Ардагер, ұстаз Қыдырбаев Дүйсенғали Мешітбайұлының зейнетке шығуына орай кіші футболдан турнир өтті

Ұлтымыздың ұйытқысы, берекесі қайда десеңіз, ауылда дер едім. Соның тағы бір айғағы, батыр бабамыздың атындағы «Биназар» ауылы осындай берекесі келіскен, ынтымағы артқан ауылдардың бірі. Алдыңғы буын ағалардың салған жолына түскен ауыл жастары да елді мекендегі тәртіп пен татулықты қолдай отырып, бос уақыттың барлығын спортқа арнайды. Спорт дегенде құр допты алып, бір-бірін қуалап жүрген құрғақ ойын емес, аудан, облыс, республика көлемінде, тіпті халықаралық жарыстарға да қатынасып, жүлделі орындардан көрініп жүрген жастар жетерлік. Ал бұл жастарды спортқа баулып, осындай дәрежеге жеткізіп жүрген Ұлағатты Ұстаз, «ҚР дене шынықтыру саласының үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері, Жамбыл облысына еңбегі сіңген қызметкер —  Қыдырбаев Дүйсенғали Мешітбайұлы. 63 жасқа келгенше қолында допты шыр айналдырып, шәкірттерімен спорт алаңында жаттығудан жалықпайтын ағайымыз бүгінде зейнет жасына жетіп, осы «Биназар» ауылында дүбірлеткен той өтті. Шәкірттері, әріптестері Шоқабаев Марат, Көлбаев Байділда, үлкен азаматтардың ішінен Көлбаев Абибулла мен ауыл жастары ұйымдастырып ауылдың он көшесінен командалар шығып, кіші футболдан ағайларының атынан турнир өткізді. Ауыл жастары еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды. Мақсат: футболдан турнир өткізу ғана емес, сонымен қатар ұрпақтардың сабақтастығы, ұстазға деген құрмет,  құнды тәрбиелік мәні бар жақтарын да қарастыру болды. Бас жүлдеге ауыл кәсіпкері, әрі спортсүйер азамат Макушев Валихан бір тай қойып, әр орынға қомақты сый-сияпатты да демеушілер үйіп тастады. Немересі Қуанышұлы Нұрали «Үздік шабуылшы» номинациясына ие болып, атасының мерейін өсіріп тастады.  Бұл тойдың тағы бір ерекшелігі, ауыл жастары мен шәкірттері Дүйсенғали ағайларына зейнетке шығу құрметіне қазақы дәстүрмен басына бөрік, иығына шапан жауып, аяғына саптама етік кигізіп, қолына үкілі домбырасын ұстатып, астына жарау ат мінгізді.

«Ұстаздық — ұлық емес, Ұлы қызмет», деп Бауыржан Момышұлы айтқандай ұлы қызмет иесі Дүйсенғали бауырымыз шәкірттерінің ғана емес , олардың ата-аналарының да, халықтың да алғысына ие жан екендігін көрсетті. Ал «Биназар» ауылының азаматтарының игілікті істері көпке үлгі болуда.

Кисе киім жарасқан, мінсе тұлпар,

Саған ғана бұл игілік, басқа кім бар?

Қанатын кеңге жайған емін-еркін,

Жастарға үлгі болған алып сұңқар.

 

Ел тұрғанда еленбестен қалмаған,

Жер тұрғанда, өңірі жоқ бармаған.

Дүйсенғали — елімнің арда ағасы,

Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған,

 

Адамдықтың арына терең бойлаған,

Ұлы адам, ұстаз адам, ойлы адам.

Көктегі күн — ұстаздың бір мысалы,

Жарық сыйлап, қараңғыны байлаған.

 

Жігіт болдың, алып-жыққан белдіні,

Аға болдың, сарқылмаған елдігі.

Ата болдың абыройлы, ардақты,

Бейнетіңнің зейнетін көр ендігі.