Жауғаштанудың жолы

МЕРКІДЕ ХАС БАТЫР, ҚАҺАРМАН ЕЛШІ ЖАУҒАШ ҚЫРБАСҰЛЫНЫҢ 290 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ. ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН БІРГЕ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕГЕНДЕ, АҚТАҢДАҚТАР АРШЫЛЫП, ӨШКЕНІМІЗ ЖАНҒАН ЕДІ. БІР СЕРПІЛІП, ТАРИХИ САНАМЫЗ ЖАҢҒЫРЫП, РУХАНИ ТҮЛЕГЕН КҮНДЕР БОЛДЫ.

Меркі ауданындағы Папанин ауылы Жауғаш батыр атымен аталды, Меркінің орталығында еңселі ескерткіші бой көтерді, мектепке, әр ауылда көшелерге есімі берілді. Әсіресе, Жауғаш Қырбасұлы кіндігінен өрбіген ұрпақтары үшін кең тыныс ашылды, ата-бабасының есімін мақтанышпен атап, күш-қуат алды. Әртүрлі режимнен жасырып келген батырға тән жәдігерлер (жеңіс туы, найзасының ұшы, киіз үйінің алтындатылған босағасы, дұға кітапшасы, т.б.) ашық көрсетіліп, алды мұражайларға қойылды, халық игілігіне жарады. Өткен тарихымыз бен ертеңгі болашағымызды сабақтастыруда, жас ұрпақты елдік рухта тәрбиелеуде жауғаштанудың берері әлі де көп. Конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – осындай игілікті істерге жаңа тыныс беріп, бүгінгі күннің талабына сай жаңғырту еді.

Меркі аудандық Мәдениет үйінде өткен конференция жұмысы «Қоралас Жауғаш батыр» атты деректі фильм көрсетілімімен ашылды. Фильмнің сценарийін белгілі байбарыстанушы, Египет ислам мәдениеті университетінің Байбарыстану орталығының жетекшісі Қайрат Сәки жазған. Жүзге тарта деректі және көркем фильмдерді экранға шығарған танымал режиссер Жаңабек Жетірудың ізденістері мен көркемдік шешімі көпшілік көңілінен шықты. Деректі фильмде Жауғаш батыр өмірінің тағылымды тұстары сәтті баяндалады, терең мазмұнымен ерекшеленеді және көрерменіне жылы әсер қалдырады.

Конференцияның ұйымдастырылуына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысы мен Меркі ауданының Құрметті азаматы, профессор Намазалы Омашұлы мұрындық болып, жұмысын да өзі жүргізіп отырды. Кіріспе сөзін «Жауғаштану Шоқан зерттеуінен басталған» дей келе, батырдың ғибратты ғұмырын зерттеу мен насихаттаудағы бірнеше кезеңге шолу жасап, оған өз үлесін қосқан қайраткер тұлғалардың еңбегін атап көрсетті. Еліміздегі бүгінгі қоғамдық өзгерістерге байланысты жауғаштанудың жаңа кезеңі туғандығын, оның себептері мен болашағын таратып берді.

Баяндамашы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев Жауғаш Қырбасұлына тән үш қабілетті баса көрсетіп, көшбасшылық пен батырлық, мәмілегерліктің бір бойынан табылуын сирек құбылыс деп бағалады. Жауғаш батырдың өмірінен мағлұмат беретін дереккөздерін талдап, тарихи шығармалардағы келбетін таратып баяндап берді.

Тарихи кезеңдегі Абылайдың туын ұстаған қолбасшыларының бірі болған Жауғаш батырдың дипломатиялық миссиясын Қытай деректері негізінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы таратып айтты. Қазақ елінің мүддесін қорғап, екі мәрте Цин империясына елшілік жолымен барған Жауғаш Қырбасұлының ержүректігі мен шешендігі мұрағат деректерінде тайға таңба басқандай көрініп тұр. Олар ғылыми айналымға түсіп, баспа бетін көрген. Сонымен бірге бұл Абылай ханның жанындағы батыры ғана емес, кеңесшісі, елдің мұңы мен жайын терең білген көшбасшы тұлға болғандығын да дәлелдейді.

Конференцияның салмақты сөзін, сүйінші жаңалығын Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының белді ғалымдары жеткізді. Оны институттың директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті Зиябек Қабылдинов өзі басқарып келді. Өз сөзінде профессор З.Қабылдинов Жауғаш Қырбасұлының 10 қасиетін таратып көрсетті де, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақ елінің тарихы қайта зерделеніп, жаңаша жазылып жатқандығын баяндады. Институт ұжымы 7 томнан тұратын жаңа академиялық жинақты әзірлеп жатқандығын айта келіп, Абылай хан кезеңі туралы айтылғанда Жауғаш Қырбасұлы есімі, оның өнегелі өмірі қарастырылып отырғандығын атап көрсетті. Бұл ақжолтай жаңалықты конференцияға қатысушылар ду қол шапалақтап қарсы алды. Зиябек Ермұханұлының «орта мектептің 7-сынып оқушыларына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының авторы ретінде батыр есімін кітапқа енгізуге уәде беремін», – деген сөзін көпшілік жылы қабылдады. Бұл жауғаштанудағы көп жылғы ізденістің нақты жемісі болмақ.

Тарих институты директорының сөзін жалғап, белгілі ғалымдар Әуезхан Шашаев пен Рашид Оразов Жауғаш батыр тұсындағы батырлық рухтың қалыптасуын кеңінен талдап берді, деректану мәселелеріне көңіл аударып, ерлік дәстүрдің сабақтастығын әңгіме етті. Әлі де қарастырылатын мұрағат көздерін көрсетіп, бұл жұмыстың жалғаса беретіндігіне сендірді.

