ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» ЖОБАСЫ САРЫСУҒА КЕЛДІ

Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Достық керуені» жобасы ауданымызға келді.
«Достық керуені» жобасының мақсаты – өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының этно-мәдени бірлестік мүшелерінің халықпен кездесулер өткізуі, этносаралық саладағы тәуекелдердің алдын алу үшін жастар, мәдени және басқа да құрылымдар нысанындағы диалог алаңдарының жұмысына қатысу.
Арнайы бағдарламаға сәйкес, «Достық керуені» жобасының құрамындағы облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің өкілдері «Ақсақалдар кеңесі-ел бірлігінің кепілі» тақырыбында аудандық Ақсақалдар, аудандық алқа билер кеңесі, этно-мәдени орталықтар мүшелерімен кездесу өткізсе, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері ауданымыздағы аналар кеңесінің белсенді мүшелерімен, этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілерімен көшпелі отырыстар өткізді.
Алқалы топта сөз сөйлегендер өз ойларын, ұсыныс пікірлерін ортаға салды. Жиын барысында этносаралық қатынастарды одан әрі нығайту, ұлтаралық келісім, жастар тәрбиесі, жат ағымдардан аулақ болу, кеңес жұмысын жандандыру туралы айтылып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
«Достық керуені» жобасы аясында келген өңірлік Ассамблея жастары аудан жастарымен кездесті. Аудан және этнос жастары арасында Қазақстан халқының ұлттық ойындары спартакиадасын өткізіп, Жаңатас көпсалалы колледжінде мектеп оқушыларына арналған «Менің елім, Менің Қазақстаным» атты тимбилдинг жұмыстарын жүргізді. Өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің жастары #PROANK #Assembly_jastary тақырыбында этнос жастарымен, білімгерлермен арнайы кездесулер өткізді.
Аудан және этнос жастары арасында өткен шараларға белсене атсалысқан жастарға Алғыс хаттармен, сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар, жоба аясында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты облыстық фестиваліне іріктеу өтті. Іріктеуге мектеп оқушылары және колледж білімгерлері арасындағы этнос жастары қатысты. Фестивалдің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттау, еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру. Іріктеуде жақсы өнер көрсеткен жастарымыз облыстық фестивалге жолдама алды. Барлық қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Аудандық Балалар-жасөспірімдер орталығында жас суретшілер мен қолөнершілер арасында «Бірлік-әралуандықта» атты байқау ұйымдастырлып, байқауға этнос жастары мен оқушылар қатысты. Байқау жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан марапатталды.