Еңбек адамы – қоғамның басты байлығы
Еңбек адамы десе, адамдардың ойына алдымен кәсіподақ ұйымдары оралатыны анық. Өйткені, оның құқығын қорғайтын да, көмек беретін де бірден-бір қоғамдық ұйым ол – кәсіподақтар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы алдымызға үлкен міндеттерді жүзеге асыруға бастамашы болып отыр. Онда еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшылардың жалақысын көтеру мен олардың құқықтарын қорғау бағыттары көрініс тапқан. Бүгінгі күні біздің де жұмысымыз осы бағытқа құрылған.
Жолдаудың мақсаты–экономика, мемлекеттік басқару және азаматтық институттар қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдар векторын күшейту. Бірінші кезекте инновациялық жобаларды дайындау, жүзеге асыру, ішкі нарықты дамыту мен қамтуға тиімді әсер ететін отандық өндірушілерді қолдау. Әсіресе жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын тиімді қолдау экономиканы нығайтады және оны экспортқа тәуелді етпейді. Бұл мақсаттарға жету үшін мемлекет қоғамды және оның санасын одан әрі демократиялық қайта құру жолымен жүруі керек. Бұл талаптар бізге қысқа мерзімде еліміз бен қоғамды жаңа, сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін әрбір қазақстандық үшін міндетті болуы қажет.
Бүгінде облыстық кәсіподақтар бірлестігіне аймақтағы экономиканың әр саласын қамтитын 14 салалық кәсіподақ ұйымы қарайды. Олар осы ұйымдардың жұмысын үйлестіріп, еңбек адамдарының жағдайын жасап отыр. Бұл кәсіподақтарда 1404 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Онда 124370 еңбек адамы мүшелікке тартылған.
Барлық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары Үйлестіру кеңесінің мүшесі. Ол кеңестің отырысы тоқсан сайын өтіп, онда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы берген тапсырмалардың орындалу барысы, жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру жұмыстары, жалақы қарыздарына жол бермеу, өндірістік жарақаттың алдын алу, салалық кәсіподақ ұйымдарының атқарған жұмыстарының ақпаратын тыңдау, республикалық «Парыз» және «Еңбек Жолы» конкурстарына қатысу және басқа да кәсіподақтың ішкі қызметінің жұмыстары туралы мәселелер қаралады.
Атап айтсақ, жуырда «Еңбек күні» мерекесі аталып өтті. Мереке аясында ұйымдастырылған республикалық «Еңбек жолы» конкурсында облыстың абыройын арттырған үш азаматымыз үш түрлі номинацияның иегері атанды. Олар: «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Ахметовтар отбасынан Мұрат Ахметов жеңімпаз атанса, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясына «Talas Investment Company» ЖШС қызметкері Ғалым Нұрғазиев, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясына Төле би атындағы №8 гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Дәмелі Бақтыбай ие болды.
Бүгінгі таңда кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары Еңбек заңына сәйкес қорғалған. «Жалпы, кәсіподақ ұйымы еңбек адамына не береді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Атап айтсақ, бүгінгі күні кәсіподақ ұйымына мүше болу еңбеккер үшін келесі тиімділіктерді береді. Атап айтсақ, тегін және сапалы заң кеңесі; Мемлекеттік органдарда, соттарда тегін өкілеттілік; Жалақы есептету, төлету, өндіру; Мәдени-көпшілік, спорттық іс-шараларға қатысу, қамтылу; Материалдық, қайырымдылық көмек пен қолдау; Жеңілдетілген жолдамалар арқылы сауықтыру, тарихи орындарға саяхаттар, балалардың жазғы демалысы және тағы басқа шараларды ұйымдастыру.
Бүгінгі таңда кәсіподақ қызметіндегі ерекше басымдыққа ие бағыттардың бірі – әлеуметтік әріптестік. Бұл жұмыста облыстық кәсіподақ ұйымы өз белсенділігін танытумен қатар, өзекті мәселелер бойынша өз ұсыныстарын білдіруде. Солардың бірі – қолданыстағы облыстық Келісімге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 2022 жылы тіркеліп енгізілген айлық жалақыны инфляция деңгейінен кем емес мөлшерде жыл сайын индексациялау, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, әлеуметтік-еңбек жанжалдары мен дауларына жол бермеу және алдын-алу туралы толықтырулар.
Бұдан бөлек, білім мен ғылым саласының кәсіподақ ұйымы облыстық білім басқармасымен 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы екіжақты келісімшарт қабылдаған. Осындай облыстық екіжақты Келісімдерден саулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподағы мен мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары арасында да қабылданып, жұмыс істеуде.
