кеш өткізіліп, артынша «Ақындар адалдықты жырлайды» атты облыстық жас ақындар айтысымен жалғасты.
– Өзіңіз мемлекеттік қызметтің баспалдағынан өтіп келе жатқан жастың бірісіз. Осы саланы таңдауға не себеп болды?
– Мемлекеттік қызмет адамды көп нәрсеге бейімдейді. Әсіресе жастар бұл салада адал, шынайы, бар ынта-жігерімен жұмыс істесе, алдағы уақытта кез келген саланы іліп алып кететініне сенімім мол. Ең бастысы, адам қай саланы таңдаса да сатылы түрде өз мамандығын меңгергені жөн деп есептеймін. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өзгелерден киім үлгісімен, сөз сөйлеу мәнерімен дараланып тұратын, қоғамдағы маңызды мәселелерге орамды ойларын жеткізетін мемлекеттік қызметшілерге қарап, бой түзеп өстік. 2011 жылы орта мектепті аяқтап, мен де сол азаматтар сияқты боламын деген оймен Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне барып, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын таңдадым.
Ол мамандық мемлекеттік саясат, мемлекеттік басқару теориясы, экономиканы мемлекеттік реттеу, мемлекеттік басқарудағы стратегиялық жоспарлау және тағы басқа бағыттарда терең білім алуыма, өңірдегі ірі мемлекеттік органдарда тәжірибе жинауыма мүмкіндік берді. Мемлекеттік қызметке дейін бұрынғы «Nur Otan» партиясының жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының Тараз қалалық, Жамбыл аудандық бөлімшесіндегі қызметім мол тәжірибе берді.
Міне, бүгінде жалпы еңбек өтілім 10 жылдан асты. Оның ішінде 4 жылдан бері мемлекеттік қызметтемін. Мемлекеттік қызметке алғаш кіргендегі берген антым, міндеттерімді саналы түрде жауапкершілікпен түсініп, орындауға негіз болып келеді.
Әр мемлекеттік қызметші өз бойында жасаған іс-әрекеттері үшін жауапты болуды жоғары мәдениет ретінде орнықтырып, жұмысын жазадан, сыннан немесе бақылаудан қорыққандықтан емес, өзінің ерік-жігерімен, ниетімен адал орындаса ғана үлкен белестерді бағындырары сөзсіз. Ал мемлекеттік қызметкерлер үшін жасалған қолдаулар мен мүмкіндіктер мен секілді жастардың ынтасын оятып, жұмысқа қызығушылығын арттырады.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке орналасқан әрбір жастың Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте, мемлекеттік қызметтегі білікті мамандардан тағылымдамадан өтулеріне, кәсіби-тұлғалық болмысын дамытуға мүмкіндіктері көп. Сонымен қатар жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратурада, доктарантурада жұмыс орнын сақтай отырып, мемлекеттік грант есебінен білімін жалғастыруына жағдай жасалған. Жыл сайын 24 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні ерекше аталып өтіп, мерекенің мәртебесі артуда. Менің мемлекеттік қызметте жұмысымды жалғастыруға өңіріміздегі облыс әкімінің жүлдесі тағайындалатын «Әулиеата жастары» жобасы ерекше әсер етті. 2021 жылы жобаға қатысып, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясын иелендім. Бұл мен үшін үлкен жетістіктердің бірі.
– Аудандық ішкі саясат бөліміне қандай идеялармен келдіңіз? Іске асыру жағы қалай болып жатыр?
– Осы жылдың 18 тамызында Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы болып тағайындалдым.
Ішкі саясат бөлімінің миссиясы – ішкі саяси тұрақтылықты, ел бірлігін қамтамасыз ету және қоғамды топтастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру. Алдыңғы басталған жұмыстарды жалғастыра отырып, қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған шараларды күшейтуді қолға алғанбыз.
– «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» жөніндегі комиссия жұмысы туралы айтсаңыз.
– Мемлекет басшысының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» құру туралы 2020 жылғы 24 қарашада №456 Жарлығы шыққанын білесіздер.
Өңірімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігінің қаулысымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі облыстық комиссия құрылып, жұмыс жоспары және жұмысшы тобының алгоритміне сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Комиссия құрамына тарихшылар, архившілер, мемлекеттік мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері енгізілген. Ауданда 269 саяси қуғын-сүргін құрбаны тіркелген. Аталған азаматтарға ай сайын 4 244 теңге көлемінде әлеуметтік төлем төленуде. Жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жоспарлы шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен зұлмат жылдар құрбандарының басынан кешкен оқиғаларын суреттеу мақсатында арнайы қойылымдар көрсетілімі, барлық кітапханаларда тақырыптық көрмелер мен бұрыштар, әлеуметтік желілерде жастар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының онлайн кездесуі, білім беру ұйымдарында тақырыптық ашық сабақтар өткізілуде.
– Жастар – қоғамның негізгі күші. Жалпы ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жұмысын білсек? Жұмыссыз жастарды қолдауға байланысты қандай жұмыстар жүзеге асуда?
– Жастар дегенде ойымызға әуелі еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы түседі. Аудан тұрғындарының 33,4 пайызын 18-35 жас аралығындағы жастар құрайды. Бүгінгі таңда ауданымызда талай белестерді бағындырып, өзін-өзі дәлелдеген жастарымыз жеткілікті.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекетіміз өскелең ұрпақты қоғамның маңызды стратегиялық ресурсы ретінде танып, жастарымыздың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп келеді.
Азаттық таңы атқан 1991 жылы мемлекеттік жастар ісі жөніндегі комитеті құрылып, 2004 жылы жастарды мемлекеттік тұрғыдан қолдау бағыттары мен механизмдерін, олардың әлеуметтік және саяси тұрғыдан қорғалуын анықтаған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы қабылданғандығын білесіздер. 2015 жылы ел дамуының қазіргі кезеңдегі шындығымен санасқан «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа Заңның қабылдануы маңызды қадам болды. Мемлекеттік жастар саясаты көбіне еліміздің сәтті дамуына негіз болды және жастардың лайықты буынын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Мемлекет тарапынан тиімді жастар бағдарламалары мен жобалары әзірленіп, жүзеге асыруға көп көңіл бөлінуде. Жастардың жан-жақты интеллектуалдылығын, кәсіби тұрғыдан шыңдалуын және денсаулығын жақсартып, өмірден өз орнын табуы үшін әлеуметтік-экономикалық бейімделуіне, қоғам өміріне белсенді қатысуына ықпал ету мақсатында мемлекетіміздің бастамасымен және қолдауымен «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жас отбасы», «Серпін-2050» жобалары жүзеге асырылуда.
Жамбыл ауданында Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша жұмыс жүргізетін аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінде 34 қызметкер жұмыс істейді. Мекеме ғимаратының сәулетіне дәулеті сай.
Аудан жастарына мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулар үздіксіз көрсетіліп, жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бойынша нәтижелі көрсеткіштеріміз бар.
Ағымдағы жылы 1740 жас жұмысқа орналастырылды, яғни тұрақты жұмысқа 670 жас, әлеуметтік жұмысқа 27, ақылы қоғамдық жұмыстарға 327, «Жастар практикасы» бағдарламасымен 222, «Алғашқы жұмыс орындары» бағдарламасымен 53 жас жолдама алса, электронды еңбек биржасы арқылы 66 жас оқып, 2 жас «Ұрпақтар сабақтастығы» бағдарламасымен жұмысқа жолданды.
Президентіміз «Біздің жастарымыздың бойында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажет» деп ерекше атап өтті. Осы бағытта «Бастау бизнес» жобасын 298 жас оқып, 22 жас жеке кәсіптерін бастауға қайтарымсыз грант, 53 жас 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алды.
2019 жылдан бастап өңірімізде «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Аудандағы Бесағаш, Өрнек, Қаракемер ауылдық округтерінде сәтті іске асырылып, Тоғызтарау, Айша бибі, Қарасу ауылдық округтерінде ағымдағы жылы жұмыстар жалғасуда. Жоба аясында жеке кәсібін бастағандардың басым бөлігін жастар құрайды.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ағымдағы жылы 20 адамға көтерме жәрдемақы, 4 адамға тұрғын үйге несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге 1 жас тұрғын үй алу үшін несие рәсімдеген.
Қазіргі кезде қоғамда NEET жастар деген ұғым қалыптасқанын білесіздер. Олар – еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін жастар. Ауданда бұл санаттағы 37 жас анықталып, жұмысқа орналастыру, қоғамға бейімдеу мақсатында арнайы жұмыс жоспары бекітілген.
