ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

5 қазан — Мұғалімдер күні Жамбыл ауданы М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде «Ұстаз – ұлы есім!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, аудандық мәслихат төрағасы Мұхтар Шайдаев, «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы Талап Әбідбеков және аудан ұстаздары қатысты.
Мерекелік кеште аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы барша ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтады.
— Ұстаз – ұлағатты есім. Адам баласын білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, адами қасиеттерді шәкірт бойына дарытуда, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі орасан.
Құрметі ұстаздар мен білім саласының ардагерлері! Сіздерді мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыстар, ігі жақсылықтар мен мейірім тілейміз, — деген аудан басшысы түрлі деңгейдегі марапаттарды табыс етіп, сый-сияпат табыс етті.
Сондай-ақ аудандық мәслихат пен АМАНАТ партиясы аудандық филиалдарының төрағалары, аудандық білім бөлімінің басшысы Зауре Садуақасова, Білім беру қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитеті филиалының төрағасы Бауыржан Валиев та ұстаздарға марапаттар табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Мерекелік шарада ардагер ұстаздарға да естелік сыйлықтар және төсбелгілер табыс етілсе, өнерпаздар әннен шашу шашып, мұғалімдер көңіліне көктем ұялатты.