Танымал журналист-жазушы Мұхтар Қазыбек қазақ-қалмақ қатынастарының тарихына тоқталып, ондағы Жауғаш батырдың айрықша орны бар екендігін жүйелі көрсетіп берді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Айткүл Махаева Жауғаш батыр заманындағы қазақ-қырғыз байланыстары туралы маңызды баяндама жасады. Екі жақтың да деректеріне шолу жасай отырып, Жауғаш батырдың ерлігімен қатар мәмілегерлік саясатына, арағайындылық кемеңгерлігіне көпшілік назарын аударды.

Конференция жұмысына көрші Қырғыз мемлекетінен бір топ өкілдер келіп қатысты. Қырғыз-Ресей Славян университетінің профессоры Туратбек Суранаев көршілердің ыстық ықыласын жеткізіп, Жауғаш батырдың екі ел арасын ымыраға келтіріп, шекарасын белгілеп берудегі тарихи еңбегін жоғары бағалап, құрметпен қарайтындығын сөз етті. Кейінгі тарихы ортақ, мәдениеті жақын, тілі де бір көрші елдің болашағы да достық пен сыйластықтан тұратындығын баса көрсетті.

Ардагер журналист, Меркі ауданының Құрметті азаматы Бектұрған Жамбабаев өз сөзінде жауғаштанудың бастауларына, оған үлес қосқан азаматтардың қайраткерлігіне тоқтала келіп, жас ұрпаққа тәрбие берудегі маңызын атап көрсетті. Бұл ойды «Жауғаш батыр» қоғамдық қорының төрағасы, батырдың жетінші ұрпағы Өсімжан Омаров жалғап, конференция жұмысын қорытындылады. Осындай алқалы жиынды, ғылыми сараптауды ұйымдастырудың бірнеше әрекеті болғандығын, бірақ соның сәті биыл ғана түскендігін сөз етіп, бұл батыр ұрпағының, ағайын-туыстың абыройлы ісі болды дей келе, атсалысқан ғалымдарға, үлкен ықылас танытқан аудан жұртшылығына ризашылығын білдірді. Батырдың 290 жылдығына арналған шаралар алдағы күндері мерейтойлық концертпен және ұлттық ат спорты ойындарымен жалғасады. Осының бәрі халықтың бірлігі мен ынтымағы, рухани дүниеге сусаған сұраныстарының арқасында өз күшімен және белсенділігімен жүзеге асуда.

Конференция аясында бірнеше кітаптың тұсаукесері жасалды. Көлемі 40 баспа табақтан асатын «Жауғаш батыр» атты кітапта Жауғаш Қырбасұлының өмірі мен ерлігін баяндайтын тарихи зерттеулер мен әдеби туындылар, дастандар мен өлеңдер, деректі хикаяттар жинақталған, мол деректерімен ерекшеленеді. Жинақты Мұхтар Қазыбек, Нағашыбек Қапалбекұлы және Мадет Қожакеев құрастырған. Араб тілінің маманы, дипломат, байбарыстанушы Қайрат Сәкидің «Қоралас Жауғаш батыр» кітабы да мұрағат деректерін талдау арқылы, сілтемесін бере отырып, ғылыми жүйелеуімен ерекшеленеді. Жауғаш батыр өміріне қатысты дереккөздер мен жәдігерлер көпшілікке түсінікті тілде, жүйелі беріледі, мағлұматқа бай. Сонымен бірге конференцияда жасалған баяндамалардың толық мәтіні арнайы кітап болып басылып, тегін таратылды, кітапханаларға берілді.

Конференция осылай жан-жақтылығымен көпшілік көңілінен шығып, жүректерге жылылық ұялатты, әдемі естелік пен тағылымды ой сыйлады. Батырдың мерейтойлық шаралары адамдарды жақындастыра түсті, көңілін өсіріп, мерейін тасытты. Олжамыз сол — Жауғаш Қырбасұлының жарқын образы сомдалды, ұрпағына үлгі ерлігі мен өрлігі ғылыми айналымға түсті, салихалы ойлар ортаға салынды, бірнеше кітап баспа бетін көрді, қайта-қайта көріп, көруден жалықпайтын деректі фильм өмірге келді.

Міне, осындай ыждаһатты ізденістің нәтижесінде батыр есімі академиялық тарихи еңбекке енбек, болашақта мектеп оқулығынан да есімін оқитын боламыз. Конференция барысында айтылған деректер мен дәйектерден Жауғаш Қырбасұлы бір рудың, болмаса аймақтың ғана батыры емес, бүкіл қазақ халқына ортақ тарихи тұлға, кемеңгер қайраткер, қаһарман елші, ділмар шешені деген қорытындыға келеміз. Оның ғұмыры кейінгі ұрпаққа өнеге, жол көрсетер темірқазық. Бұл жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеп, жамандықтан қорғап, жасампаздыққа жігерлендірген еркін де әділетті қоғамның басты мұраттарының бірі. Атқарылатын шаралар мұнымен де тәмамдалмайды.

Ғалымдар тобы әлі де тың дерек көздерін іздестіру, жекелеген фактілерді нақтылай түсу керектігіне назар аударды. Жауғаш батырдың ерлігі көркем фильмге, драмаға арқау болса, мектеп оқушылары үшін шағын сахналық қойылымдардың сценарийі жазылса, жыр кейіпкеріне айналса, сөйтіп, әр жас жүректе ұяласа деген тілектер де ақтарылды.

Көптің белсенділігімен жүзеге асқан мерейтойлық шаралар осылай көптің ізгі арман-мұраттарымен ұштасып жатты. Алда да Жауғаш батырдың рухы қолдап, игілікті істерге бастай берсін!

Аязби АҚБЕРГЕНҰЛЫ,

ғалым-журналист.

Меркі ауданы