Сондай-ақ адрестік жұмыстар жүргізіліп, әлеуметтік мәртебесін анықтау үшін «е-Собес» бағдарламасы және тиісті жауапты мекемелер арқылы картаға енгізілді. «Жасыл ел» еңбек жасағына 100 жас жұмысқа тартылып, кеңес беру алаңдарына – 39, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне – 9, Жастар ресурстық орталығының басшылық құрамымен қоғамдық қабылдауларға 29 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
«Кеңес беру алаңдары», «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі», Жастар ресурстық орталығының басшылық құрамымен қоғамдық қабылдаулары, тағы басқа жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында 14 мыңга жуық жасты қамтыған түрлі форматтағы 900-ге жуық іс-шара өткізілді. Түрлі бағыттағы үйірмелер өткізетін 3 аула клубы тұрақты түрде жастарға қызмет көрсетуде.
Асқақ арманымыздың бастауы болған тәуелсіздік – әрбіріміз үшін қасиетті ұғым. Ата-бабамыздың сан жылғы күресімен келген егемендікті аудан жастары қадір тұтады. Жастардың тәуелсіз еліміздің тарихы, әдебиеті, мәдениеті туралы білімін кеңейту, оларға ұлттық құндылықтарды насихаттау маңызды міндет болып қала береді.
– Ауданда дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Ауданда 32 мешіт, 12 ғимарат ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлар (намазхана) ресми мемлекеттік тіркеуден өткен.
Ауданда 40 діни қызметкер бар, олардың 15-і жоғары білімді, 16-сы орта білімді, 9-ы арнайы діни курстан өткен.
Аудан тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру мақсатында дін саласындағы аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы мен ауылдық округ жанындағы мобильдік топтар құрылып, жоспарлы түрде жұмыс атқаруда.
ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №953 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын» орындау мақсатында құрылған аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында 6 мүше бар. Олардың екеуі теолог маманы.
Аудандық 1 ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. Аталған топ құрамында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен ардагерлер кеңесінің өкілдері және облыс әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу» орталығының Жамбыл ауданы бойынша инспекторы бар.
Ауылдық округ әкімдіктерде 17 дін саласындағы мобильдік топтың құрамында 90 адам бар. Аталған топ құрамында ауылдық округ әкімінің бас маманы, ауыл имамы, тарих пәнінің мұғалімі, этномәдени бірлестіктер мен ардагерлер кеңесінің өкілдері бар.
Мобильдік топтардың жұмыс жоспарлары жергілікті ауылдық округ әкімдерімен бекітіліп, жыл басынан бері 93 түрлі форматтағы іс-шара өткізіліп, оған 2 776 тұрғын қамтылған.
Биыл дін саласы бойынша медиа-жоспарды аудан әкімінің орынбасары бекітіп, жыл басынан бері «Шұғыла-Радуга» газетінде «Зайырлы ел – қайырлы ел», «Жат ағымның қаупі мен қатері», «Бір ел – бір болашақ», «Дінаралық келісім – ел болашағының кепілі», «Таблиғи жамағат» – экстремистік ұйым» және басқа тақырыптарда 8 мақала жарияланған. Бұдан бөлек интернет кеңістігінің әлеуметтік желілерінде қарсы насихат жұмыстары «dini_zhambyl» «Instagram», «Facebook»-тегі парақшасы арқылы жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері аталған парақша арқылы 126 пост жарияланып, 8 000-нан аса адам қамтылған.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі арқылы дін саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру, консультациялық ағартушылық жұмыстарын жүргізу мақсатында осы жылға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жамбыл ауданына білікті теологтар мен дінтанушыларды тарта отырып, ақпараттық-түсіндіру, консультациялық, ағартушылық және оңалту жұмыстарын жүргізу» тақырыбындағы әлеуметтік жобаға 1 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Жат ағымдармен күрес күн тәртібінен түспейді.
Есепті мерзімде дін жөнінде ақпараттық-түсіндіру шаралары бойынша 96 түрлі форматтағы іс-шара өткізіліп, олармен 4 мыңға жуық тұрғын қамтылды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айжан ӨЗБЕКОВА