Жамбыл облысында үздік ұстаздарға құрмет көрсетілді
«Баласағұн» орталық концерт залында Ұстаздар күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
— Биыл алғаш рет еліміздегі Ұстаздар күні 5 қазанға бекітілді. Бұл ұстаздарға деген құрметтің бір көрінісі деп білемін! Мемлекет басшысы өз сөзінде «Ұстаздық – ең асыл мамандық. Біз мұғалімдерді құрметтейміз, өйткені олар жоғары деңгейдегі тұлға. Елімізде ұстаздар қашанда ерекше құрметке ие», — деп атап өткен болатын.
Президентіміз қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заң барша мұғалімдердің мәртебесін арттыруға бағытталды. Елімізде ұстаздардың еңбегін жоғары бағалау, жыл сайын олардың еңбекақысын көтеру, біліктіліктерін арттыру және жұмыстарын жеңілдету шаралары қабылдануда.
Педагогтердің алаңсыз шығармашылықпен айналысып, еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалуда, — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, облыста 40 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Биыл 14 жамбылдық ұстаз республикалық байқауда жеңімпаз атанса 31 мұғалім халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
Академик Асқар Жұмаділдаев атындағы және IMPACT халықаралық шығармашылық байқауларында ұстаздарымыз командалық есепте екінші орын алды. 2012 жылдан бері 41 мұғалім «Үздік педагог» атағына ие болған.
Мерекелік жиында Ербол Қарашөкеев қатысушылармен өңірімізде білім және денсаулық сақтау салаларына өзгерістер енгізу бойынша жоспарларымен бөлісті. Бұдан былай мектеп, колледж директорларының және ауруханалардың бас дәрігерлерінің бос лауазымдарына конкурс әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіледі.
Білім және денсаулық сақтау салаларында облыстық деңгейде кадр резерві құрылады. Оның үміткерлері болашақта директор, салаға қатысты мекемелердің басшысы бола алады.
Салтанатты жиын марапаттау рәсіміне ұласты. Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Забида Ахмедоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» жоғары атағы берілді.
Сондай-ақ, облыстың білім саласының дамуына зор үлес қосқан ұстаздар «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Өңірдегі білім ұяларының дамуына саналы ғұмырын арнаған ардагер ұстаздарға 100 мың және 150 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
Мерекелік шара Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.