Таразда мектеп оқушысы «Шахмат керуенінің» финалына өтті
2000 жылдан астам тарихы бар ежелгі Тараз қаласына «Шахмат керуені» келіп тоқтады. Керуеннің келу қарсаңында «Көне Тараз» этномәдени кешенінде мерекелік шара өтті.
«Шахмат керуені» сияқты мәртебесі биік, дүбірлі доданың қасиетті Әулиеата жерінде өтуі – спортсүйер қауым үшін үлкен мәртебе. Бүгінде Жамбыл өңірінің шахматшылары республикалық, халықаралық деңгейде биік белестерді бағындыруда. Облысымызда бұл спорт түрімен клуб, секция және үйірмелерде 13 мыңнан астам адам шұғылданады. Осы жоба өңір жастарының әлемдік аренаға шығуына мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деді Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров.
Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асып жатқан республикалық жобаның мақсаты – өңірлерде шахмат спортын кеңінен насихаттау.
«Елімізде соңғы жылдары шахмат спорты өте қарқынды дамып келеді. Ең үлкен жетістігіміз – Польшада өткен топтық чемпионатта біздің қыздарымыздың екінші орынға ие болуы. Енді осы интеллектуалды спорт түрін аймақтарда дамыту үшін «Шахмат керуені» жобасын қолға алдық. Бұл біз тоқтаған оныншы қала болса, алда әр жартылай финалдан жеңіп шыққан 60 адам қатысатын үлкен турнир күтіп тұр», – деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов.
Вице-президент атап өткен гранд-финал 10 қараша күні Түркістанда өтеді. Оған дейін автокеруен еліміздің 18 аймағын аралап шықпақ.
Салтанатты шара барысында Қазақстан шахмат федерациясының Жамбыл облыстық филиалы ашылып, оның төрағасы болып кәсіпкер, меценат Қуат Қожамжаров сайланды.
Этномәдени кешенде тігілген мобильді киіз үйде халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Мадина Дәулетбаевамен бір мезеттік ойын сеансы өтті. Сонымен қатар онда облыстық кезеңнен іріктелген 20 адам арасында шахматтан турнир болды.
Төрешілер шешімі бойынша І орынды Қуандық Қыдырмұхаметов иеленсе, ІІ орын 16 жасар мектеп оқушысы Илья Кармаевқа бұйырды. Ал Жандос Адибаев осы маңызды үштікті түйіндеп, ІІІ орынға жайғасты.
Аталған жеңімпаздарға 100 000, 50 000, 30 000 теңге көлемінде сыйақы берілді. Және олар Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады.
Сондай-ақ жартылай финалда «Қыздар арасында үздік көрсеткіш» аталымы бойынша Жәмила Рысбек марапатталып, «16 жасқа дейінгі үздік нәтиже» көрсеткен Алихан Сарман мен «50 жастан асқандар арасындағы үздік ойыншы» Тельбай Садықов ақшалай сертификаттарға ие болды.
@ffin.kz
@kzchessfederation @ernur_berikuly