Жоғарыда атап өтілгендей, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – кәсіподақ мүшелеріне тегін және сапалы заңдық кеңес көрсету, еңбеккерге тиесілі жалақыны дұрыс есептеу және төленбеген жағдайда өндіру. Осы бағытта жыл басынан бері облыстық кәсіподақ ұйымдарының заңгерлері 6485 арыз бен өтінішті қарап, құқықтық кеңестер берген. Кәсіподақ заңгерлерімен еліміздің еңбек заңнамасы негіздерін түсіндіру бойынша 593 құқықтық оқу, семинарлар мен лекциялар өткізілді. Мемлекеттік органдарда, түрлі сатыдағы соттарда кәсіподақ мүшелеріне 7 өкілеттілік көмек көрсетілді.
Кәсіподақ мүшелеріне жеңілдікпен емдеу шипажайларына 2359 жолдама берілді. Сол сияқты кәсіподақ мүшелерінің балаларына жазғы демалысын ұйымдастыру үшін 669 жолдама беріліп, сауықтыру лагерлеріне жіберілді. Кәсіподақ мүшелеріне туристік саяхаттарға берілген жолдамалар саны 3848-ді құрады. Кәсіподақ ұйымдары өткізген мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар саны – 60, онда қамтылған кәсіподақ мүшелерінің саны – 5696 адам.
Жұмысшылардың өндіріс орындарында жарақат алуы облыс көлемінде ғана емес, республика бойынша да алаңдатушылық тудырып отырған мәселе. Себебі, жыл сайын елімізде өндіріс ошақтарында 1200-ден астам өндірістік жарақат орын алып, 200-ден аса адам қаза табады екен. Осыған байланысты ҚР Кәсіподақтар федерациясы осы жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялаған болатын. Ондағы мақсаты – жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің жұмыс орнының қауіпсіздік талаптарына сай болуына, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына баса назар аудару, өрескел еңбек тәртібін бұзуға жол бермеу арқылы өндірістік жарақатты мүмкіндігінше азайту.
Осы жылдың 8 айында облыста 34 жазатайым оқиға орын алып, одан 43 адам зардап шекті. Өкініштісі, оның ішінде 4 адам алған жарақатынан қайтыс болды. Осы жазатайым оқиғаның 11-і «Казфосфат» ЖШС филиалдарында, 4-еуі облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы кәсіпорнында орын алды. Өндірістік жарақаттар орын алған 17 кәсіпорынның 7-де кәсіподақ ұйымдары бар. Зардап шеккен азаматтарға кәсіподақ қаражаты есебінен материалдық көмек көрсетілді. Жедел жәрдем медициналық стансасы ұжымдық шарт бойынша зардап шеккен азаматтарға 190 мың, ал кәсіподақ ұйымы 100 мың теңге материалдық көмек көрсетті. Сол сияқты, «Казфосфат» ЖШС филиалдарында болған 2 өндірістік жарақат алған қызметкерге кәсіподақ ұйымы тарапынан 200 мың теңге көлемде материалдық көмек көрсетіліп, кәсіпорын тарапынан ұжымдық шартқа сәйкес, 700 мың теңге бөлінді. Осы кәсіпорынның «Қаратау» филиалында қайтыс болған қызметкерге ұжымдық шартпен 2 миллион теңге, ал кәсіподақ тарапынан 253 мың теңге көмек берілді. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесін сақтауды үйлестіру мақсатында облыстық кәсіподақ бірлестігінің қызметкерлері жыл басынан бері Тараз қаласындағы ірі өндірістік кәсіпорындарда 6, Талас, Мойынқұм, Шу, Меркі, Жамбыл аудандарындағы кәсіпорындар мен мекемелерде 17 кездесу өткізді.
Кәсіподақ ұйымы – кәсіпорын деңгейінде жұмыс берушімен әлеуметтік әріптес, еңбек дауының алдын алу мен еңбек қатынастарын реттеудің тиімді құралы. 2021 жылдан бері 115 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, ондағы мүшелер саны 5000-ға жетті. Осы жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында облыстық кәсіподақтар бірлестігі осы жылдың қыркүйек айында облыстың барлық ауданында аудандық әлеуметтік-әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссиялардың жұмыстарына қатысты. Онда жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу жөнінде, сол арқылы еңбек адамының мүддесін қорғап, еңбек дауларының алдын алу қажеттігі туралы сөз қозғалып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, облыстық кәсіподақ ұйымдары республикалық Кәсіподақтар федерациясының «Әділеттілік пен дамуға бірілікте!» атты 2020- 2025 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасын негізге ала отырып жұмысын жалғастыруда.
Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,
Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.